Ozinshe кинотеатр өмірге келді
Ozinshe кинотеатр өмірге келді
1,085
оқылды
Енді балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақша, эксклюзив контент ұсынатын өзіміздің отандық стриминг-сервисіміз бар. Қазақ тіліндегі фильм, телехикая, ситком, анимациялық жоба, теле­бағдарлама және реалити-шоу тәрізді жалпы ұзақтығы 4 мың минутқа жуық қазақстандық өнімдер Ozinshe атты онлайн платформада жинақ­талған. Болашақта олардың қатары қазақша дубляждалған танымал шетелдік туындылармен де толығады. Неге Ozinshe? Жаңа жоба авторы, журналист, ақын Мақпал Жұмабай бұл идеяның қалай туғанын баяндап берді.
– 2010 жылы тұңғышым Рахман дүниеге келді. Сол кезде алғаш рет қазақ тіліндегі контенттің қажет екенін ана ретінде сезіндім. «Баламды қалай тәрбиелеймін?», «Қалай қазақ қылып өсіреміз?» деген барлық ата-ананың ойында болатын сұрақ менде де туындады. Іле-шала Balapan теле­арнасында жұмыс істеймін» деп шешім қабылдадым. Содан бері менің өмірім балалар контентімен тығыз байланысты болып келе жатыр. Біраз жобаны жасадық, алғашқы қазақ мультсериалын түсірдік. Балам да Balapan-мен бірге есейе берді. Бірақ ол 10-нан асқанда тағы бір үлкен проблемаға кезіктік. Balapan-ның жас категориясы 8 жасқа дейінгі балаларды қамтиды. Ана ретінде қайтадан баланы дамыту, контент іздеу басталды. Ozinshe қоғамдық-әлеуметтік жобасы осылай өмірге келіп еді, – деді ол онлайн кинотеатрдың тұсаукесерінде.
Жоба екі жыл бұрын, пандемияның өршіп тұрған тұсында басталған. Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі мен қоғам белсенділерінің бірге әзірлеген дүниесі осы уақыт ішінде тех­никалық жағынан, контент жағынан жетілдіріліп, бүгін ел назарына ұсыны­лып отыр.
– Бұған дейін Қазақстанда жас­өспірім­дерге арналған платформа жоқ болатын. Жобаны қолға аларда біз аудиторияның сұранысын толықтай зерттеп, олардың қажеттіліктерін дөп басатын контент дайындадық. Отандық дүниелермен қатар әлемнің танымал анимациялық туындыларын жасайтын контент өндірушілермен келіссөздеріміз басталып кетті. Бұл – біздің Балалар жылына арнаған сыйлығымыз, – дейді Ozinshe жобасы жетекшілерінің бірі, журналист Сандуғаш Баймаханқызы.
Неге Ozinshe дейсіз бе? Сервис авторлары «үлкендерге ұқсамайтын өзінше, бөлекше ұрпаққа арналған алаң» болғандықтан, атауын осылай алғанды жөн көрген. Nickelodeon мен Tiji де тамсанды Тұсаукесер рәсіміне келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қазақстандық балалар кон­тентіне қолдау тоқтамайтынын айтты.
– Бұл бастама – мемлекеттің емес, жанашыр азаматтардың бастамасы. Жаңа Қазақстанды құру ісін біз «балаларға қандай тәрбие, қандай контент береміз?» деген сұрақтан бастауымыз керек. Соңғы он екі жылда мемлекет отандық анимацияға қаржы салып жатыр. Отандық анимация мектебі құрылды. Өткенде Nickelodeon мен Tiji өкілдері келгенде бізге таңғалып отыр. «Қазақстанда анимация осынша­лықты деңгейде дамыған деп ойламап­пыз» дейді. Осы жылдың соңында Paramount Pictures Шымкентке келіп, отандық аниматорлармен кездеседі. Әзербайжан да біздің балалар кон­тентіне қызығушылық білдіріп жатыр. Ozinshe жобасына әрқашан қолдау білдіруге әзірміз. Nickelodeon мен Tiji-дан да қазақ тіліне аударылған мульт­фильмдерін сұраймыз, – деді министр.
Жиын барысында Мәжіліс депу­таты, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Балалар жылында құр ұрандатылған шаралар емес, осындай мазмұнды теле­дүниелер өмірге келіп жатқанына қуанатынын жеткізді.
– Ozinshe платформасы – балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік әлеуетін арттыру, эрудициясын дамыту жолында қолға алынған мықты жоба. Жас буынның ақпарат кеңістігі осындай тартымды дүниелермен толығып жатса, нұр үстіне нұр. Біздің елде атаулы әлеу­меттік көмек алатын 10 мың отбасында 625 мың бала өсіп келе жатыр. Олардың болашаққа дұрыс бағыт-бағдар алып ержетуі үшін тегін әрі сапалы контенттің маңызы зор. Енді Ozinshe жайлы еліміз­дің түкпір-түкпіріндегі халық, ауыл-ай­мақ құлақтансын десек, жүрген жеріміз­де насихат жасап жүрейік, – деді депу­тат.
Қандас балалар да қазақша контентке зәру Отандық стриминг-сервис Қазақ­стан­дағы ғана емес, сондай-ақ шетелдегі қандас балалар үшін де үлкен игілік болғалы тұр. «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, бүгінде сыртта шамамен 2 млн-ға жуық қандас бала бар. Олар қазақ тіліндегі ақпараттық өнімге зәру.
– Өткен жолы кіші құрылтайға барып келдік. Сонда Польшада тұратын қазақ қызы келіп, көкейіндегі бір алаңы­мен бөлісті. «Франциядан келген қазақтар французша сөйлейді, Гер­мания­дан келген қазақтар немісше сөйлейді, бір-бірін түсінбейді. Бәрі бірдей ағылшынша не түрікше сөйлей алмайды. Осыған қатты қынжылдым. Сонда менің тілім қайда кетті?» деп көзіне жас алған қандасымыз «шетте жүрген қазақтар үшін қазақтілді кон­тентті көбейтсеңіздер екен» деген тіле­гін жеткізіп еді. Ozinshe тәрізді жобалар дами берсе, солардың игілігін қандас­тарымыз да көреді, – деді Абзал Сапар­бекұлы.
«Егемен Қазақстан» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жаңа қазақтілді платформа бүкіл түркі әлемі тамашалайтын танымал алаңға айналуына тілектестік білдірді.
– Бұрын Алаш қайраткерлері «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген еді. Ендігі уақытта «Қай елдің контенті мықты болса, сол елдің бәсі де биік» деуге болады. Елімізде именбейтін, төменшік­темейтін, өзіндік пікірін қорықпай айта алатын бұла буын өсіп келеді.  Әркез қоғамды дүр сілкіндірген осындай буындар болған. Ozinshe платформасы түркі әлемінің тамсанып көретін тар­тым­ды сервисіне айналарына сенемін, – деді ол.
Өз кезегінде жоба авторы Мақпал Жұмабай Nickelodeon мен Tiji-ді біздің нарыққа кіргізерде мамандарда Balapan-ды ешкім көрмей қалмай ма деген қорқыныш болғанын, бірақ осындай бәсекенің арқасында өз өнімдеріміз де дамитынын айтты. Ендеше Ozinshe де Netflix-тен кем түспейтін тегеурінді сервиске айналып жатса құба-құп.

 Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