Cауда саласы реттеледі
Cауда саласы реттеледі
452
оқылды
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөгісінен кейін өзі бас­қаратын ведомствоның жұмыс жоспарымен таныстырды.
«Нарық субъектілерінің нақ­ты бағалары туралы халықты және бизнесті барынша ақпараттандыру, сондай-ақ бөлшек сауда желілерінің, өндірушілер мен жеткізушілердің тиімділігін қамтамасыз ету қаралады. Екінші жағынан, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің жалпы айналымындағы «айналым схемасын» қар­жы­ландырудың қазіргі көлемі не­бәрі – 4 пайыз. Сондықтан ол нарыққа жеткілікті түрде әсер ете алмайды», – деді Сұлтанов.
Вице-премьер қаражат қозғалысының ашықтығы мен тиім­ділігі артқан сайын қаржыландыру көлемі де кезең-кезеңімен ұлғая түсетінін айтады. Сонымен қатар Сұлтанов негізгі тауарлар балансын қалыптастырудың бірың­­ғай ақпараттық жүйесін дамы­ту туралы ой қосты.

«Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы әзірленеді. Бағдарлама субсидиялау тәсілдерін қарастырады және ішкі нарықты толтыру бойынша тауар өндірушілердің өзара міндеттемелерін қамтамасыз ету бөлігінде саланы қолдаудың бас­қа да шараларын қарастырады», – дейді ол.

Оның айтуынша, мамырда Бас прокуратура 122 базарды тек­серген. Қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі проблема анық­талыпты. Енді министрлік Бас прокуратурамен, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп заңнамалық нормалар әзірлемек. Жаңа нормалар сауданы ұйымдастыру жауапкершілігін базар иесіне жүктеп, нарық үшін біліктілік және инфрақұрылымдық талаптарды белгілеп, отандық тауар өндірушілердің сауда орындарына бәсекеге қабілетті және еркін қолжеткізуін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйені құрады.