Елордадағы Есенберлин көшесінің бойында ерекше бір дүкен бар. Дүкен емес, құдды уақыт порталы дерсің. Табалдырығын аттағаннан-ақ біздің әке-шешелеріміз бен ата-әжелеріміздің жымиып отырып еске алатын жып-жылы естеліктерінің куәсі болған кеңестік дүниелердің ортасына топ ете қаласың.
Ә дегеннен көзім югославиялық серванттың тұрақты тұрғынына айналған «Балық» сервизіне түсті. Мұндай ыдыстың еліміздегі әрбір екінші үйде болғанына бәс тігемін. Бірақ ешқайсымыз оның серванттан шыққанын көрмеппіз.
Бұрыштағы сөреде Кеңес үкіметіндегі әкелердің сүйікті дүниелері топтасыпты: «Космос», «Астра», «Хихани», «Esquire» темекісі, «Балтийский» одеколоны, «Точики Сафед» портвейні...
Ал ано-о-оу айнаның жанында білтешам тұр. Оны тіпті, біздер, 90-жылдардың ұрпағы да жақсы білеміз. Бала күнімізде құдайдың құтты күні үйде жарық өшкенде, бәріміз осындай білтешамның маңайына жиналып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Сондайда «жарық жиі өшсе екен» деп тілеуші едік.
«Ол кісі кезінде теңізфлотында әскери қызметін өтеген, нағыз Кеңес адамы болатын. Бұл дүкенді 2016 жылы ашқан. Кейін шетелге көшерінде осы заттардың бәріне ие болып қалар адам іздеді. Өзім бала күнімнен бері тиындарды коллекциялаумен айналысамын. Көп ойланып жатпастан мен сатып алдым», – дейді ол.
«Бірақ соңғы жылдары интерьерде лофт стилі дамып келеді. Ол бойынша ескі заттарды бөлмеге жақсылап үйлестіріп қоюға болады. Сол мақсатта сувенир іздейтіндер де бар», – дейді дүкен иесі.Руслан антиквариаттарды хабарландырулардан іздеп табады екен. Дүкендегі ең қымбат зат – 1950 жылдарға дейін Орлов сағат зауытында шығарылған еденге қойылатын механикалық алып сағат. Жәдігер өзінің дүрілдеп тұрған дәуірінде коммунистерге тиесілі болып, қалалық партия комитетінде «қызмет» етіпті. Қазіргі құны – 900 мың теңге. Дәл осы сәтте өзінің сол беделіне біздің көзімізді жеткізгісі келгендей, куранттың қоңыраулары салтанатты ырғақпен соғыла бастады: сағат тұп-тура он бір болыпты...
– Винил тыңдағыңыз келе ме? – деді дүкен иесі.«Меломан» сияқты дүкендерде сатылатын қытайлық заманауи радиолаларды ғана тыңдап көрген мен ойда-жоқта мынадай тамаша мүмкіндіктің туғанына қуанып кеттім. Басымды изедім. Руслан қолындағы пластинканы бірінші класты «Rigonda» радиоласына салды. Лев Лещенконың орындауындағы қоштасу туралы ән дүкеннің ішіндегі ретро-атмосфераны одан әрі қоюлатып жіберді:
«Ты помнишь плыли в вышине И вдруг погасли две звезды, Но лишь теперь понятно мне, Что это были я и ты!» – Қараңыз! Бұл 1960 жылдары Ригадағы Попов атындағы радиозауытта жасалған. Мына жерінде қай қалалардағы радиотолқындарды ұстайтыны жазылған: Прага, Брюссель, Будапешт, Тбилиси, Алматы...Дүкен иесі құрылғының әр элементін соншалықты энтузиазммен түсіндіруге кірісті. Оның орнында Кеңес заманының куәгері болған кез келген адам дәл осындай күйді бастан кешетініне сендім.
– Бұл – иіссу, – деді Руслан. Аузын ашып, мұрныма тақап едім, қазіргі иіссулардың бірде-біріне ұқсамайтын таңсық жұпарды сездім. – Кеңес үкіметінің иісі ме? – деп күлді дүкен иесі.Мұнда ХІХ ғасырдағы Самарқандта жасалған жез құман да бар болып шықты. Ананы ысқылап жіберсең, дәл қазір ішінен ертегілердегі жын шығып, үш тілегіңді сұрайтындай. Ескі кітаптар да көп. Дүкен иесі жақында ғана Шолоховтың 1922 жылы шыққан «Тихий Донын» сатқанын айтты. Бұл – кітаптың бірінші басылымы екен.
«Дүкеннің ішіндегі иіс көбіне кітаптардан шығады. Негізі мұндағы заттарды тұрақты түрде тазалап, еденді хлормен жуып тұрамын. Әркімнен сатып алатын ескі дүние болған соң, күйе көбелек сияқты майда жәндіктер үйір келуі мүмкін», – дейді Руслан.Мұндағы заттарды әртүрлі телебағдарлама, тіпті кино-сериалдарға реквизит ретінде жиі жалға алатын көрінеді. Мысалы, «Менің тарихым», «Таңшолпан» бағдарламаларының, әлеуметтік бейнероликтердің, бірнеше тарихи фильмнің түсіріліміне осындағы шабадандар, білтешамдар, Лениннің бюсты, телефон, Ахмет Байтұрсынұлының стиліндегі винтаж көзілдірік пайдаланылған.
«Адамдар ескі заттардан қашады. Негативі бар деп сенеді. Ескі дүниелермен қаншама жылдан бері айналысып келе жатқан адам ретінде айтарым – олардың ешқандай жамандық шақыратын да, сәттілік әкелетін де қасиеті жоқ. Бәрін де адамдардың өзі ойлап тауып алған. Бұл заттардың артында тарих қана бар», – деді дүкен иесі әңгімесінің соңында.Антиквариатқа аңсарымызды аудыратыны да – сол тарихтың тылсымы сияқты.