Термин қолданысында тәртіп жоқ
Термин қолданысында тәртіп жоқ
2,071
оқылды
Қазақ тілінің лексикалық қорында 361 мың термин бар, яғни тілімізге енген жаңа сөздердің 82 пайызын терминдер құрайды. Сәйкесінше, терминологиялық қор лексикалық қордан екі есе көп. Дегенмен аударылған ғылыми тер­мин­дердің барлығы бірдей қолданысқа еніп жатқан жоқ. Әсіресе, медицина атаула­рын қазақ тілінде сөйлету қиын. Себебі саладағы сөздер негізінен латын, грек тілдерінде аталып, бізге орыс тілі арқылы жеткен. Медицина саласына бар ғұ­мырын арнап, кейін саладағы терминдерді қазақшалап талай том сөздік жазған Мұхамбедия Ахмет-Төренің айтуынша, тер­миндерді аударуда әлі бірізділік жоқ. Медицинаны жетік біл­генмен, қазақ тілінің заңдылық­тарын онша білмейтін маман күн­делікті ауызекі тілдегі қара­байыр сөздерді терминге зорлап жапсырады. Медицина саласын­да әлемдік санаға сіңіп, баршаға тү­сінікті болып кеткен терминдер бар. Солардың бәрін жаппай қа­зақшалау қате аударма мен оғаш терминдердің дүниеге келуіне әсер етіп отыр. Мысалы, әлемге ор­­тақ термин «операция» деген сөзді «ота» деп аударып жүрміз. Алайда қазақ отап тастау, шауып тастауды «ота» дейді. Ағашты шауып, бұ­тақты отаймыз. Хирур­гияда тек ампутацияны «отау, кесу» деп аударамыз. Олай болса опера­цияны «ота» деу – қате. – Бір журналист теледи­дардан: «сырқатты науқасынан айықтыру үшін ота жасалды» деп айтып тұр. Тіл біледі деген мамандары­мыздың өзі ауру деген не, ауыру не, ауырсыну не екенін ажыратпай ай­­та салады. Ауру – болезнь, ауыру – заболеть, ауыр­­сыну – чувствовать боль. Бү­гін­де орыстың «болезнь» мен «боль­ной» сөздерін ажырат­пайтын бол­дық. Мысалы, алтын­шы па­ла­тада ауру жатыр дей сала­ды. Сонда ол жерде бронхит, гас­трит, яғни «бо­лезнь» жатыр ма? «Больной че­ло­век» де­геніміз – науқас. Хирургті де «ота­шы» дей салдық, – деді Мұхам­бе­дия Ахмет-Төре. Иә, медицинада қате аударыл­ған терминдер көп кездесіп жатады. Жақында ғана мемлекеттік ресми сайт «Эмоциональное выгорание» сөзін «Эмоционалды күйіп қалу» деп жариялады. Медицина ғылым­дарының кандидаты Жұпар Наха­нованың пікірінше, қазақшаға ау­дарылған термин сөздердің меди­ци­налық сөздігі бар болса да, он­дағы сөздерді толығымен қолда­нысқа енбеген. – Сөздіктің ішінде кейбір дә­рігерлер білмейтін сөздері де кез­де­седі. Аударылған терминдер тү­ге­лі­мен медицинада қолданысқа еніп жатқан жоқ. Себебі біздің дә­рігер­лерге сөздерді қазақша қол­дан­ған­нан орысша жеткізген оңай. Сон­дық­тан медицинадағы термин­дер­дің барлығын жаппай аудара бе­руге болмайды. Бүкіл әлем қол­да­натын ортақ сөздерді латынша қал­дыру керек, – дейді Жұпар Наханова.

