Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын: Ұстаздары «Халық жауы» еді...
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын: Ұстаздары «Халық жауы» еді...
3,056
оқылды
«Қазақ солдаты», «Жат қо­лында», «Оянған өлке», «Ұл­пан» – қазақ көркем әде­биетінің жауһарлары. Ғабит Мү­сірепов – қазақ сөзіне, қа­зақ әдебиетіне адалдық та­нытқан жан. Биыл кө­р­нек­ті жазушының туғанына 120 жыл толып отыр. Осы­ған орай Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсі­ре­повтің әдеби-мемориалдық мұражайының дирек­торы, ақын Әділғазы Қайыр­бе­ковпен Ғабең туралы әңгіме қозғадық. – Ғабит Мүсіреповтің ең алғашқы очеркі – «Тулаған толқында» екенін оқыр­ман жақсы біледі. Жалпы Ға­бең­нің шығармашылыққа келуіне Сәбит Мұқанов тікелей себепкер болған де­седі. Оның балалық өмірінен жазылмай қалған «құпия» тұстары бар ма? – Ғабең балалық шағында алғаш­қы сауатты молдадан оқып, арабша хат таниды. Одан кейін 1918-1921 жылдары Пресногорьков стан­са­сындағы жетіжылдық училищеде орыс­ша білімін шыңдайды. Осы мек­тепті бітіретін жылы емтихан тап­сырады. Оларға берілген тапсыр­ма – шығарма жазу. Тақырып – базарға барып, сондағы көзбен көр­ген оқиғаларын көркем дүниеге ай­налдыру. Ғабеңнің жазған дүниесі он парақтан асып кетеді. Ең қызығы, сол он парақ жазудан 150 қате болып­ты. Шығарманы қабылдап алған ко­миссияның басы қатып, қандай баға қоярын білмейді. Тек ұстазы Сильвия Шехтер ғана «бұл шығар­маға бес қоямын» деп қадалып оты­рып алыпты. Ақырында талқылауға директор да қатысады. Ұстазының айтқан жалғыз уәжі: «бұл бала бо­лашақта жазушы болады» деген екен. Кейін бұл туралы Ғабең өзінің күн­деліктерінде жазады. Сонша қате кеткен, қып-қызыл ала болған шы­ғар­маны ұстазының беске бағала­уы – шәкіртінің келешегін тап ба­сып, тануында жатыр. Ғабеңнің ең алғаш­қы шығармасы қайсы дегенде, осы жазбасы еске түседі. «Тулаған толқында» – ең алғаш жазған очеркі екені де рас. Орынбор жұмысшы факультетінің (рабфа­гы­ның) қабырға газетінде жарияланған. Оны ең алғаш көрген Бейімбет Май­лин «жаз, жаза түс» деп батасын бер­ген. Кітап болып басылғанда ре­дак­торы Сәбит Мұқанов болыпты. Сә­бең редакторлық еткен тұста шығар­маға кішкене қалам тигізіп, мұртын басып жіберсе керек. Кітап шық­қан­нан ке­йін Ғабең оған хат жазады. 1928 жылы жазылған хатта: «Менің үлгі тұтатын адамым – Николай Гоголь. Ол еш уа­қытта өз шығармасында түпкі идеясын бірден білдіре қой­майды. Өзінде сақтайды. Мен де кейбір ойым­ды соңына сақтап едім. «Тезірек айтылмады» дегендей, ескертулер жасаған сияқтысың» деп жазады. Бұл кезде Ғабеңнің жасы – 28-де. Гогольді үлгі тұту Ғабеңнің бү­кіл шығарма­ларында байқалады. Юмор, сарказм, астар, тұспал – осы­ның бәрі де сол кездегі өзіндік ұс­танған әдеби ұста­нымына байла­нысты қалыптасқан болуы керек деп ойлаймыз. – Бала Ғабдә-әл-Ғабит Ғабитке қалай ауысты? – Ғабеңнен бірде немере інісі Екпін Махмудов: «Ғабе, біз бірге ту­ған туыстардан тараймыз. Сіз Мүсі­репов болып жазылғансыз, өзгеміздің бәрі Махмудов болып кеттік. Бұл қалай?» деп сұрайды. Сонда Ғабең: «Училищеге оқуға барғанымда «фа­милияң кім?» деп сұрады. Онда фамилия дегеннің не екенін білмейді екем. «Атаң кім?» дегенінде, «Мүсі­реп» деп жауап бердім. Содан бастап, Мүсірепов болып кеттім» дейді. Ғабдә-әл-Ғабит деген есімінің қыс­қаруы да содан болса керек. Көпшілік ұзақ есімді көп атай бермейді ғой.

