Сыбағасы – сөгіс
Сыбағасы – сөгіс
641
оқылды
Соңғы кездері кей министрлер жұмысынан жаңылып, халықтың сынына қалып жүрген. Ақыры елдің назы назардан тыс қалмады. Бейсенбі күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында сылбыр басып жүрген үш министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс алды. Әуелі қымбатшылыққа қауқар танытпай, қант тапшылығын үдеткен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев сыналса, артынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев те сөз естіді. Сонымен, үш министр қандай кемшілігі үшін сыналды, одан басқа қай тұста жаңылды? Саралап көрейік.

Сұлтанов қалай сүрінді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен Сауда министрі мен Ауыл шаруашылығы ми­нистрін қант тапшылығы үшін сынады. Қазақстанның 90 пайыз қант импортына тәуелді екенін, бұған Үкімет жол беріп отырғанын ашық айтты.
«Бұрын ашылған жеті қант за­уы­тының қазір тек төртеуі жар­тылай жұмыс істеп тұр. Ауыл ша­руашылығы министрі қант қызыл­шасының үлесін 2026 жылға қарай алты есеге, 7 пайыздан 43 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Алайда ке­йінгі төрт жылда қант қызыл­ша­сының алқаптары үш есе азайған. Біз 90 пайыз қант импортына тә­уелдіміз. Мұнда Еуразия эконо­ми­ка одағы аясында қабылданған шешімге сілтесек болады, алайда қалай болғанда да бұған Үкімет жол беріп отыр. Олар Үкімет ұс­та­нымын қорғай алмады. Сол се­бепті министр Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жария­лаймын», – деді Тоқаев.
Осыны ескерген Президент Үкімет дереу қант саласын дамыту жобасын жасап, қант импортына тәуелділіктен құтылуға күш салуы керегін жеткізді. Бұдан бөлек, То­қаев халықаралық жағдай ушық­қан шақта азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды.
«Әлемде азық-түлік бағасы 34 пайызға қымбаттады. Бидай – 47 пайызға, жарма 18 пайызға өсті. Қуаңшылықтың салдарынан Еу­ро­одақ, АҚШ, Канада және өзге ел­дердегі астық өнімділігі азаяды деп жатыр. Қазақстанда ауыл ша­руа­­шылығы өнімдерін өсіру қар­қы­­ны баяулаған. Сары май өндірі­сі – 12 пайызға, өңделген сүт – 7,5 па­­йызға, қант – 5,6 пайызға, ірім­­шік 3 пайызға қысқарған. Ал им­порт көлемі 22 пайызға артқан», – деді Мемлекет басшысы.
Министрліктер Президентке 2023 жылы Қазақстан құс еті (қазір импорт үлесі – 40 пайыз), шұжық өнімдері (44 пайыз), балық (60 пайыз), ірімшік пен қатық (50 па­йызға), қант (60 пайыз ), сүт өнім­дері (4 пайыз) бойынша импорттан тәуелсіз болатынын айтқан. Алай­да жағдайды көзіміз көріп отыр. Құр сөз күйінде қалған. Ескі үрдіс­тен шыға алмай, жаңа идеяға ма­құ­рым болғандары жасырын емес. Бәрі үйреншікті жолмен іске аса­ды – әуелі азық-түлік бағасы қым­баттайды, ал Үкімет жауап­кер­шілікті өңірлерге жүктеп, есеп алады, өңірлер есеп үшін ақша ша­шып небір құйтырқылық жа­сайды. Болды. Енді сөгіс алған ми­нистрлер енді қалай қимыл­дай­тынын болжау қиын. Негізі, үшеуі де осы күнге дейін халық тарапы­нан сынға қалып жүрген еді. Егжей-тегжейлі тоқтайық. Сұлтанов неге сұраншақ атан­ды? Өйткені ол ел арасына бюджет қаржысын тиімді пайдаланушы ретінде емес, ысырапшыл менед­жер ретінде танылды. Ол басқа­ра­тын Сауда және интеграция ми­нистрлігі қаржы шығындаудан көз ашпады. Қараңыз, елде пандемия болып, жұрт қашықтан жұмыс іс­теп жатқанда Сұлтанов басқаратын министрлік 136,6 миллион теңгеге қымбат көліктерді жалдады. Goszakup сайтында 2020 жылы 58,4 млн теңгеге 5 автокөлік, былтыр 78,1 млн теңгеге 6 автокөлік тап­сырыс берген. Сол кезеңдерде жұрт­қа жедел жәрдем мен дәрі-дәр­мек жетпей жатқанын ве­домство басшысы білмеді дегенге сенбейміз. Тағы бір дәйек – министрлік құзырындағы QazExpoCongress ұлттық компаниясы ЭКСПО ны­санының айналасына 48,5 мил­лион теңгеге гүл отырғызған. Кон­курс 2020 жылдың 4-29 мамыр арасында өткен. Осы кезеңде елі­мізде індеттен қаза тапқандар кө­бейіп жатыр еді. Сұлтановтың ми­нистрлігі миллион түгіл мил­лиардты да аз көреді. Мәселен, Сауда және интеграция  ми­нистр­лігі былтыр QazExpoCongress-ке бөлінген 3 млрд теңгені азсынып, қосымша ЭКСПО нысанының жұмысы үшін деп бюджеттен 15 млрд теңге сұраған. Оның бәрін қандай қызметке жұмсамақ бол­ды? Түсініксіз. Министр Сұлтанов биыл да бюджеттен отандық өнімдердің экс­порты мен сыртқы нарықта да­муына 3 млрд теңге сұрады. Ве­­домство мұнымен қоймай экспорт үшін тағы 54 млрд теңге сұрады. Сондықтан біз министрді «сұран­шақ» деп текке атап отырған жоқ­пыз. Құптар едік, егер әр тиын қандай іске не үшін жұмсалғанын егжей-тегжейлі түсіндіріп бере алса.

