«Қазақ солдаты», «Жат қолында», «Оянған өлке», «Ұлпан» – қазақ көркем әдебиетінің жауһарлары. Ғабит Мүсірепов – қазақ сөзіне, қазақ әдебиетіне адалдық танытқан жан. Биыл көрнекті жазушының туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражайының директоры, ақын Әділғазы Қайырбековпен Ғабең туралы әңгіме қозғадық. – Ғабит Мүсіреповтің ең алғашқы очеркі – «Тулаған толқында» екенін оқырман жақсы біледі. Жалпы Ғабеңнің шығармашылыққа келуіне Сәбит Мұқанов тікелей себепкер болған деседі. Оның балалық өмірінен жазылмай қалған «құпия» тұстары бар ма? – Ғабең балалық шағында алғашқы сауатты молдадан оқып, арабша хат таниды. Одан кейін 1918-1921 жылдары Пресногорьков стансасындағы жетіжылдық училищеде орысша білімін шыңдайды. Осы мектепті бітіретін жылы емтихан тапсырады. Оларға берілген тапсырма – шығарма жазу. Тақырып – базарға барып, сондағы көзбен көрген оқиғаларын көркем дүниеге айналдыру. Ғабеңнің жазған дүниесі он парақтан асып кетеді. Ең қызығы, сол он парақ жазудан 150 қате болыпты. Шығарманы қабылдап алған комиссияның басы қатып, қандай баға қоярын білмейді. Тек ұстазы Сильвия Шехтер ғана «бұл шығармаға бес қоямын» деп қадалып отырып алыпты. Ақырында талқылауға директор да қатысады. Ұстазының айтқан жалғыз уәжі: «бұл бала болашақта жазушы болады» деген екен. Кейін бұл туралы Ғабең өзінің күнделіктерінде жазады. Сонша қате кеткен, қып-қызыл ала болған шығарманы ұстазының беске бағалауы – шәкіртінің келешегін тап басып, тануында жатыр. Ғабеңнің ең алғашқы шығармасы қайсы дегенде, осы жазбасы еске түседі. «Тулаған толқында» – ең алғаш жазған очеркі екені де рас. Орынбор жұмысшы факультетінің (рабфагының) қабырға газетінде жарияланған. Оны ең алғаш көрген Бейімбет Майлин «жаз, жаза түс» деп батасын берген. Кітап болып басылғанда редакторы Сәбит Мұқанов болыпты. Сәбең редакторлық еткен тұста шығармаға кішкене қалам тигізіп, мұртын басып жіберсе керек. Кітап шыққаннан кейін Ғабең оған хат жазады. 1928 жылы жазылған хатта: «Менің үлгі тұтатын адамым – Николай Гоголь. Ол еш уақытта өз шығармасында түпкі идеясын бірден білдіре қоймайды. Өзінде сақтайды. Мен де кейбір ойымды соңына сақтап едім. «Тезірек айтылмады» дегендей, ескертулер жасаған сияқтысың» деп жазады. Бұл кезде Ғабеңнің жасы – 28-де. Гогольді үлгі тұту Ғабеңнің бүкіл шығармаларында байқалады. Юмор, сарказм, астар, тұспал – осының бәрі де сол кездегі өзіндік ұстанған әдеби ұстанымына байланысты қалыптасқан болуы керек деп ойлаймыз. – Бала Ғабдә-әл-Ғабит Ғабитке қалай ауысты? – Ғабеңнен бірде немере інісі Екпін Махмудов: «Ғабе, біз бірге туған туыстардан тараймыз. Сіз Мүсірепов болып жазылғансыз, өзгеміздің бәрі Махмудов болып кеттік. Бұл қалай?» деп сұрайды. Сонда Ғабең: «Училищеге оқуға барғанымда «фамилияң кім?» деп сұрады. Онда фамилия дегеннің не екенін білмейді екем. «Атаң кім?» дегенінде, «Мүсіреп» деп жауап бердім. Содан бастап, Мүсірепов болып кеттім» дейді. Ғабдә-әл-Ғабит деген есімінің қысқаруы да содан болса керек. Көпшілік ұзақ есімді көп атай бермейді ғой.
