Қызылша алқабы ұлғайып келеді
Қазақстанда қант қызылшасын егу мен одан қант өндіру ісі кейінгі жылдары жанданып келе жатқанымен, ол әлі Кеңес одағы кезіндегі деңгейге жете қойған жоқ. Республикада қант қызылшасын өсіру қарқын алған тұста стратегиялық дақыл 80 мың гектарға егілген екен. Әр гектарға шаққандағы өнімділігі орташа алғанда 270 центнерден айналған. Ал 1972 жылы қазақ диқандары әр гектардан 338 центнерден тәтті түбір жинап, мемлекетке 2 миллион 349,5 мың тонна өнім өткізген. Өкінішке қарай, тәуелсіздік кезеңінде қант қызылшасы алқаптарының көлемі көп кеміп кетті. Мәселен, 2004-2014 жылдар аралығында ол 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға дейін күрт қысқарды. Дегенмен, одан кейінгі жылдары қант қызылшасын өсіруге қайтадан ден қоя бастаған сияқты. 2015 жылы Алматы облысында оның көлемі 4 мың гектарға жетіп, егістік алқабынан 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналған. Одан бөлек, көптен бері тоқтап тұрған Көксу, Ақсу қант зауыттары іске қосылды. Бұл жылдары егіннің түсімі де ерекше шықты. Тіпті кей диқандар әр гектардан 810 центнерге дейін өнім алған кез болды. Облыста 2021 жылы қант қызылшасы егістігінің аумағы 21 мың гектарға жетті. Әр гектардың шығымдылығы орта есеппен 376 центнерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір жиналды. Қазір бұл өңірде жалпы 400-ден аса шаруа қант қызылшасын өсірумен айналысады. Сондай-ақ Жамбыл облысында да қант қызылшасы алқаптары ұлғайып келеді. Рас, Кеңестер кезіндегі межеге жетпейді, ол уақытта бұл өңірде 42 мың гектардан астам жерге стратегиялық дақылдың тұқымы себілген. КСРО күйреуімен бірге тәтті түбір өсіру мәдениеті де құрдымға кетті. 2021 жылы облыста оның егістік алаңы 5,6 мың га болса, 2022 жылы 6,1 мың гектарға дейін артты. Өнімділік әр гектарына 310,9-ды құрап, 160,3 мың тонна қант қызылшасы алынды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, еліміз орта есеппен 500 мың тонна қант тұтынады. Ал оны қамтамасыз ету үшін жылына 4 млн тонна қант қызылшасын өндіруіміз қажет. Қазіргі кезде қанттың тек 31 пайызы ғана бізде өндіріледі. Қалған 70 пайыздай тәтті құмшекер көрші елдерден жеткізіледі. Шаруашылықтар сұранысты өтей алмайды Қант қызылшасы алқаптарының азаюына себеп көп. Тұтастай алғанда бұл өндірістің шығыны аса жоғары және экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Мәселен, 1 гектар жерге қант қызылшасын себу үшін жұмсалатын шығын орта есеппен 500 мың теңге шамасында. Ал жанар-жағармайдың, пестицидтердің, алқапты суаратын су бағасының жылдан-жылға қымбаттауы және өнімнің сатып алу бағасының керісінше төмендігі диқанның табысын мүлдем мардымсыз еткен. Қант зауыттарының диқаннан қызылшаны сатып алу бағасы оны өсіруге жұмсалатын шығындарға сәйкес келмейді. 2021 жылы қант зауыттары мен мемлекет берген демеуқаржы есебінен бір келі қызылшаның құны 20 теңгеге жеткен. Ал биылдан бастап Үкімет шаруаларды қолдау мақсатында қант зауыттарының сатып алу бағасын ұлғайтты: енді зауыт 15 теңге, ал мемлекет субсидия ретінде 15 теңге төлейді. Осылайша, бір тонна қант қызылшасы үшін шаруалар енді 30 мың теңге алатын болады. Шаруасы шатқаяқтап тұрған сала үшін бұл да болса үлкен демеу екені анық. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Шолпан Бастаубаеваның айтуынша, қызылша шаруашылықтары қажетті техникамен жеткілікті деңгейде жабдықталмаған. «Бүгінгі күні қант қызылшасы саласының арнаулы ауылшаруашылық техникаларымен толық жарақтандырылмауы көкейтесті мәселеге айналып отыр. Шаруашылықтарда жоғары дәлдікті пневмо тұқым сепкіш, әмбебап компактор, тегістеуші, дәрі сепкіш, егін оратын, жинайтын кешен жетіспейді. Ұсақ шаруа қожалықтарының лизинг арқылы техника алуға мүмкіндігі жоқ. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін егістікті аудандарда агросервистік орталықтар құрылды. Бұл орталықтар заманауи техникамен жарақтандырылған. Сол арқылы алқаптарға сервистік қызмет көрсетілді»,– дейді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма басшысы Шолпан Бастаубаева.Тұқым өндірісі тұралаған