Қуаңшылықтан Қарашөкеев құтқара ма?

Қарашөкеев те халық сынынан ада емес. Абырой болғанда, биыл қуаңшылықтың қарқыны был­тыр­ғыдай болмады. Бірақ оны ми­нистр­дің еңбегіне балаудың қажеті жоқ. Биыл қуаңшылық мүлде бол­мады деу де жөнсіз. Жаз басында Қызылорда, Қарағанды мен Түр­кіс­тан облысында шаруалар бас кө­тер­ді. Құрғақшылық белгісі бай­қалған. Ал Ауыл шаруашылығы басқар­малары алдын ала жемшөп сатып алуға субсидия қарастыр­ма­ған болып шықты. Наразы ша­руа­лар әлі жетерлік. Жайылым жердің мәселесі шешілмеді. Қазір қолда бар азғантай малына өріс таба алмай жүрген ауылдағы тұрғындар жетер­лік. Яғни, жер дауына нүкте қойылмады. Маусым соңында Мәжілісте қантқа қатысты дау шыққанда министр өңірлердегі қанттың бағасын білмейтін болып шыққан еді. Депутаттар Қарашөкеевке ел-жер аралап көруге кеңес берген болатын. Осыдан-ақ министрдің сырт­тан келетін өнімге ғана иек ар­тып, ауыл шаруашылығында қы­зылша өсіруге зер салмағанын аңғаруға болады.

Брекешевтің баянсыз бастамасы

Халық пен Президенттің наза­рына жібі түзу  ісімен ілікпей, сөгіс алған үшінші министр Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрі Серікқали Брекешев. Киіктерді қыру бастамасымен та­нылған шенеунік онсыз да сынның астында қалған. Геология саласы деградацияға ұшырап жатқанда бас экологтің 80 мың киікті қыруға рұқсат етпекші болғаны ерсі көрін­гені рас. Киіктің әр өңірде егінге түсіп жатқанын себеп қылған ве­домство басшысы қаншама на­разылыққа қарамастан позиция­сынан қайтпағандай. Талай рет экологтер киік қырумен мәселе шешілмейтінін айтты. Шаруалар да  олар да бөкендерді қырғанмен, егісіне түсетін киік азаймайтынын жеткізген болатын. Сол кезде «киік қыру жоспарының артында шаруалар емес, басқа тұлғалар­дың мүддесі тұрғандай» деп бол­жа­ған­быз. Қорық­шы­лар­мен бір­ге түз тағыларының меке­нін арала­ған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл да киік қырудан еш пайда жоғын баяндады.
«Мәселе жөнінде мамандар­дың, экологтердің ақыл-кеңесін тың­дадым. Олар киіктерді атумен проблема шешілмейді деді. Себебі бұл – кешенді түрде шешуді қажет ететін түйткіл. Біріншіден, Қазақ­станда су көздері тартылып қалды. Содан ауған ақбөкендер жасанды суарылатын егістіктерді жаға­лай­ды. Екіншіден, жергілікті әкімдік­тер ауыл шаруашылығы жерлерін бейберекет тарата береді, бұл с­а­лада ғылыми негізделген көзқарас жоқ. Салдарынан киіктердің жа­йы­лы­мы да тарылып барады. Киік егін­ге емес, бірінші кезекте бұрын жа­йылған жеріне келеді. Түз тағы­сы адамның емес, табиғаттың за­ңына бағынады ғой», – деді Б.Смағұл.
Шыны керек, осы уақытқа де­йін мамандармен сөйлесіп, талай мәселені баспасөз бетінде жауап­тыларға құлаққағыс болсын деп жария еттік. Киіктердің табиғи миг­рациясы бұзылды, киік табын­дары бір-бірімен араласа алмай қалды. Ақыры генафондтық мәсе­ле шықты. Үлкен автобандарды салған Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігі де киікті көзге ілген жоқ. Жолдардың астынан жануарлар өтуге арналған экодуктер қоймады. Әуелде мәсе­ленің алдын алмаған экология са­ласының жауаптылары енді қару асынуға оқталғаны әділетсіз бола­тын. Сондықтан Брекешевтің сәт­сіз жоспарын «браконьерлерді қолдау» деп бағалаудан басқа амал жоқ. Онсыз да экология саласында мәселе жетеді. Елімізде ауа ласта­нып жатыр, кәсіпорындар зиянды қалдық мөлшерін азайтар емес. Экологияны оңалту бойынша «Па­риж» конвенциясына  қол қой­ған елдің біріміз. Онда мемлекетке жүктелген міндеттер көп. Шамасы, Брекешев осындай мәселелер барын есінен шығарып алса керек. Енді ведомство басшысы мәселені шешуде мамандармен кеңесіп, жөнді жол тапсын деп тілейміз. Министрлердің қарқыны бұ­дан әрі ұзамайтын болса, алдағы уақытта ауқымды кадрлық өзге­рістерді көруіміз мүмкін. Расын айтқанда, қоғам жаңашылдыққа бейім шенеуніктер келгенін қа­лайды. Алайда ескі жүйе бәрінің есін жиғызбай отырғандай.