«Амангелдінің» сценарийін екеуі жазған
– Әйгілі «Бесеудің хаты» үшін Мансұр Ғатаулин өлім жазасына кесілді. Оның үстіне «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деп тайсалмай айтқаны тағы бар. Мұның бәрі қаламгердің қуғындалуына, тұтқындалуына «таптырмас» себептер еді. Алайда, Ғабеңді осы бір қуғын-сүргін жылдарында сақтап қалған не нәрсе? – «Бесеудің хатын» жазған – бес адам. Олардың аты-жөндері белгілі. Олар хатты алғашында Сталинге жазбақшы болған. Кейін оны өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекинге жібереді. Осы бесеудің ішінде барлығы бірдей жазаға тартылды. Оның арасында екеуі 1937-38 жылғы репрессияның құрбаны болса, қалған үшеуінің де тағдыры оңай болған жоқ. Ғабең де қиындықты бір кісідей тартты. Ол өлкелік партия комитетіндегі жұмысынан шығарылды. Одан кейін партиядан қуылды. – Бұл – 1938 жылы болған жағдай. Ол заманда партиядан шығу деген коммунист адам үшін ең үлкен жазаның бірі еді. Партиядан шыққан соң немен айналысқан? – Рас айтасың, ол кезеңде партиядан шығу – ең үлкен жазаның бірі болды. Партияда жоқ адамды еш жерге жұмысқа алмайды. Ғабең де он жеті жылдай үйде отырып қалған. Жұмыстан кеткен соң да бірнеше рет «партияға қайта кіру» туралы арыз жазған. 1955 жылға дейін оның арызын қабылдаған жоқ. 17 жыл бойы тек таза шығармашылықпен айналысты. Оған дейін ол кісіні ешқандай қызметке қоймаған. 1956 жылдан бастап ғана қызметке араласа бастады. Кейін Жазушылар одағын, «Ара-Шмель» журналын басқарды. Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаты болғаны өз алдына, төрағасына дейін көтерілді. – «Қаламгерді қуғын-сүргін заманда сақтап қалған – «Амангелді» фильмі» деген де пікірлер айтылады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? – «Амангелді» фильмінің тарихы өте күрделі болған. Оның сценарийін Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов екеуі бірігіп жазған. Фильм түсіріліп бастағаннан кейін оған Иванов дейтін үшінші авторды қосады. Ол орысша нұсқасын түзеуге, кейбір сценарлық жазбаларды өңдеуге қатысқан. Негізгі авторы екеуі болатын. Өмірдің кейде өте қызық сый ұсынатыны бар ғой. 1938 жылы фильм алғаш жарыққа шыққалы жатқанында Бейімбет Майлин «Халық жауы» болып ұсталып, атылып кетеді. Мүсірепов те партиядан шығарылып, жұмыстан қуылады. Фильмде Мүсірепов пен Ивановтың аты көрсетілсе де, одақтық баспасөздерде «Амангелді» фильміне қатысты «қазақ-совет фильмі жарық көрді, оның авторы – Иванов» деп жазылған екен. Сөйтіп екеуінің де аты елеусіз қалған. Майлин ақталғаннан кейін ғана фильмді «Қазақфильм» «Ленфильмнен» сұратып алып, қайта көшіріп, тарихи шындықты қалпына келтіреді. Оның авторы ретінде Мүсірепов пен Майлиннің аты қатар жазылады. Ал тарихта ең алғашқы дыбысталған фильм ретінде «Амангелді» айтылатыны жасырын емес.«Бейімбеттің адалдығына сенгем»