«Амангелдінің» сценарийін екеуі жазған

– Әйгілі «Бесеудің хаты» үшін Мансұр Ғатаулин өлім жазасына кесілді. Оның үстіне «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деп тайсалмай айтқаны тағы бар. Мұның бәрі қа­ламгердің қуғындалуына, тұтқын­да­луына «таптырмас» себептер еді. Алай­да, Ғабеңді осы бір қуғын-сүргін жылдарында сақтап қалған не нәрсе? – «Бесеудің хатын» жазған – бес адам. Олардың аты-жөндері белгілі. Олар хатты алғашында Сталинге жаз­бақшы болған. Кейін оны өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекинге жібереді. Осы бесеудің ішінде барлығы бірдей жазаға тар­тылды. Оның арасында екеуі 1937-38 жылғы репрессияның құрбаны бол­са, қалған үшеуінің де тағдыры оңай болған жоқ. Ғабең де қиындықты бір кісідей тартты. Ол өлкелік партия комитетіндегі жұмысынан шыға­рыл­ды. Одан кейін партиядан қуылды. – Бұл – 1938 жылы болған жағдай. Ол заманда партиядан шығу деген коммунист адам үшін ең үлкен жа­заның бірі еді. Партиядан шыққан соң немен айналысқан? – Рас айтасың, ол кезеңде партиядан шығу – ең үлкен жазаның бірі болды. Партияда жоқ адамды еш жерге жұмысқа алмайды. Ғабең де он жеті жылдай үйде отырып қалған. Жұмыстан кеткен соң да бірнеше рет «партияға қайта кіру» туралы арыз жазған. 1955 жылға дейін оның ары­зын қабылдаған жоқ. 17 жыл бойы тек таза шығармашылықпен айна­лысты. Оған дейін ол кісіні ешқандай қызметке қоймаған. 1956 жылдан бастап ғана қызметке араласа бас­тады. Кейін Жазушылар одағын, «Ара-Шмель» журналын басқарды. Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің де­путаты болғаны өз алдына, төраға­сына дейін көтерілді. – «Қаламгерді қуғын-сүргін за­ман­да сақтап қалған – «Амангелді» фильмі» деген де пікірлер айтылады. Бұл қан­шалықты шындыққа жана­сады? – «Амангелді» фильмінің тарихы өте күрделі болған. Оның сценарийін Бейімбет Майлин мен Ғабит Мү­сірепов екеуі бірігіп жазған. Фильм түсіріліп бастағаннан кейін оған Ива­нов дейтін үшінші авторды қо­сады. Ол орысша нұсқасын түзеуге, кейбір сценарлық жазбаларды өң­деуге қатысқан. Негізгі авторы екеуі болатын. Өмірдің кейде өте қызық сый ұсынатыны бар ғой. 1938 жылы фильм алғаш жарыққа шыққалы жатқанында Бейімбет Майлин «Ха­лық жауы» болып ұсталып, атылып кетеді. Мүсірепов те партиядан ­шы­ғарылып, жұмыстан қуылады. Фильмде Мүсірепов пен Ивановтың аты көрсетілсе де, одақтық баспа­сөздерде «Амангелді» фильміне қа­тысты «қазақ-совет фильмі жарық көрді, оның авторы – Иванов» деп жазылған екен. Сөйтіп екеуінің де аты елеусіз қалған. Майлин ақтал­ғаннан кейін ғана фильмді «Қазақ­фильм» «Ленфильмнен» сұратып алып, қайта көшіріп, тарихи шындықты қалпына келтіреді. Оның авторы ретінде Мүсірепов пен Майлиннің аты қатар жазылады. Ал тарихта ең алғашқы дыбысталған фильм ретінде «Аман­гелді» айтылатыны жасырын емес.

