Дидар СМАҒҰЛОВ, Ұлттық тестілеу орталығы басшысының міндетін атқарушы: 375 миллион теңгені бюджетке қайтардық
Дидар СМАҒҰЛОВ,  Ұлттық тестілеу орталығы басшысының міндетін атқарушы: 375 миллион теңгені бюджетке қайтардық
552
оқылды
ҰБТ-ны биыл 100 мыңнан астам қазақстандық тапсырады. Егер жоспар жүзеге асса, бұл еліміздегі кітапша мен жауап парағы қолданылған соңғы тест болмақ. Өйткені 2021 жылдан бастап ҰБТ тапсыру процесін жасанды интеллект бақылайды. Тест тақырыбы төңірегінде Ұлттық тестілеу орталығы басшысының міндетін атқарушы Дидар Смағұловты әңгімеге тарттық. – Дидар Нұркенұлы, сөз басын академиялық адалдық терминінен бастасақ. Жалпы, мұның ҰБТ-мен байланысы туралы айтып берсеңіз. – Білім және ғылым министрі Асхат Ай­мағамбетов атап өткендей, академиялық адалдық саясатын қалыптастыру – білім және ғылым саласындағы басым мәселе. Сондықтан министрлік бұл жөнінде институционалдық, ұйымдастырушылық және нормативтік құқықтық сипаттағы кезең-кезеңмен және жүйелі шара қабылдап жатыр. Жалпы, академиялық адалдық термині қолданысқа енгеніне қуаныштымын. Бұл кез келген тұлғаны мемлекетті, жұмыс орнын және өзін алдамауға шақырады. Мәселен, маусым-шілде айындағы ҰБТ-да жалпы 110 мыңнан аса тест тапсырушы қатысып, 115 мың смартфон тәр­кілен­ді. Тіпті, бір баладан 13 смартфон шық­қан де­рек тіркелді. Сонда олар ҰБТ-ны білімін дә­лел­деу үшін емес, смартфонды кім өткізе ала­тынын көрсеткісі келгендей әсер қал­дырды. Осы­лайша, біз бір өзгерістің керегін тү­сіндік. Ми­нистрлік алдымызға арнайы жүк­теме қой­ды. Біз оқушы санасына адал­дық­тың маңы­зын сі­ңі­руі­міз керек. Сонда болашақта одан жем­­қор ма­ман шықпайды. Жүйелей келе «1 тест тапсы­ру­шы – 1 бақылау камерасы» қағидатын енгіздік. – Бұл қандай жүйе? – Біз автоматтандыру жолымен, яғни нақты уақыт режимінде «1 тест тапсы­ру­шы – 1 ба­қы­лау камерасы» қағидаты бойынша еліміздің барлық өңірінде емтихан тапсыру процесін көрсететін ахуалды орталықты іске қосуды ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Бұл шешім сыбайлас жемқорлық тәуекел­дерінің деңгейін төмендетіп қана қоймай, бюджетке бірқатар қаражатты қайтаруға мүмкіндік берді. Бұған мұғалімдер­дің Ұлттық біліктілік тестін тапсыру кезінде көзіміз жетті. Сәйкесінше, өткен жылы ба­қылауды жүзеге асыратын министрлік өкіл­дерінің ісса­пар шығыны – 375 млн теңгені бюджетке қайтардық. Сонымен қатар академиялық адалдық деңгейін біршама көтердік. Мысалы, өткен жылдың маусым айында мұғалімдердің Ұлттық біліктілік тестілеуі кезінде тыйым салынған 52 524 зат тәркіленді. Ал 2019 жылы қарашада компьютерлік тестілеумен және мониторингтің жаңа әдісімен біліктілік тесті қайта өтті. Сонда барлығы 774 зат алынды. Яғни, әділетсіз тестілеу фактілерінің бірнеше есе азайғанын көрсетті. – «1 тест тапсы­ру­шы – 1 бақылау камерасы» ҰБТ-ға қалай енеді? – Әрбір тест тапсы­ру­шы жанында «Сергек­ке» ұқсас бір камера