Алматыда Ұлттық ұлан сарбазы екі әйелге шабуыл жасаған ер адамды ұстады
Алматыда Ұлттық ұлан сарбазы екі әйелге шабуыл жасаған ер адамды ұстады
830
оқылды
Алматыда Ұлттық ұлан сарбазы екі әйелге шабуыл жасаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz. 18 шілде күні сағат түнгі 23.50 кезінде Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Жарқынбек Айдарханбеков отбасымен үйінде отырғанда сырттан айғайлаған дауысты естиді. Жүгіріп шыққанда Қалқаман-2 ықшамауданындағы Лапин көшесі, 21 үй алдына белгісіз ер адамның әйелге шабуыл жасап жатқанын көреді. Сол уақытта әйелге көмекке келген тұрғын да зардап шекті. Аға сержант Айдарханбеков көмек көрсету үшін дереу оқиға орнына қарай жүгіріп барды. Қылмыскер сарбазды көріп, сол маңдағы зиратқа қарай қашады. Ұландық жауынгер оның соңынан қуып, жол-жөнекей жедел жәрдем мен полиция қызметіне хабар береді. Жарқынбек сытырлаған дыбыс пен ентіккен даусынан қылмыскерді отырған жерінен ұстап алады. Жедел медициналық көмек пен полиция қызметкерлері келгенше, тұтқынды ұстап тұрады.
– Ойланып тұратын уақыт болған жоқ. Бар байқағаным, қыз бала жерде әлсіреп жатты. Не болса да оны қолға түсіруді көздедім. Мұндай жауыздық жазасыз қалмау керек, – дейді сарбаз.
Аға сержант Айдарханбеков ұсталған қылмыскерді оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне тапсырған. Зардап шеккен әйелдерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді. Алматы қаласы ПД-ның хабарлауынша, аталған факті Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
– Күдікті 31 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір Наурызбай аудандық Полиция басқармасы істің мән-жайларын анықтау үшін жан-жақты толық тергеуге бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатыр, – делінген хабарламада.
https://www.youtube.com/watch?v=OWi4C_qAeYo&t=61s