«Бейімбеттің адалдығына сенгем»

– Ғалым Тоқтар Бейісқұлов Май­лин туралы жазбаларының бірінде Ғабеңнің әйгілі сөзінен кейін оның да басына қара бұлт үйірілгенін айтады. Одан кейін Ғабең Мәскеуге кетеді. Сөйтіп жасырынып қалғанының арқасында аман қалды дейді. – Бейімбетті көп зерттеген адам­ның бірі – Тоқтар Бейісқұлов. Ға­лымның бұл сөзінің ақиқаты бар. Өйт­кені басына қауіп төнген кезде Ғабең бойтасалауға еріксіз мәжбүр болады. Жазушылар одағының пар­тия жиналысында: «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деп айтқаны да рас. Бұл – Ғабеңнің басын бәйгеге тігіп тұрып айтқан сөзі. Кейінірек бұл туралы: «Мен мұны қазір мақ­тан­герлікпен айтып отырғам жоқ. Ра­сында, сол кезде Бейімбеттің адал­дығына сенгем. Оның халыққа қарсы болатындай ешқандай харекетін көрген жоқпын. Ол нағыз адал, шыншыл жан болды» деп жазады. – «Партиядан шыққан соң, 1956 жылға дейін шығармашылықпен айналысып жүрді» дейсіз. Заманның беті бері қарағаннан кейін Бейімбеттің отбасының бірігуіне, балаларының қайта қауышуына көмектесе алды ма? Жалпы ұстаз тұтқан жанның отбасына қалай жәрдемдесті? – Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал апай да «Халық жауының» әйелі деп сотталып, балалары жан-жаққа шашырап кетті. Кейін 12 жастағы үлкен қызы Рәзия анасын іздеп Алжирге барады. Іні-сіңлілерін түгел жинауға Рәзияның еңбегі көп. Ол заманда бір-біріне ашық көмек беру қиын. Соған қарамастан, Ғабең де, Сәбең де Бейімбеттің отбасына қарайласып, қолдан келген көмек­терін аямаған. – Ғабең Майлинді ұстаз тұтты. Ол кісінің Аймауытовқа көзқарасы қалай болды? – Мұқанов өзінің өмір-дерекке толы «Өмір мектебі» атты шығар­ма­сында «Мүсіреповтің ұстазы Жүсіп­бек Аймауытов болатын» деп жазады. Шынында, Мүсірепов өзінің жазу стилінде Жүсіпбектен көп үйренген. Кейбір сөзді ойнатуда, құбылтуда Аймауытовтағы тіл қолданысын пай­даланған. Ғалымдарымыздың да зерттеу еңбектерінде бұл туралы ашық айтылады. Жазушы болғаннан кейін біреудің жазғанын сол қал­пында қайталамайды ғой. Аймауы­товтың өз мектебі бар. Қазақ көркем прозасында өзіндік биігі бар жазушы. Кеңес дәуірінде аты аталмай қалса, ол –идеологияның кесірі. Бірақ Мүсірепов Аймауытов бағытын, шы­ғарма көркем жазылу керек дейтін принципіне адалдық танытты. Бұл оның шығармаларынан да анық байқалады. Сәбең: «Жүсіпбекке елі­тіп, үйреніп жүрген кезінде Ғабит те қарындашты жиі ұштап қойып оты­рып жазғанды жақсы көретін» дейді. Жүсіпбектің әйелі ылғи қарындаш ұштап отырады екен. Өйткені күйеуі жазу жазған кезде бөгеліп қалмауы керек. Сол әдіс Ғабеңе де жұқса ке­рек. Музейде «Жат қолында» дейтін романының қолжазбасы сақтаулы тұр. Сол қолжазба қарындашпен жа­зылған. Ғабеңнің тағы бір артық­шы­лығы, шығарманы қайта-қайта кө­шіріп жазу мүлдем болмаған. – Қадыр Мырза Әлінің «37-нің қуғын-сүргінін көрген ақын-жазу­шылардың дені күнделік жазбаған» деп айтқаны бар еді. Ғабеңнің ерте кезде жазған күнделіктері бар ма? – Ғабеңнің күнделіктері бар. Ол қойын дәптерінің бірін: «осыдан былай күнделік жазып жүрмесем болмайды екен, өйткені ұмытшақтық қоюланып келеді» деп бастайды. – Бұл қай кезең еді? – 70-тен асқаннан кейін бас­та­ғаны рас. Оған дейін өзің айтқандай, ол заманда күнделік жазып, шын­дығын ашық айтып отыратын болса, оның бір сөзі, сөйлемі үшін де қу­ғындалып кетер еді. Сондықтан да олар күнделіктер мен хаттарға өте сақ қараған. Жойып, жыртып тастап отыр­ған. Ал бірақ Шәкәрімнің хатын Сәбең өмір бойы сақтап келген. 1958 жылы Мұхтар Әуезов атындағы әде­биет және зерттеу институтында Шәкәрімді ақтау жөнінде талқылау жиыны болып жатқан тұста Сәбең: «Менде Шәкәрімнің хаты бар» деген кезде жұрт шалқасынан түсіпті. Шә­кәрімнің хатын Сәбит Мұқанов сақ­тап жүр деп ешкім ойламаған. Ол хат қазір Орталық мұрағатта тұр. Шә­кәрімнің өз қолтаңбасы сақтал­ған жалғыз құнды дүние болып қалды.

