Трансұлттық қылмысқа тосқауыл
Трансұлттық қылмысқа тосқауыл
975
оқылды
Еліміздің орталық бөлігінде орналасқан Қарағанды облысын­да трансұлттық қылмыстық топ­тар бой көрсетіп тұрады. Тек соң­­ғы бес жылдың өзінде транс­ұлттық қылмыстық топтарға қа­тысы бар 19 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Талғат Мұқашев транс­ұлттық қылмыс жаһандық сипатқа ие бола бастағанын және одан ешқандай мемлекет сақтандырылмағанын айтты. Әрі мұндай қылмыстарды ашу оңайға соқпайды. Бірнеше мемлекеттің шекарасында жасалатын және бір-бірімімен тығыз байланыста болатын қылмыскерлердің әрекетін әшкерелеуге ұзақ уақыт қажет. – Трансұлттық қылмыстық әрекеттің негізгі бағыттары – тыйым салынған тауарлар мен қызметтерді немесе рұқсат етілген өнімдерді контрабандалау. Одан бөлек, кедендік, салықтық және басқа да алымдардан жалтару, ауқымды қаржылық заңсыз операциялар, заңды түрде өндірілген тауарларды, ақшаны, зергерлік бұйымдарды, мәдени және басқа да құнды тауарларды ұрлау да осы қылмыс санатына жатады, – дейді Талғат Мұқашев. Жалпы, трансұлттық қылмыстың тармақтары көп. Тіпті, есірткі бизнесі де осы салаға кіреді екен. Оған қоса қару-жарақ, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылардың заңсыз айналымы, автомобильдер мен олардың жүктерінің ұрлануы мен контрабандасы да бар. Адам саудасы, әйелдер мен балаларды сексуалдық қанау, мәдениет объектілері мен өнер туындыларына қатысты жасалған қылмыстар, компьютерлік қылмыстар оның қызметінің негізгі салаларына жатады. Қадағалау органы басшысының берген мәліметі осындай. Бұл бірқатар трансұлттық қылмыстық ұйымдарға тән. – Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасына сәйкес трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оны басқару, сол сияқты оларға қатысу аса ауыр қылмыстар санатына жататынын және жиырма жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ұмытпау керек. Бірақ жазаның ауырлығы да қылмыскерлерге тосқауыл болмай тұр. Мысалы, соңғы бес жылда облыс аумағында трансұлттық сипаттағы есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар 19 адамға қатысты 2 қылмыстық іс тіркелді, – дейді Талғат Мұқашев. Солардың бірқатарына мысал келтіре кетейік. Мысалы, биыл ұйым­дасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты айыптау үкімі шығарылды. Ал оның басында Ресей Федерациясының азаматы тұр. Ол Қазақстан Республикасының аумағында тұратын ресейліктермен байланысқа шығып, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өндіруді, дайындауды, сақтауды, өткізуді ұйым­дастыру үшін тұрақты трансұлттық ұйымдасқан топ құрған. Мобильді мессенджерлерде курьер ретінде жұмыс ұсынатындары туралы түрлі сайтта хабарландырулар жариялаған. Нәтижесінде, ұйымдасқан қылмыстық топтың нақты пиғылын білетіні бар, білмейтіні бар, барлығы құқық қорғау органдарының жіті әрекетінің нәтижесінде ұсталып, жазаларын өтеуде. Бұл – бір ғана мысал. Курьер боламын деп, тұтылып, білместікпен ұсталғандардың саны қаншама?! Жоғарыда айтып өткен қылмыстық топтың ұйымдастырушысы өзге елде жүріп-ақ серіктестеріне, сұйықтық түріндегі есірткі заттары сақталған канистрлердің орналасқан орындары көрсетілген сурет жіберді. Бұл канистрлер одан әрі кептіру және психотроптық заттарды жасау үшін жеке сектордағы үйлерде ұйымдастырылған химиялық зертханаларға жеткізіледі. Дайын зат пакеттерге салынып, белгілі бір жерлерге орналастырылады. Ал жергілікті жерлердегі ұйымдастырушылар әрі қарай іске өткізу үшін Signal жіберіледі. Сондай-ақ ұйымдастырушының нұсқауы бойынша есірткі заттары жеңіл автокөліктердің бензобактары арқылы немесе inDriver жүргізушілері арқылы басқа облыстарға жіберіледі. Мереке кезінде де сауда-саттықтың өз­ге түрімен бірге есірткі өткізушілердің қол жүреді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мұндай «сыйлық­ты» жаңажылдық кештерге ішімдік бөтелкесіне салып жөнелтілетінін айтады. Қылмыстық топтың құйтырқы ай­ла-әрекетіне қарамастан, құқық қорғау органдарының қызметкерлері аталған заңсыз әрекетті анықтап, тамы­рына балта шапты. Сот үкімімен трансұлттық ұйымдасқан топтың 6 адамы 15 жылдан 16 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. – Бұл – бір ғана факт. Үш жыл бұрын 13 адам, атап айтқанда, ресейлік 2 азамат, қазақстандық 11 азамат трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында аса ірі мөлшерде есірт­кі құралдарының заңсыз айналымы үшін сотталды, – дейді Талғат Мұқашев. Талған Мұқашев құқық қорғау органдарының қызметкерлері астыртын әрекетті күшейткендіктен, есірткі жеткізілетін арналарды анықтай алмағандығын жеткізді. Нәтижесінде, есірткі құралдары айналымының сызбасы анықталып, қылмыс тоқтатылған.