Жарнамасында – «жұмақ», шартында – «тозақ»
Қазақстанда заң бойынша банктер мен микронесие ұйымдары беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі қатаң шектелген. Атап айтқанда, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті көлемі кепілзатсыз банктік заемдар мен микрокредиттер бойынша 56%-дан аса алмайды. Кепілзат қойып алынған заемдар бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні – 40%-ға, ипотека бойынша – 25%-ға дейін құрайды. 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін, сомасы 50 АЕК-тен аз болатын кепілді микронесиелер бойынша ЖТСМ 20%-дан аспауы шарт. Алайда МҚҰ-лар бұл талапты сақтамайды. Дәлірек айтқанда, оны айналып өтудің жолын тапқан: микронесие сыйақысы заңдағы нормативтерге сай болады, бірақ егер клиент келісімде жазылған шарттардың бірін бұзса, МҚҰ-ның сыйақысы шарықтап шыға келеді. Қазақстандық мамандандырылған Allbanks порталы микроқаржы ұйымдарынан 5-10 миллион теңгедей шағын несиені жылдам рәсімдеп, алуға болатынын, бұл ретте ЖТСМ ғаламат 739%-ға дейін жетуі мүмкін екенін ескертеді. Бұған қоса, кредитті уақытылы төлемесе, өсімпұл есептеледі, оның мөлшері алдын ала келісімде көрсетіледі. Жалпы, төбе шашты тік тұрғызар көлемде сыйақы алатынын, көркем тілмен айтқанда бір жұмыртқа берсе, орнына бірнеше тауықты талап ететінін осы компаниялар жасырмайды. Әйткенмен, мұны олар кейде APR деген терминмен бүркемелеуі мүмкін. Бұл Annual Percentage Rate, яғни максималды жылдық пайыздық ставка дегенді білдіреді. Дамыған елдерде бұл – ЖТСМ-нің синонимі. Ал Қазақстанда қарыздан байлық жиғандар оның өңін айналдырып, шамадан тыс пайда табудың құралы ретінде қолданады. Мысалы, Koke.kz маркасымен белгілі Creditum МҚҰ-сының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 1,22%-дан басталады. APR-ы – 365%. Tengo.kz маркасымен танылған Sofi Finance МҚҰ-сында да ресми ЖТСМ – 1,22%-дан басталып, APR-ы – 365%-ға жетеді. Zaimer.kz маркасын пайдаланатын «Робокэш.кз» МҚҰ-ның ЖТСМ-ы 0,12%-дан басталады. APR-ы – адам сенбес 739,86%. Creditplus.kz маркасын иеленген Kredit Seven Kazakhstan МҚҰ-сының ЖТСМ-ы – 3,72%-дан басталып, максималды жылдық пайыздық ставкасы 730%-ға жетеді. Soscredit.kz микроқаржы ұйымы да қу бастан қуырдақтық ет қырқуға шеберленген: халықты 0,01%-дан басталатын несие алуға шақырады, әйтсе де APR-ы – 180%-ға барады. Жасыратыны жоқ, МҚҰ-ларға жүгінетін жұрттың басым көпшілігі – қарызын уақытылы қайтаруға қауқарсыз жандар. Яғни, олар осы үш әріптің астарында жасырылған тұзаққа түсіп қалады, түпсіз борыш батпағына батады, барлық есепшоты, банктік карталары бұғатталып, мүскін халге түседі, тағдырдан теперіш көреді.Алаяқтардың өрісіне айналған сала