болады. Ол оқушы әре­кетін жіті қадағалайды. Қалт еткен қимыл бол­са бірден белгі береді. Яғни, адами фак­торды болдырмау үшін тестілеу ережелерінің сақталуын жасанды интеллект бақылайды. Ком­пьютерлік бақылау негізінде өздігінен жұмыс атқаратын жүйе автоматты түрде смартфон, шпаргалка қолдану және тесті­леушінің бөгде тұлғаны жіберу фактісін анықтай алады. Осылайша, біреумен келісіп, емтихан үстінде көшіру іске аспайды. Әрі арнайы онлайн көрсетілім жүреді. – Сонда жаңа форматтағы ҰБТ қашан өтеді? – Біз 2021 жылы қағаз жүзіндегі тестілеуді толығымен ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, биыл тест бұрынғы форматта өтеді. – Онлайн көрсетілім еліміздің бар өңірінде жүре ме? – ҰБТ аудиторияларын онлайн трансля­циядан көруге мүмкіндік береміз. Барлық сілтеме сайтта жарияланады. Сілтеме арқылы белгілі бір аудиториядағы тесттің өткізу рәсімін көре аласыз. Бұл танымал Digital agent қосымшасы арқылы іске асады. Digital agent қосымшасын еліміздің әр азаматы қолдана алады және тестілеудің ашықтығын бақылай алады. Қандайда бір ереже бұзушылықты бай­қасаңыз, бізге хабар берсеңіз болады. Біз 5 ми­нут ішінде жауабын береміз. Артынша бәріне бейнеталдау жүргіземіз. – Бейнеталдау нәтижесі қалай шығады? Бұл қалай әсер етеді? – ҰБТ аяқталғаннан кейін, біз барлық бей­нематериалды өзімізге алып, талдау жүргіземіз. Мүмкін, біз қоғам белсенділерін, БАҚ өкілдерін тартамыз. Қандайда бір ережені бұзғанын байқасақ, шара қолданамыз. Мұның бәрі алдағы уақытта нақты алгоритм­мен жүзеге асатын болады. – «Қағазсыз» ҰБТ өткізіп, Қазақстанның әр өңіріне компьютер мен камера жеткізуге қаржы жете ме? – Жоспар бар. Жеке компанияларды се­рік­тестікке шақырамыз. Яғни, Ұлттық білікті­лік тестілеуін U-study компьютерлік тестілеу орталығымен бірге өткізгеніміздей, әрекетке көшеміз. Жаңа бастамаға қосшы болар, қолдау танытар жан табылады деген ойдамыз. – ҰБТ-ға тағы қандай өзгеріс керек, қалай ойлайсыз? – Қазір түлектер ереже бұзушылық қатаң бақылауда екені туралы біледі. Шпаргалкаға сенетін уақыт өтті. Ал өзгеріске келсек, менің­ше ҰБТ-ға эссе енсе деймін. Өйткені кей оқу­шы ауызша бәрін білгенімен, жазуға келгенде тартыншақтап қалады. Әрі эссе жазу жұмыс беруші үшін де пайдалы. Қарым-қабі­летін, бі­лім-білігін айқындауға көмектеседі. Бұл тәжі­рибе әлемнің бірқатар елінде бар. Бірақ бұл әзірге технология жағынан ой­лас­тырылмаған. Өйткені 110 мың эссені тексеруге үлкен көлем­де ақша қажет. Әрі аудиториядағы бақылаушы да тәуелсіз сарапшы болуы тиіс. Компьютерлік технология дамыған сайын бұл мүмкін болады. Жасанды интеллектің эссені тексеруге мүмкін­дігі бар. Мүмкін, 2-3 жылдан соң, біз де бұл технологияны қолданатын болармыз. – Әңгімеңізге рақмет!   Сұхбаттасқан                                                                                                                                                              Айзат АЙДАРҚЫЗЫ