– Ғалым Тоқтар Бейісқұлов Майлин туралы жазбаларының бірінде Ғабеңнің әйгілі сөзінен кейін оның да басына қара бұлт үйірілгенін айтады. Одан кейін Ғабең Мәскеуге кетеді. Сөйтіп жасырынып қалғанының арқасында аман қалды дейді. – Бейімбетті көп зерттеген адамның бірі – Тоқтар Бейісқұлов. Ғалымның бұл сөзінің ақиқаты бар. Өйткені басына қауіп төнген кезде Ғабең бойтасалауға еріксіз мәжбүр болады. Жазушылар одағының партия жиналысында: «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деп айтқаны да рас. Бұл – Ғабеңнің басын бәйгеге тігіп тұрып айтқан сөзі. Кейінірек бұл туралы: «Мен мұны қазір мақтангерлікпен айтып отырғам жоқ. Расында, сол кезде Бейімбеттің адалдығына сенгем. Оның халыққа қарсы болатындай ешқандай харекетін көрген жоқпын. Ол нағыз адал, шыншыл жан болды» деп жазады. – «Партиядан шыққан соң, 1956 жылға дейін шығармашылықпен айналысып жүрді» дейсіз. Заманның беті бері қарағаннан кейін Бейімбеттің отбасының бірігуіне, балаларының қайта қауышуына көмектесе алды ма? Жалпы ұстаз тұтқан жанның отбасына қалай жәрдемдесті? – Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал апай да «Халық жауының» әйелі деп сотталып, балалары жан-жаққа шашырап кетті. Кейін 12 жастағы үлкен қызы Рәзия анасын іздеп Алжирге барады. Іні-сіңлілерін түгел жинауға Рәзияның еңбегі көп. Ол заманда бір-біріне ашық көмек беру қиын. Соған қарамастан, Ғабең де, Сәбең де Бейімбеттің отбасына қарайласып, қолдан келген көмектерін аямаған. – Ғабең Майлинді ұстаз тұтты. Ол кісінің Аймауытовқа көзқарасы қалай болды? – Мұқанов өзінің өмір-дерекке толы «Өмір мектебі» атты шығармасында «Мүсіреповтің ұстазы Жүсіпбек Аймауытов болатын» деп жазады. Шынында, Мүсірепов өзінің жазу стилінде Жүсіпбектен көп үйренген. Кейбір сөзді ойнатуда, құбылтуда Аймауытовтағы тіл қолданысын пайдаланған. Ғалымдарымыздың да зерттеу еңбектерінде бұл туралы ашық айтылады. Жазушы болғаннан кейін біреудің жазғанын сол қалпында қайталамайды ғой. Аймауытовтың өз мектебі бар. Қазақ көркем прозасында өзіндік биігі бар жазушы. Кеңес дәуірінде аты аталмай қалса, ол –идеологияның кесірі. Бірақ Мүсірепов Аймауытов бағытын, шығарма көркем жазылу керек дейтін принципіне адалдық танытты. Бұл оның шығармаларынан да анық байқалады. Сәбең: «Жүсіпбекке елітіп, үйреніп жүрген кезінде Ғабит те қарындашты жиі ұштап қойып отырып жазғанды жақсы көретін» дейді. Жүсіпбектің әйелі ылғи қарындаш ұштап отырады екен. Өйткені күйеуі жазу жазған кезде бөгеліп қалмауы керек. Сол әдіс Ғабеңе де жұқса керек. Музейде «Жат қолында» дейтін романының қолжазбасы сақтаулы тұр. Сол қолжазба қарындашпен жазылған. Ғабеңнің тағы бір артықшылығы, шығарманы қайта-қайта көшіріп жазу мүлдем болмаған. – Қадыр Мырза Әлінің «37-нің қуғын-сүргінін көрген ақын-жазушылардың дені күнделік жазбаған» деп айтқаны бар еді. Ғабеңнің ерте кезде жазған күнделіктері бар ма? – Ғабеңнің күнделіктері бар. Ол қойын дәптерінің бірін: «осыдан былай күнделік жазып жүрмесем болмайды екен, өйткені ұмытшақтық қоюланып келеді» деп бастайды. – Бұл қай кезең еді? – 70-тен асқаннан кейін бастағаны рас. Оған дейін өзің айтқандай, ол заманда күнделік жазып, шындығын ашық айтып отыратын болса, оның бір сөзі, сөйлемі үшін де қуғындалып кетер еді. Сондықтан да олар күнделіктер мен хаттарға өте сақ қараған. Жойып, жыртып тастап отырған. Ал бірақ Шәкәрімнің хатын Сәбең өмір бойы сақтап келген. 1958 жылы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және зерттеу институтында Шәкәрімді ақтау жөнінде талқылау жиыны болып жатқан тұста Сәбең: «Менде Шәкәрімнің хаты бар» деген кезде жұрт шалқасынан түсіпті. Шәкәрімнің хатын Сәбит Мұқанов сақтап жүр деп ешкім ойламаған. Ол хат қазір Орталық мұрағатта тұр. Шәкәрімнің өз қолтаңбасы сақталған жалғыз құнды дүние болып қалды.Классиканы жоққа шығаруға болмайды