Қазақша оқып, орысша термин қолданады

Шыны керек, медициналық оқу орындарындағы қазақша оқулық­тардың тілі нашар болғандықтан, студенттердің көбі ғылыми ұғым­дарды түбегейлі түсіне алмайды. Сондықтан да қазақ тілінде білім алатын студенттер орысша оқуға мәжбүр. Ол аздай «Терминком бе­кітті» деген медициналық термин­дердің 95 пайызы орыс тілінде. Ней­рохирург Мыңжылқы Берді­­қожаевтың айтуынша, медицина тілі – техникалық тіл. Сондықтан латын тіліндегі терминдерді тұр­мыс­тық тіл­мен қазақшалау қате. Мы­салы, гепотитті «сары ауыру» деп аудару дұрыс емес. Гепотит «ге­потит» бо­лып қалуы керек. Пнев­мо­нияны «өк­пе қабынуы» деп тұр­мыстық тіл­­де айту да қате. – Менің ойымша, қазақ тілі латын қарпіне ауысса ең алдымен медициналық терминдердің қолда­нысына тиімді болар еді. Термин­дердің сол күйі кірігуі дәрігерлер шет­елдегі әріптестерімен байла­ныс­қанда, екіншіден, біздің аза­мат­тар өзге елге барып емделгенде тү­сінісуді жеңілдетеді. Медициналық жоғары оқу орындарындағы сту­дент­тер термин сөздерді қазақша, латынша және орысша бірдей оқу­дан қиналып жатады. Сондықтан тер­миндерді бір тілде жүйелеуіміз қа­жет, – дейді Мыңжылқы Бердіқожаев. Негізі Ұлттық терминология саласы 20-30-шы жылдары керемет даму кезеңінен өтті. А.Байтұр­сын­ұлы, Ж.Күдерин, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы және басқа да ғалымдар қазақ тілінің алғашқы қағидаттарын қалыптастырып, алғашқы оқулық­тарын жазып кетті. 1927 жылы Мәс­кеуде Х.Досмұхамедұлының қос оқулығы: «Адамның тән тірлігі» жә­не «Табиғат тану» араб қаріпті төте жазумен басылып шықты. «Адам­ның тән тірлігі» оқулығында медицина саласында қолданылатын 467 төл термин келтірілген, олар қазақтың нағыз қаймағы бұзыл­ма­ған сөздерінен алынған. Қазіргі таң­да Х.Досмұхамедұлының тер­мин­дерін қолданыста жүрген ме­­дициналық терминдермен салыс­тырып қарағанда біздің таза қазақ тілінен қаншалықты алшақтап кеткеніміз көрініп тұр. Мысалы біз «полушария большого мозга» деген терминді «үлкен мидың жарты­шар­лары» деп жүрміз, ал Х.Досмұ­ха­мед­ұлы «ми сыңары» деп алған, ал «глад­кие мышцы» сөзін «тегіс ет» деп төл терминдер тудырып тап­қыр­лық жасаған. Егер терминдерді ана тілімізде ұтымды аударатын болсақ, кірме сөздер жатсынбай бір­неше жылда қолданысқа еркін қосылып кететін еді. Бірақ қазіргі жағдайда сала мамандары бас ауырт­пай медициналық термин­дердің 95 пайызын орыс тілінде қалай жазылған болса сол күйінде көшіре салады. Салдарынан дәрігер мен науқас, студент түсінбейтін, қолданбайтын терминдер салада қаптап жүр. Бұл терминдерді ұсын­ған кісілер сол баяғы «қазақ сөздері термин жасауға жарамайды», «ха­лықаралық терминдерді аударуға болмайды» деген ұстанымдарды басшылыққа алған болса керек. Енді сол терминдердің бәрін қазақ термині деп қабылдаймыз ба? «Шеттен қабылданған сөздердің бәрін қазақ тілінің заңдылықтарына көндіріп, ылайықтап алу керек» деген Алаш зиялылары айтып кет­кен қағидаттар қайда қалды?

Салалық сөздік керек

Медицина – көп салалы ғылым. Әр саланың өзіне ғана тән маман­дандырылған сөздері бар. Сон­дық­тан ғылыми ұғымдарды тәржі­ма­лай­тын маман тек қазақ тілінің заң­ды­лық­тарын терең түсініп қана қоймай, өз мамандығын толық мең­­герген бо­луы шарт. Соңғы кезде медицина атауларын орыс тілі ар­қылы емес, тікелей латын, ағылшын тілдерінен аудару қажет деген пікір жиі айтылып жүр. Ғалымдардың бұлай дабыл қағуының басты себебі, 1982 жылы басылып шыққан «Орыс­ша-қазақша медициналық сөз­дік­тегі» «А» әрпінде 720 термин кел­ті­рілсе, соның төртеуі ғана қазақ тілінде берілген. – Мәселе сөз жоқтықта емес, өзімізде барды жарқыратып көрсете алмауымызда болса керек. Бұған біздің шұбарланып кеткен санамыз жол бермейді, осы күнге дейін біз медициналық сөздіктердің бәрін орысша-қазақша медициналық сөздіктер деп айтып келдік. Бірақ бұл сөздер орыс сөзі емес, латынша, грекше терминдердің орысша транс­крипциясы. Орыс тілді тер­миндермен біз халықаралық аренаға шыға алмаймыз, себебі ғылым тілі латын негізіндегі ағылшын тілі. Шет елге барып «аборт» десек еш­кім түсінбейді, оны «абортус» не­ме­се «абортейшн» деп атауымыз керек, – дейді С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің профессоры Жау­ғашты Ахметов. Профессордың айтуынша, орыс ғалымдары өз терминдерінен қа­шып жатыр. 2012 жылы Прагада онкология саласының Халықаралық конгресі болды. Сол жерде біз қи­май жүрген «рак» (қатерлі ісік) тер­мині қолданылған жоқ. Ресейлік­тердің өзі баяндамаларында ракты «карцинома» деп атады, міне, нағыз халықаралық термин осы. Біздің онкологтар әлі де сол қатерлі ісікті «рак» деп, кейбір ғалымдар «обыр» деп атап жүр. Олай болса, медицинаның сала­лары бойынша сөздік шығару мә­селесін көтеретін мезгіл жеткен сияқ­ты. Ол үшін педиатрия, тера­пия, акушерлік пен гинекология саласының дәрігерлері тіл маман­дарымен бірігіп жұмыс істеуі керек. – Қазақстанда медицина саласы бойынша ақысыз-пұлсыз термин аударып жүрген ұлты қазақ аза­мат­тар мен азаматшалар аз емес. Олар ешкімнен марапат та күтіп отырған жоқ. Тек кемшілік, осы терминдерді жасау әртүрлі жағдайда жүріп жа­тыр. Әсіресе, оқулықтар жазып жат­қан оқытушы-ғалымдар бір-бірі­мен толық байланыспайды. Ал, әртүрлі медициналық жоғары оқу орындарындағы терминологиялық топтар тиісті деңгейде бұл мәселені шеше алмай отыр, – дейді Батыс Қазақстан медицина универси­те­ті­нің профессоры Марат Оспанов. Ендеше, медицина саласы бо­йынша қолданыстағы сөздікті қайта қарап, түзетіп шығару қажет. Әйт­песе том-томдап қолданысқа ен­бей­тін термин аударғаннан салаға келер серпін аз.