Сорақысы сол, микрокредит жүйесі алаяқтардың жемсауына айналып кетті. Қоңырау шалған алаяқтардың айтағына жүріп, айдауына көніп қойғандар олардың өз атына микронесие рәсімдеп жатқанын түсінбей қалады. Бұл туралы ақпарат құралдары үнемі жазады. Мұның сыртында микроқаржы жүйесінің тұрақты клиенттері қатарында лотоклубтарды жағалайтындар, спорттық және басқа сайыстарға бәс тігетіндер көп. Гүлнар Б. күйеуі Еріктің лудоманияға шалдыққанына – құмар ойындарына шектен тыс елігіп кеткеніне шағымданады. Содан ол 2022 жылғы ақпанда Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығына жазбаша мәлімдемемен жүгінеді. Онда ол ойынқұмардың туысы ретінде заңнамада берілген құқығын пайдаланып, күйеуіне бұдан былай МҚҰ-лардың несие беруіне тыйым салуды сұрайды. «Жұбайымның микрокредит алу мүмкіндігін бұғаттап тастауым қажет болды. Бұл үшін МҚҰ-лар оның дербес деректерін «қара тізімге» енгізуі шарт. Себебі бұдан оның отбасы мүшелері зардап шекті. Кәмелетке толмаған үш баламыз бар. Бізге шетсіз-шексіз, бітпейтін-қоймайтын кредиттерді өтеуге тура келеді. Алайда қауымдастыққа өтініш жолдағаннан кейін Мoney-express.kz сауда маркасына ие «аФинанс» микроқаржы ұйымы (MFAF) және Akshabar МҚҰ-сы күйеуіме түрлі сомада жаңа несие алу өтініштерін мақұлдапты. Сөйтіп, жалпы сомасы 322,5 мың теңге несие берген. Сонда Қазақстанда заң, ереже жұмыс істемейтін болғаны ма? Әлде аталған МҚҰ-лар қауымдастыққа мүше болмай, қаржылық реттеушінің лицензиясынсыз, оларға бағынбай, өз бетінше жұмыс істеп жатыр ма? Түсінбедім», – деп тұнжырайды Гүлнар. Ол жаңа кредиттерді өтеуге жағдайы жарамайтынын жеткізді, ендеше заңдардың уақытылы әрі толыққанды орындалмауы кесірінен тағы бір отбасы қиын өмірлік жағдайға тап болғандар санатына кіруге шақ тұр. Бибігүл Д. әлдекімдер сыртынан Sulpak дүкенінде қымбат 3 смартфонды несиеге рәсімдегенін кеш біледі. Содан дереу Алматы қаласының Жетісу ауданының полиция басқармасына жүгіреді. «Менің атымнан Фридом Финанс микроқаржы ұйымы арқылы бөгде біреулер микронесие рәсімдеп, 3 смартфон алыпты. Оған мен қатысқан жоқпын. Келісімде менің қолым жоқ. Алайда полицейлер өтінішімді қабылдап алғанымен, әрекетсіз отыр. Алматы қаласының прокуратурасына жүгініп, полицияның негізсіз әрекетсіздігіне шағым жаздым, прокуратура өтінішімді қанағаттардырып, полиция басқармасына нұсқау берді. Сонда да іс ілгері жылжыр емес. Айыпты тұлғаларды анықтау шаралары пәрменді жүргізіліп жатқан жоқ. Іске үстірт қарайды. Тергеуші екі ай өтсе де, 3 смартфонды кімдердің алып кеткенін нақтыламаған. Дүкенде бейнебақылау бар ғой», – дейді Бибігүл. Оған қазір микроқаржы ұйымының менеджері үздіксіз қоңыраулатып, микронесиесінің күн санап өсіп жатқанын, төлем енгізбесе, сотқа беретінін айтып, қорқытатын көрінеді. Жәбірленуші МҚҰ-ға қылмыстық істің қозғалғаны туралы құжаттарды ұсыныпты. Бұған олар пысқырмапты. Бибігүл қысымнан жүрегі сыр бергеніне, дәріге таңылғанына мұң шағады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шынында да Жетісу аудандық полиция басқармасы жәбірленушіден өтінішін қабылдап алған соң Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіпті. Алайда оны 2022 жылғы 10 маусымда тоқтата салған. Бұл шешімді Жетісу аудандық прокуратурасы жойған соң, артынша істі өндіріске қайта қабылдады. ІІМ шағым иесінің өтінішімен Алматы полиция департаментіне толық, жан-жақты, объективті тергеу жүргізуге, қылмысты ашу үшін түбегейлі шаралар қабылдауға тапсырма берді. Бұдан не нәтиже шығатыны әзірге белгісіз.Халықтың қамын кім ойлар?