– Мүсіреповтің көп шығармасы кеңес дәуірінде жазылды. Кеңестік цензура деген тағы бар. Мәселен «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы – классикалық дүние. Бірақ сол пьесадағы Науан хазіреттің бейнесін Ғабең заманына лайықтап жазғаны белгілі. Қазір заман өзгерді, уақыт басқа. Хазіретті ақтау үшін «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасынан бас тарта аламыз ба? – Әрине, бір образ үшін драматургиядағы классикалық дүниемізді, Шекспирлік деңгейде жазылған шығарманы жоққа шығаруға болмайды. Бұл жөнінде Науан хазіреттің ұрпақтары реніш білдіріп, «пьеса қойылмасын» дегенге де барды. Тіпті ашық хат жазып, Мәдениет министрлігіне де жіберген. Министрлік осыған байланысты актер-режиссерлерді шақырып, арнайы талқылау өткізеді. Асанәлі Әшімов бастаған актерлер «бұл спектакль – классикалық шығарма, оны жоққа шығаруға болмайды» деген тұжырымдарын айтыпты. Егер сол шығармада Науанның аты аталмаса, тек қана хазірет деп алынған образ болса, ешқандай пікір тумас па еді деп ойлайсың. Науан хазірет тарихи тұлға болғандықтан, осындай қарама-қайшылықтардың тууы орынды. Ғабең өмір сүрген заман басқа еді. Тіпті «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбайдың образын алайықшы. Абайды өткізу үшін Әуезов Құнанбайдың толық образын аша алмай қалды. Қатал әке, озбыр ел билеуші деген бағытқа бұрылып кетті. – Ғабит Мүсірепов дегенде ойға не оралады? – Ғабит Мүсірепов дегенде оның кесек-кесек шығармаларын еске аламыз. «Оянған өлке», «Жат қолында», «Қазақ солдаты», «Ұлпан»... Осының бәрі де әдебиетімізге олжа салған дүниелер. Ал одан өзге Ғабеңнің әңгімелері бар емес пе? Көп жұрт Бейімбеттің, Ғабиттің әңгімелерін оқып өсті. Соның арқасында Майлин, Мүсірепов мектебінен шықтық дейтіндердің де санаты көп. – Мүсіреповтер әулетінде Ғабең шығармаларына ие болып отырған, әдебиетке адалдық танытатын ұрпағы бар ма? – Ғабеңнің алты қызы болды. Хұсни апамыздан туған төрт қызы да қазір дүниеден озып кетті. Тұңғыш қызы Энгелина 1927 жылы дүниеге келген. Энгелина Мүсірепова Мүсірепов музейін ашқан, соның алғашқы жетекшілерінің бірі болды. Музейдегі экспонаттардың жасақталуына да көп еңбек сіңірген. Қыздарынан ұрпақтары бар. Олардың ішінде жазушылық жолды, Ғабеңнің жолын ұстанғандары әзірге жоқ. Ғабең сияқты қазақ сөзінің майын тамызып жазатын жазушы шыға ма, шықпай ма, білмеймін. Олардың бәрі де орысша оқып, орысша тәрбиеленген... – Биыл – Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл. Қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? – Бұрынғыдай аста-төк той өтіп жатқан жоқ. Солтүстік Қазақстандағы Манаш Қозыбаев атындағы университет онлайн-конференция ұйымдастырды. Оған жан-жақтан ғалымдар қатысты. Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дөңгелек үстел өткізді. Музейде де әдеби бөлімнің экспозициясы жаңарды. Жаңадан шағын кинозал ашылып, онда «Амангелдіден» бастап, «Қыз Жібек», «Тарғыл қауын» көрсетіледі. Одан бөлек ол кинозалдан Сергей Әзімовтің «Классиктің кеш оянған махаббаты» атты фильмін көруге болады.