Үйірме қаржысынан «үлесін» алмақшы болған
Үйірме қаржысынан «үлесін» алмақшы болған
914
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шымкентте Аrtsport платформасына қатысты ақша ұрлауға талпыныс дерегін анықтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшылығына тексеру жүргізіп, олардың бақылауындағы фирмаларды қолданып Аrtsport платформасы арқылы балалар шығармашылығын жан басына қаржыландыруға бөлінген қаражатты ұрлауды ұйымдастырған лауазымды тұлғаларды тапқан. Енді оларға қатысты тергеу жүріп жатқанға ұқсайды.
«Департамент тергеуінде 10 миллион теңге шамасында Аrtsport ақпараттық жүйесі арқылы балалардың үйірмелерге қатысқаны туралы жалған мәліметтерді пайдаланған ұрлаудың екі дерегі бар», – делінген хабарламада.
Антикор мәліметінше, спорттық мемлекеттік тапсырыс аясында 2022 жылы Шымкент қаласына 2,3 миллиард теңге бөлінген. Бюджет қаражатын иемдену бойынша ұқсас фактілер қосымша тексеріліп жатыр. Соттың санкциясы бойынша, басқарма басшысы қамауға алынған. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды.