Басқа түскен қиындық біреулерді қайта тұрмастай етіп, мұқалтып тастаса, енді біреулерді шыңдап, өмірге деген құштарлығын еселеп арттырады. Қарасайлық қайсар жігіт Асылбек Жалдыбаевты тағдырдың күтпеген сынағына қасқая қарсы тұра білетін сондай мықты жандардың қатарына ойланбастан қосуға болады. Ол жол-көлік апатынан соң ауыр жарақат алып, орнынан қозғалуы мұң болып қалғанына қарамастан, қалыпты тірлік үшін күресе білудің керемет үлгісін көрсетті. Өзі аяғына тұрып қана қоймай, Қаскелең қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Күш-қуат» атты спорттық оңалту орталығын ашып, тағдырластарына көмек қолын созған. Кейіпкеріміз Асылбек Шамалған ауылында 1984 жылы дүниеге келген. Әкесі – құрылысшы, анасы – невропатолог-дәрігер. Отбасының үлкені ретінде соңынан ерген іні-қарындастарына өз ісімен өнеге болған ол Қаскелеңде орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматыдағы Абай атындағы университеттен заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алған. Жол-көлік оқиғасына ұшырағанға дейін аудандық прокуратурада, қаржы полициясында сол мамандығы бойынша еңбек етті. 2010 жылы аяқ астынан тап болған қайғылы жағдай оның тыныш өмірін күрт өзгертті. – Жап-жас, денсаулығыңа шағым айтпай шапқылап жүрген шағыңда бір сәтте дәрменсіздікке душар болудан, ауыр жарақаттан соң денең икемге келмей қалудан асқан қорлық жоқ екен. Дәл сондай айналадан мүлде түңілген кезде отбасыңның қолдауы көп көмектесетіндігіне көзім әбден жетті. Әсіресе, қиналғанымда қасымнан шықпай, барлық ауыртпалықты бөліскен анам мен қарындасыма алғысым шексіз. Отбасым жалғыз қалып құлазуыма, тірліктен түңілуіме жол бермеді. Сөзбен де, іспен де демеді. Өзіме деген сенімімді оята білді, – дейді өткен күндерге ойша саяхаттаған Асылбек. Дәрігерлерден ем-дом алып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдағаннан кейін өзінің басына түскен күрделі жағдайда дәрі-дәрмекке сенудің қажеті шамалы екендігін, тек қана ұзаққа созылатын оңалту ғана орнынан тұрғызатынын сезінді. Алматы қаласында, Ресейде және тағы басқа елдердегі оңалту орталықтарындағы түрлі сауықтыру шараларынан өткеннен кейін жағдайы біршама жақсарды. Өз аяғына тұрған соң, осындай оңалту орталығын Қаскелең қаласынан ашуды ойына алды. Бастамасын бірінші кезекте отбасы қолдады. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы желісі бойынша қатысқан мемлекеттік бағдарламалардың көмегі тиді. Алғашқы талпынысы кезінде қолдау білдірген аудандық филиалдың менеджер-кеңесшісі, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Елена Константинова әлі күнге қолтығынан демеп келеді. Дәл осы Елена кәсіпкерлікке оқуға, ғимаратты жалға алуға, бизнес-жоспарын қорғап, грантқа қол жеткізуіне мүмкіндігінше жәрдемдесті. – Алғашында оңалту орталығын басқалар сияқты жақын жандардың, оның ішінде інімнің немесе қарындасымның есімімен атағым келді. Кейіннен анаммен ақылдаса келе, орталықтың аты мен заты сай болуға тиісті деген шешімге келдім. Адамдар жолыққанда, өзара амандық-саулық сұрасқанда, бір-біріне: «Құдай саған күш-қуат берсін...!» деп жатады емес пе!? Соған тоқталып, мүгедек жандарға күш-қуат оралып, сенімдері оянсын деген ниетпен «Күш-қуат» деген атауға тоқталдым, – дейді Асылбек Жалдыбаев. Орталықтың жұмыс істегеніне 5 жыл болды. Негізгі жұмысы – жарақат алған, инсультке ұшыраған адамдарға көмектесу, оңалту қызметтерін ұсынады. Қызмет алушыларға Асылбек пен бірге өзі де өмірдің аса ауыр сынағынан сүрінбей өткен Рүстем Нұрманұлы, емдік дене шынықтыру жөніндегі нұсқаушы Аида Толықбаева және тағы басқа мамандар көмектеседі. Орталықта барлығы 12 адам еңбек етеді. Мұндағылар тек оңалту шараларын көрсетумен шектелмейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, қолжетімді бағада құрылғыларды дайындайды. Өнімдерін сатып алушылар қатарында басқа елдердің азаматтары да бар. Орталық үйдің жертөлесінде орналасқандықтан, кезінде өздері үшін электрлі пандус дайындау туралы ой келіп, оны да кешіктірмей жүзеге асырыпты. Қазір электрлі пандустары Қаскелеңдегі дүкендерде, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларындағы медициналық орталықтарға орнатылған. Сонымен бірге автокөліктерді мүмкіндігі шектеулі адамдарға лайықтап, қайта жабдықтаумен де айналысады. Асылбектің алға қойып отырған жоспары үлкен. Оңалту орталығына арнап үлкен залы, бассейні, иппотерапиямен шұғылдануға мүмкіндігі бар ғимарат салуды армандайды. Өз күшімен мақсатына қол жеткізе алмайтындықтан, мемлекет пен демеушілер тарапынан қолдау күтеді.