Мемлекет осыдан екі жыл бұрын Ұлттық тауар өткізу жүйесі арқылы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің және бағаны бақылаудың жаңа кезеңіне көшетінін мәлімдеген. Осы жүйе негізінде жер-жерде көтерме-тарату орталықтары желісін салу қолға алынды. Алайда жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент оған қатысты жоспарлар мен ресми мәлімдемелердің дені жүзеге аспай, қағаз жүзінде ғана қалғанын сынады. Сондай-ақ Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сөгіс жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Мемлекеттің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Шын мәнінде, керісінше болуы керек. «Мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлік схемасы бойынша ірі кәсіпкерлермен бірлесе көтерме-тарату орталықтарын салу жоспары орындалған жоқ. Үкімет оның атқарылуын ұзаққа созып жіберді, енді қазан айында осы бағытта қандай жұмыстар істелгені жөнінде есеп беруді тапсырамын. Бұл іске қызығушылық танытқан инвесторларды тартыңдар»,–деді Мемлекет басшысы.
Азық-түлік қауіпсіздігі алаңдатады
Азық-түлік қауіпсіздігі мемлекет аумағында тағам өнімдерінің жеткілікті болуымен емес, халықтың әлеуметтік осал бөлігінің соны сатып алуға жағдайы жетуімен өлшенеді. Өйткені қазір әлемдік нарықтар ашық, Қазақстан БСҰ мен ЕАЭО-қа мүше, кез келген тауарды дүниенің кез келген түкпірінен тасымалдай алады. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттің ауыл шаруашылығына беретін субсидиясы есебінен импорт алмастыруды үсті-үстіне ұлғайта берудің де қажеті шамалы. Премьер-Министр Әлихан Смайылов ол үшін ішкі нарықты отандық тауармен қанықтырудың және отандық өндірушілерге қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығы зор екенін айтады. «Ұлттық тауар өткізуші жүйе аясында 24 көтерме-тарату орталығы (КТО) желісін құру жоспарланған. Оның құрылуы азық-түлік тізбегінің үзілмеуін, бағаның тұрақтылығын, сауда инфрақұрылымын дамытуды және экспорттық арналарды қалыптастыру сияқты кешенді мәселелерді шешуге ықпал етеді. Жалпы, 4 кезеңнен тұратын жобаның құны 237,5 млрд теңге»,– деді Үкімет басшысы. Ұлттық тауар өткізуші жүйе (ҰТӨЖ) жеке инвестордың қаржылық бастамасы негізінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принципінде құрылады. Жобаға қатысушы инвесторлардың қатарында «Ұлттық сауда-тарату желісі» ЖШС, Continental Logistics ЖШС және Continental Logistics Shymkent ЖШС және тағы басқалары бар. Оның алғашқы кезеңінде 7 нысанды іске қосу қарастырылған: төрт КТО – Павлодар облысының Ақсу және Мичурино қалаларында – картоп пен сәбіз, Алматы облысының Қапшағай қаласында және Жамбыл облысының Шу қалаларында пияз сақтауға арналған. Сондай-ақ үш көтерме тарату орталығы – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жергілікті бөлшек сауда орындарына, интернет дүкендерге және көтерме сатып алушыларға өнім жеткізіп береді. Жеке әріптестер екі көтерме-тарату орталығын жетілдіруді және бес көтерме-тарату орталығының жобалық-сметалық құжатын әзірлеуді міндетіне алды. Былтыр Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы екі көтерме-тарату орталық толықтай жаңғыртудан өтіп, сәтті пайдалануға берілді. Өткен жылдың қыркүйек айында 17 осындай орталық салынатын жер учаскелері таңдалып алынды. Екінші кезеңде олардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол үшін жеке әріптестермен бірге маркетингтік талдау жасалды. Ал барлық көтерме-тарату орталықтарын толықтай қолданысқа беру 2024 жылға жоспарланған. «Ұлттық тауар өткізуші жүйе кластерлерді, фермерлерді, сатып алушыларды, көлікпен тасымалдаушыларды, өнім өткізушілерді және тұтынушыларды біріктіретін тұтқалы инфрақұрылымға айналуы тиіс. Ал оның инфрақұрылымының 2,1 млн тоннадан астам тауарды қабылдауға, сақтауға және қайта тиеуге қуаты жетеді. Сондай-ақ жаңадан 5 мың адамдық жұмыс орны ашылады»,– дейді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.Көшелі іске де кедергі көп
