Шаруалар неге шырылдайды?
«Жамбыл ауданындағы Раис каналының құрылысы сағызша созылып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Былтыр ағын судың тапшылығынан шығынға белшемізден баттық» деген 200-ге жуық шаруа жыл басында-ақ бас көтерген. Олардың базынасы орынсыз дей алмассың. Себебі 2019 жылы толықтай жөндеуден өткен каналдың қабырғалары ай өтпей құлап қалған. Алғашқы ағыстың өзіне шыдас бермеген бетон қабырғаларының біраз жері бүлініп, нәтижесінде диқандар тіршілік нәріне қол жеткізе алмаған. Ол аз десеңіз, бұрын ені төрт метр болған каналды жаңа сызбасы бойынша екі есеге қысқартқан. Салдарынан секундына 3 текше метр ағатын судың көлемі 1,8 текше метрге дейін азайған. – Суға бір шаруа қожалығы үшін 1 миллион 300 мың теңге төледім. Былтыр 8 миллион теңге шығынымның су болмауынан тек 4-ақ миллионын қайтардым. Жоба қалай болса солай жасалған. Кейбір тұста канал қырға қарай салынып кеткен. Бұл енді шаруаға жасалған қиянат, – дейді шаруа Нұрғазы Омарқұлов. Ал «ҚазСуШар» РМК Жамбыл облыстық филиалының басшысы Қазбек Бедебаев бар кінәні мердігерге артып, олқылықты орнына келтіру арқылы 3 мың гектар жерді сумен қамтимыз деп уәде еткен. Алайда филиал басшысы уәдесін сол күйі ұмытқандай. Жақында 100-ге жуық шаруа Райс каналының бойына қайта жиналып, жауаптылардың өз мәселелеріне назар аударуын талап етті. – Су сұрап, шағымымызды айтып жүргенімізге үш жыл болды. Тіпті, ағайынмен су үшін таласатын күнге жеттік. Қазіргіге қарағанда бұрынғы канал жақсы еді. Алайда шенділер бүтіндейміз деп бүлдіріп отыр. Текке кеткен қаржы, – дейді шаруа Сайлау Әубәкіров. Диқандардың айтуынша, каналдың мәселесі көтеріліп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Олар 1,7 шақырым каналға бөлінген 1 миллирд 800 мың теңгенің құмға сіңген судай құрдымға кеткеніне наразы.Болашақтың каналы
Бұқараға басу айту үшін канал басына келген Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы бар мәселе жобада екенін айтты. – 2020 жылы каналдың құрылысы аяқталуы керек болатын. Алайда жобадағы кемшіліктерге байланысты нысан өткен жылға өтпелі болды. Бірақ 2021 жылы да жоба аяқталмады. Оған жобалау жұмыстарындағы кемшіліктер себеп. Алайда 1 миллиард 800 мың теңгеге кеңестік кезеңдегідей кемі 50 жыл тұратын канал салынбақ. Сондықтан барлығын жіті тексеріп, барынша сапалы канал салуға көңіл бөліп жатырмыз, – дейді аудан әкімі. Осылайша, болашақтың каналын салып жатырмыз деген аудан басшысы шаруалардың жағына шығып, каналды қоқыстан тазартуға 70 жігітті жұмылдырды. Ал құрылысқа жауапты «Бурводстрой» серіктестігінің өкілі Асанхан Мамажанов бар кінәні суда өсетін балдырдан көріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Оның сөзіне сүйенсек, оларға суда балдыр өсуі мүмкіндігін ешкім ескертпеген көрінеді. Осылайша, өсімдікке өкпелі өкіл келер жылы сәуір айында құрылысты толықтай аяқтаймыз деп сендірді. Алайда шаруалардың үш жылдан бері шырылдап жүргенін көріп, жоба жүрісінен жаңылып, көп тірлік көзбояушылыққа салынып жатыр деуге негіз бар секілді. Себебі билік бар мәселе жобада десе, серіктестік суда өсетін балдырды кінәлап күлкіге қалуда. Бұл іспен құзырлы мекемелер шындап айналысып, бір шешім шығаруы керек. Әйтпесе күнде ертеңге салған серіктестіктің сөзіне қарап, канал құрылысы келер жылдың сәуірінде аяқталады дегенге сену қиын.