Одан бөлек, Қазақстанда қант қызылшасы тұқымның өндірісін де мүлдем дерлік жоғалтып алдық деуге болады. Ал мемлекет тарапынан себілетін тұқымның сапасына бақылаудың болмауының салдарынан егістік алқаптарына зиянкестер қаптап, өнім түрлі өсімдік ауруларына шалдығуы ықтимал. Қант қызылшасы тұқымын өңдейтін зауыттың жоқтығы және элиталық-тұқым шаруашылықтарының жетіспеушілігінен оны заманауи технологиямен өңдеуге мүмкіндік те жоқ. «Қазіргі кезде қант қызылшасы тұқымының фабрикалық репродукциясын шығарумен ешкім айналыспайды. Осының салдарынан республикада әлі күнге дейін отандық селекция будандары өндірісте пайдалануға жіберілгендігіне қарамастан, тұқым дайындау халықаралық стандартқа сай келмегендіктен айырықша сұранысқа ие емес немесе аз мөлшерде ғана қолданылады»,– дейді Шолпан Бастаубаева. Оның айтуынша, республикада қант қызылшасының 30 буданы өндіріске пайдалануға жіберілген, оның 23-і шетелдік өнім. Негізінен «Ардан Авантаж», «Роксан», «Дануб», «Венера», «Гримм», «Крокодил» және басқалары. Шетелден әкелінген тұқымдар арнайы зауыттарда өңделген сапалы, өсімтал. Олар тамыр шірігіне де төзімді келеді. Алайда олар Қазақстанда тамыртегі фузариозбен және кагат ауруымен жиі ауырады. Шетелдік тұқымның егу бірлігінің бағасы 32000-45000 теңге аралығында. Ал отандық будандар бағасы 10000-15000 теңге көлемінде. Бұл шетелдік будандардың бағасы өзіміздікімен салыстырғанда 2-3 есе артық деген сөз. Сондай-ақ ылғал тапшылығы да егіншілердің қолын байлап тұр. Жалпы Қазақстанда, оның ішінде оңтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға су жетіспейтіндігі бұрыннан бар мәселе. «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр» демекші, бұл да онсыз да халы мүшкіл салаға жұдырық болып тиюде.Бүгінде мемлекет қант саласын жандандыруға қомақты қаржы бөліп отыр. Ауыл шаруашылығының вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, биыл елде қант қызылшасы дақылдарын егуді 60 мың га дейін көбейту жоспарланған. Фермерлердің мәселелері мен ұсыныстарын назарға ала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын жаңғырту жоспарын пысықтап жатыр. «Жаңа суармалы жерлерді іске қосу есебінен қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын 60 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланды. Ол үшін мемлекет қант саласын мемлекеттік реттеу және қолдау шараларын күшейтеді. Сондай-ақ қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, қант зауыттарын салу және жаңғырту жайы қарастырылып жатыр. Оған қоса, шаруашылықтарда егістік алқаптарын суаратын суды үнемдеу технологиясы енгізілетін болады және тұқым шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылады»,– деді Әбілхайыр Тамабек Жамбыл және Жетісу аудандарының диқандарын аралаған сапарында. Аталған шаралар осы саладағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге және отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондай-ақ республикада сырттан тасымалданатын шетелдік сұрыптардан кем емес қант қызылшасы будандарын енгізу арқылы да өнімділік пен сапаны арттырып, қант өңдеу инфражүйесінің дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне қол жеткізуге болады. Ал қант қызылшасы алқаптарын ұлғайту арқылы әлеуметтік маңызды өнім бойынша азық-түлік қауіпсіздігі нығая түспек.