«Қазақстанның көтерме-тарату орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі басқарма төрағасы Ерболат Шарафиев инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін басымдылық берілетін қызмет түрлері санатына көтерме-тарату орталықтарын да қосу керек деп санайды. «Бұған дейін салынып қойған көтерме-тарату орталығымен жасалған инвестициялық шарттарды қайта рәсімдеу мүмкіндігін қарастыру қажет. Мемлекет осы орталықтарда ашылған жұмыс орындарының өзінен ғана бюджетке 815 млн теңге табыс таба алады. Бұл Үкіметтің орталықты корпоративтік табыс салығынан, мүліктік және жер салықтарынан босату арқылы берген 533 млн теңге салық жеңілдіктерін артығымен жауып кетеді»,– дейді ол. Сондай-ақ сарапшы Қытаймен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен арадағы шекарада «жасыл дәліз» қалыптастыру тұрғындарды сол елдерден келетін арзан көкөніспен және жеміс-жидекпен қамтамасыз етуге жол ашатынын жеткізді. Ал жүктердің шекарадан жедел өтуі мен мерзімдік және материалдық шығындарын азайту үшін кедендік бақылау бойынша автоматтандырылған тәуекел профилін алып тастау керек екенін атап өтті. Бұл қадам әлеуметтік маңызды тауар бағаларының қымбаттамауына да септігін тигізеді. Өйткені тауарды кедендік ресімдеу кезінде КТО-да тасымалданатын тауар түгелдей түсіріліп, жеке-жеке есептеп-өлшеуді міндеттейтін тәуекелдерді басқару жүйесінің машақатына тап болады. Соның салдарынан қайта түсіріп-тиеу кезінде тауардың бүлінуі, суыққа немесе ыстыққа ұрынуы, тартымдылық сипатын жоғалтуы, тіпті жарамсыз болып қалуы әбден ықтимал. Мұның бәрі қосымша шығын және ол тасымалдаушының иығына түседі. Ал енді шекарадан өтетін өнімді сырттай сканерлей салатын болса, компания мұндай бейнеттерден, ең бастысы қосымша шығындардан құтылып, уақыттан ұтар еді. Одан бөлек, көтерме-тарату орталығы құрылысын салу және олардың әрімен қарай сәтті жұмыс істеп кетуін қамтамасыз ету үшін министрліктер мен жергілікті жерлердегі атқарушы билік оған бөгет болатын әкімшілік кедергілер мен бюрократтық шырғалаңдарды жоюуы тиіс. Сонымен қатар құзырлы органдар ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен көтерме-тарату орталығының өзара тиімді байланысу механизмін қалыптастыруы қажет. Өйткені мемлекеттік органдардың бұл бағытта өзара әрекеттесуі әлі тиісінше деңгейге жете алмай отыр. «Мәселен, Алматы облысының Панфилов ауданында КТО жеміс-көкөніс таситын компанияларға өз көліктерімен ҚХР шекарасын кесіп өтуге және ол жақтан жүк тиелген тіркемені алып келуге тыйым салынған. Сол себепті олар көліктері хаттамаға енген уақытша сақтау қоймаларының қызметін пайдалануға мәжбүр. Ал қоймалар бір тартқыш техника үшін 3 500 доллар сұрайды, бұл сома айналып келгенде өнімнің түпкілікті құнына әсер етеді»,– деп Ерболат Шарафиев қынжылыс білдірді. Сондай-ақ қазір Шекарааралық хабтарды дамытудың бірыңғай стратегиясы негізінде 5 шекарааралық сауда орталықтарын құру немесе жетілдіру қарастырылған. Соның негізінде Өзбекстанмен арадағы шекарада «Орталық Азия» СЭЫХО (сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі халықаралық орталық) құрылысы жүріп жатыр. Алдағы күндері мұндай орталықтар Ресеймен, Қытаймен, Қырғыз Республикасымен және Иранмен аралықта пайда болады. Кейін бұл хабтар көтерме-тарату орталығымен жалғасып, сыртқы және ішкі нарықтағы сауда ағындарының негізгі өзегіне айналуы тиіс. Сондай-ақ Үкімет жоспары бойынша, 2026 жылға дейін стандартты емес сауда нысандарының бәрі жөнделіп, тиісінше қалыпқа сай болуы керек. Қазір ел ішіндегі 500-ден астам әмбебап сауда орнының 103-і модернизациялауды күтіп тұр. 2023 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 37 сауда нысанын жаңғырту жоспарланып отыр. Басқа өңірлердегі қалған 66 нысанды 2025 жылдың соңына дейін жөнделіп-жаңғыртылатын болады. Қорыта айтқанда, Үкіметтің ұлттық тауар өткізу жүйесі аясында көтерме-тарату орталықтары желісі арқылы халықты арзан әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етемін деген жоспарының жемісін нақ сол кездері көретін боламыз.