Классиканы жоққа шығаруға болмайды

– Мүсіреповтің көп шығармасы кеңес дәуірінде жазылды. Кеңестік цензура деген тағы бар. Мәселен «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы – клас­сикалық дүние. Бірақ сол пьеса­дағы Науан хазіреттің бейнесін Ғабең за­манына лайықтап жазғаны белгілі. Қазір заман өзгерді, уақыт басқа. Ха­зіретті ақтау үшін «Ақан сері – Ақ­тоқ­ты» пьесасынан бас тарта ала­мыз ба? – Әрине, бір образ үшін драма­тургиядағы классикалық дүниемізді, Шекспирлік деңгейде жазылған шы­ғарманы жоққа шығаруға болмайды. Бұл жөнінде Науан хазіреттің ұрпақ­тары реніш білдіріп, «пьеса қойыл­масын» дегенге де барды. Тіпті ашық хат жазып, Мәдениет министрлігіне де жіберген. Министрлік осыған бай­ланысты актер-режиссерлерді ша­қырып, арнайы талқылау өткізеді. Асанәлі Әшімов бастаған актерлер «бұл спектакль – классикалық шы­ғар­ма, оны жоққа шығаруға болмай­ды» деген тұжырымдарын айтыпты. Егер сол шығармада Науанның аты аталмаса, тек қана хазірет деп алын­ған образ болса, ешқандай пікір ту­мас па еді деп ойлайсың. Науан ха­зірет тарихи тұлға болғандықтан, осындай қарама-қайшылықтардың тууы орынды. Ғабең өмір сүрген за­ман басқа еді. Тіпті «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбайдың образын алайықшы. Абайды өткізу үшін Әуезов Құнанбайдың толық образын аша алмай қалды. Қатал әке, озбыр ел билеуші деген бағытқа бұрылып кетті. – Ғабит Мүсірепов дегенде ойға не оралады? – Ғабит Мүсірепов дегенде оның кесек-кесек шығармаларын еске ала­мыз. «Оянған өлке», «Жат қолында», «Қазақ солдаты», «Ұлпан»... Осының бәрі де әдебиетімізге олжа салған дүниелер. Ал одан өзге Ғабеңнің әңгі­мелері бар емес пе? Көп жұрт Бейімбеттің, Ғабиттің әңгімелерін оқып өсті. Соның арқасында Май­лин, Мүсірепов мектебінен шықтық дейтіндердің де санаты көп. – Мүсіреповтер әулетінде Ғабең шығармаларына ие болып отырған, әдебиетке адалдық танытатын ұрпағы бар ма? – Ғабеңнің алты қызы болды. Хұсни апамыздан туған төрт қызы да қазір дүниеден озып кетті. Тұңғыш қызы Энгелина 1927 жылы дүниеге келген. Энгелина Мүсірепова Мүсі­репов музейін ашқан, соның алғаш­қы жетекшілерінің бірі болды. Му­зейде­гі экспонаттардың жасақта­луы­на да көп еңбек сіңірген. Қыздарынан ұр­пақтары бар. Олардың ішінде жа­зу­шылық жолды, Ғабеңнің жолын ұс­танғандары әзірге жоқ. Ғабең сияқ­ты қазақ сөзінің майын тамызып жаза­тын жазушы шыға ма, шықпай ма, білмеймін. Олардың бәрі де орыс­ша оқып, орысша тәрбиеленген... – Биыл – Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл. Қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? – Бұрынғыдай аста-төк той өтіп жатқан жоқ. Солтүстік Қазақстандағы Манаш Қозыбаев атындағы универ­ситет онлайн-конференция ұйым­дас­тырды. Оған жан-жақтан ғалым­дар қатысты. Мұхтар Әуезов атын­дағы әдебиет және өнер институты дөңгелек үстел өткізді. Музейде де әдеби бөлімнің экспозициясы жа­ңарды. Жаңадан шағын кинозал ашы­лып, онда «Амангелдіден» бас­тап, «Қыз Жібек», «Тарғыл қауын» көр­сетіледі. Одан бөлек ол кино­залдан Сергей Әзімовтің «Классиктің кеш оянған махаббаты» атты фильмін көруге болады.