Төрткүл дүние көзін тіккен дзюдодан Grand Slam сериясындағы халықаралық турнир де аяқталды. Грузияның Тбилиси қаласынан басталып, Ұлан-Батыр (Моңғолия), Будапешт (Венгрия), Загреб (Хорватия) қалаларында жалауы желбіреген дүбірлі додада әр елдің ең мықты дзюдошылары бас қосты. Одан бөлек, күні кеше Швейцарияда дзюдодан Еуропа кубогы де өтті. Аталған жарыстарда қазақстандық дзюдошылар да бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді. Енді бірі сәттілік жетіспей жарыс жолынан шығып қалып жатты.
Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменовпен сұхбатымыз да осы төңіректе өрбіді.
– Грузияда басталып, кешегі Хорватиядағы Grand Slam-ге жалғасқан, оның ізін ала Швейцариядағы Еуропа кубогына жалғасқан белдесулер жайлы пікіріңізді білсек. Сіздің ойыңызша қазақстандық дзюдошылар аталған жарыстарда өзін қалай көрсетті? Жеке-жеке тоқталып өтсеңіз...
– Бас бапкерлік қызметке кіріскеніме міне, екі жарым айдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында біз бес ірі халықаралық жарысқа қатыстық. Бірінші турнирді Грузияның Тбилиси қаласынан бастадық. Тбилиси татамиінде 12 дзюдошы бақ сынап, олардың арасында Айбек Серікбаев үздік нәтиже көрсетті. Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласындағы турнирде Дидар Хамза мен Әділ Оразбаев қола жүлдеге ие болды. Венгрияның Будапештіндегі белдесулерге үшінші, төртінші нөмірлі дзюдошылар бардық. Ондағы мақсат спортшыларға үлкен сайыстардың аурасын сезіндіру болды.
Рас, Будапештте жоғары нәтижеге қол жеткізе алмадық. Жігіттер көп қателік жіберді. Физикалық жағынан әлсіздік көрсетті. Есесіне Хорватияның Загребіндегі Grand Slam сериясынан табысты оралдық. 60 келіге дейінгі салмақта белдескен Мағжан Шамшадин турнир жеңімпазы атанды. Тағы екі дзюдошы 7-орынға табан тіреді. Мұның өзі де жақсы жетістік. Еңбектенсек, көбірек күш жұмсасақ, жеңіс тұғырынан көрінуге мүмкіндік бар.
– Загребте жасындай жарқыраған дзюдошы Мағжан Шамшадиннің белдесулері туралы не айта аласыз?
– Мағжан жеңісі шынында бәріміздің мерейімізді өсірді. 60 келіге дейінгі салмақта кореялык Вон Джин Киммен күресіп, мықты екенін дәлелдеді. Олар татамиде біразға дейін бір-бірін аңдысып жүрді. Бірақ Мағжанның ширақ қимылдап, белсенді күресті. Ал Ким үш ескерту алып, Мағжан автоматты түрде жеңіске жетті. Осылайша, ол 60 келі салмақ дәрежесінде Загребтегі жарыста қарсылас шақ келтірмеді. Мағжан Шамшадиннің күресіне жеке тоқталар болсақ, мен оны толықтай сауатты, салқынқанды, есеппен күресті деп айта аламын. Оның жетістігінің ар жағында үлкен еңбек жатыр. Жеке бапкері де, ұлттық құраманың бапкерлері де оны лайықты спортшы етіп баптауға бар күшін салуда. Федерация тарапынан да қолдау бар. Оқу-жаттығу жиындарынан да қалмай, іріктеулердің бәріне қатысып келеді.
Өз басым Мағжанның келешекте Елдос Сметовтің орнын басатын дзюдошы боларына сенемін.
– Сметов демекші, Елдосқа салмақ ауыстыру оңай соқпаған секілді. Загребтегі кешегі жарыста өз салмағында жетінші орынға тұрақтады. Жанкүйерлер арасында «Елдос әділетсіздіктің құрбаны болды» деген де әңгімелер айтылып жүр. Қалай ойлайсыз, Хорватияда Елдосқа не жетіспеді?
– Елдостың мықтылығына, кәсібилігіне еш күмән келтіре алмаймын. Бірақ бір салмақтан екіншісіне ауысу Елдосқа қиын соқты. Үлкен спорттан хабары барлар біледі, спортта әр салмақтың өз мықтылары болады. Сол секілді дзюдодағы 66 келі салмақта әлдеқашан танылып қалған «мықтылар» бар. Оларға лайықты қарсылық көрсету үшін көп уақыт қажет. Осы сайыстардағы Елдосқа шапшандық, физикалық, функционалдық күш жетіспеді. Меніңше, уақыт өте келе бәрі реттеледі.
Елдостың жанкүйерлері тарапынан төрешілердің шешімі әділетсіз болды деген пікірмен келіспеймін. Олардың уәжі бойынша, Елдос үшінші шидосын алған сәтте белдесуді экраннан тамашалағандарға «бұрмалаушылық» болғандай көрінген. Бірақ өз басым нақты бұрмалаушылық болды деп айта алмаймын.
– Ауыр салмақтағы спортшылар оң нәтиже көрсете алмай келеді. Сіздіңше бұл олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?
– Сауалыңыз орынды-ақ. Ауыр салмақтан алдағы уақытта ел намысын Әділ Оразбаев пен Ерасыл Қажыбаев қорғайды деп сеніп отырмыз. Әділдің Ұлан-Батырдағы жарыста жүлделі орын алғанын ескерсек, аяқ алысы жаман емес. Сол себепті екі палуанға да зор сенім артамын.
– Швейцариядағы Еуропа кубогында қазақстандық дзюдошылар қалай өнер көрсетті?
– Швейцариядағы Еуропа кубогында 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль еншіледік. Алтын медальды Шерзод Давлатов пен Есет Қуанов, күміс жүлдені Серікболсын Шынтас, қола жүлдені Сұңғат Жұбатқан жеңіп алды. Бұл жарыстың деңгейі Grand Pri, Grand Slam-ға қарағанда төмендеу. Сондықтан Еуропа біріншілігіне енді-енді формасына келіп жатқан жас дзюдошыларымызды жібердік. Көріп отырғанымыздай, нәтиже жап-жақсы.
– Алдағы уақытта елімізде дзюдоның дамуы үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Ұлттық құраманың сапында өзгерістер болуы мүмкін бе?
– Қазір біздің құрамамызға Франциядан Стефан Трено мен Хавьер Монден есімді арнаулы мамандар келді. Енді олардың бірі кеңесші болып, екіншісі спортшыларымызды физикалық тұрғыдан дайындайтын маман болып жұмыс істейді. Мұның жақсы нәтижеге ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта жас спортшыларға көп көңіл бөлеміз. Себебі спортқа әрдайым жаңару, жасару тән. Жуырда елордада дзюдодан Азия чемпионаты, кейін Өзбекстандағы Ташкентте әлем чемпионаты өтпек. Дүбірлі додаға қызу дайын дықты бастап та кеттік.
– Әңгімеңізге рақмет!