Жерлестеріміздің арасында жазғы демалысын шетелден бөлек, ел ішінде де өткізетіндерінің қарасы көбейіп келеді. Солардың ішінде қалың жұртшылыққа шенеуніктердің демалысын қайда өткізетіні қызық болып отыр. Парламентке келсек, VII шақырылымның екінші сессиясының жұмысын аяқтаған депутаттар қыркүйекке дейін демалысқа шыққан болатын. Солардың ішінде сенатор Ләззат Сүлеймен Баянауылға қысқа уақытқа болса да демалысқа барып қайту жоспары барын жеткізді. Өйткені каникул кезінде де жұмыс жалғаспақ. Сондықтан да отбасымен Қазақстанда қалып, Алматы облысында болып, кейбір облыстарда халықпен кездесу өткізбек екен. Күзде соның негізінде депутаттық сауалдарға дайындық жүрмек. Ал Мәжіліс депутаты Аветик Амирханян демалысын отбасымен өткізетінін айтқан. «Алдымен, халықпен жұмыс істейміз. Өңірлер бойынша 10 күн жұмыс істеп, содан кейін ғана демалысқа шығамыз, келесі сессияға дайындаламыз. Үйде отбасыммен, балалармен, немерелеріммен демалуды жоспарлап отырмын. Батыс Қазақстан облысында, Оралда боламын», – деді мәжілісмен. Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ералы Сауранбаев өзінің Instagram-парақшасында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, Төсқайың ауылдық округі құрамындағы Балықтыбұлақ ауылында демалып жатқанын жазды. Бұл елді мекен Күршім ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 256 шақырым жерде, Марқакөл көлінен шығысқа қарай орналасқан. «Балықтыбұлақтың түнгі көрінісі. Өте жағымды атмосфера әрі таза ауа. Киіз үй – көшпелі өркениет ойлап тапқан ең жақсы туындыларының бірі», – деп жазды депутат. Ал СҚО әкімі Құмар Ақсақалов туған жерде демалуды құп көреді екен. Instagram-парақшасында шенеунік: «Меңкесер – отбасыммен демалатын сүйікті жер», - деп жазды. Меңкесер – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы тұйық көл. Ол Петропавл қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 83 шақырым жерде орналасқан.