Ranking мониторинг агенттігінің мәліметінше, қазіргі кезде микроқаржы ұйымдары белсенділіктің шырқау шегіне жетті. Нақтыласақ, тек бір жыл ішінде МҚҰ-лардың қарыз портфелі бірден 62%-ға ұлғайған. Осылайша, олар қаржы нарығындағы ең қарқынды дамушы секторға айналды. Биылғы бірінші тоқсанда МҚҰ-лар берген микрокредиттер сомасы 756,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл былтырғы ауқымнан 62,1% көп және рекордтық көрсеткіш саналады. Жалпы алғанда, соңғы бес жыл бойы микроқаржы ұйымдарының несие сомасы жыл сайын орта есеппен 47,4%-ға артып отырды. Мұндай қарқынды әрі орнықты өсім өзге салаларда сирек кездеседі. Дамыған елдерде МҚҰ мүлдем танымал емес, өйткені банктер беретін несие өнімдері тиімді, арзан, ыңғайлы. Оларға балама ретінде ломбардтар желісі дамыған. Қазақстанда МҚҰ-лар біраз жыл бойы қарапайым бұқараға арналған төменгі сегмент ретінде қарастырылып келді. Өйткені бизнеске, ауқатты адамдарға ірі көлемде кредит керек, ондай сома МҚҰ-ларда болмайтын: банктерден айырмашылығы сол, МҚҰ-лар халықтың триллиондаған жинақ қаражатын тарта алмайды. Тиісінше, бұлар тек төл капиталын қарызға үлестіретін. Ірі МҚҰ-ларды ескі билікке жақын тұлғалар сатып алғаны туралы да сөз шықты. 2020 жылы Ұлттық банк МҚҰ-лардың дамуына кедергі болған шектеуді жойды. Енді микроқаржы ұйымдары қорландырудың жаңа көзіне қол жеткізді: олар биржадан, қор нарығынан, тіпті шетелден – халықаралық қаржы ұйымдарынан арзан несие тарта алады. Бұрын мұндай мүмкіндігі болмаған. Бүгінде қазақстандық МҚҰ-лар негізінен сырттан, халықаралық қаржы институттарынан заем тартады. Мысалы, KMF МҚҰ-сының міндеттемелері құрылымында 91,7% – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше дамыған елдердің қаржылық ұйымдарынан тартылған қарыз саналады. Бұдан бөлек, МҚҰ-лар төл облигацияларын шығарып, орналастыру арқылы биржадан белсенді түрде қаражат жұмылдырып жатыр. Нәтижесінде, 2022 жылғы наурыз қорытындысында МҚҰ-лардың міндеттемелері құрылымында сырттан тартылған заемдар үлесі 80,1%-ға дейін төмендеді. 7,1% үлес облигация арқылы тартылған қаржыға тиесілі. Бүгінде KASE және AIX отандық биржаларында 15-тен астам МҚҰ құнды қағаздарын саудалауда екен. Олардың бірнешеуі екінші деңгейлі банкке трансформациялауға әзірленіп жатыр.Нәтижесінде, олар халықтың, бизнестің, мемлекеттің және квазимемлекеттік сектордың қаражатын депозит ретінде тарту игілігіне қол жеткізеді. Қарап тұрсақ, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржы ұйымдарының қанат жаюына және жүздеген миллиард ауқат жиюына барынша жағдай жасады. Ал олардың талауына тасталып, көкпар тулағына айналған қарапайым бұқараны қорғау жайына билік қашан бас қатырар екен?Елдос Сенбай