Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысты. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
ьтативтік кездесулердің халықаралық саясаттың маңызды факторына айналғанын атап өтіп, оның мемлекеттер басшыларына аймақтың одан әрі даму бағытын өзара сенімге негізделген рухта айқындауға мүмкіндік беретініне тоқталды. Оның айтуынша, құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өткен кездесу Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысымызды білдіреді.
– Біздің қатынастарымыздың ерекше сипаты Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бүгін қабылданатын шартта бекітілген. Бұл құжат мазмұны мен тарихи перспективасы тұрғысынан бірегей саналады. Оған елдеріміз арасындағы мемлекетаралық дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында қол қойылуының символдық мәні бар. Бұл тарихи құжат бесжақты стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіреді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Қауіпсіздік және дипломатия саласындағы өзара іс-қимылдарды нығайту күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде аталды. Президенттің айтуынша, Орталық Азия орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың, жан-жақты ынтымақтастықтың, бейбітшілік пен өркендеудің кең аймағына айналуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекеттер басшылары өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін барлық мүмкіндікті жасауы керек.
– Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ, – деді Президент.
Оның айтуынша, Қазақстан посткеңестік кеңістікте өзінің шекарасын толық делимитация жасаған жалғыз мемлекет ретінде өзара тиімді шешімдер іздестіруге барынша көмектесуге дайын.
Мемлекет басшысы көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыру өзекті міндет болып қала беретініне назар аударды.