Жұмыспен қамтуға жаңаша көзқарас
Жұмыспен қамтуға жаңаша көзқарас
864
оқылды
Елімізде жұмыссыздық пен халықтың табысын арттыру мәселесі өткір тұр. Әлеуметтік маңызға ие бұл жайтқа тіпті Президенттің өзі де назар аударған болатын. Өткен аптадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың нақты табысы биыл мамырда 2,9 пайызға дейін кемігенін сынға алған Мемлекет басшысы ендігі жерде әкімдердің жұмысы жаңа жұмыс орындарын ашумен бағаланатын болатынын баса айтты. Яки, жыл сайын 10 мың халыққа 100 жұмыс орны ашылуы тиіс.

Статистикада бәрі жақсы

Сонымен қысқаша статисти­каға үңілсек, елімізде жұмыс күші санатына жататын жалпы 9 269 421 адам бар екен. Солардың ішінде биылғы бірінші тоқсанда 8 816 287 адам жұмыспен қамтылған болса, жұмыссыздар саны 453 134 адамды құраған. Осы реттен алғанда Ұлт­тық статистика бюросы жұмыс­сыз­дық деңгейін 4,9 пайыз деп бағалап отыр. Әйтсе де, мамандар бұл рес­ми дерек пен нарықтағы жағдайдың арасы жақын дегенге сенбейді. Өйт­кені, іс жүзінде ол екі есе жоға­ры болуы мүмкін. «Қазақстанның қазіргі эконо­микалық жағдайында барлығына бірдей жұмыс тауып беру, әрі бар­лығына бірдей жоғары жалақы ұсы­ну мүмкін емес. Мемлекетке, қа­лай болғанда да, екеуінің біреуін таңдау керек. Жұмыс тауып берген күннің өзінде де айлығы аз бол­ған­дықтан мұнда кадр тұрақсыздығы болады. Статистика жүргізілгенде осы ескерілмей қалады. Сондықтан да Қазақстандағы нақты жұмыс­сыз­дық 10-20 пайызға жетіп жығы­лады деп сеніммен айтуға болады», – дейді сарапшы Сакен Жұмашев. Маманның сөзін депутаттар да құптап отыр. Олар әкімдіктер жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне мән бермейді деп санайды. Мәсе­лен, бір тоқсанда қанша адам жұ­мысқа кірген болса, сонша адам­ның жұмыстан кеткені туралы ста­тистика да бар екен. Бірақ, ол мәліметтер тасада қалып қойған. «Егер орта және ірі кәсіпкерлік нысандарындағы жұмыс күшінің қозғалысын алып қарайтын бол­сақ, онда 2021 жылы бір тоқсанда орташа есеппен алғанда 264 мың адам жұмысқа тұрғызылғанымен, сонша адам жұмыстан шығып кеткен. Мұндай тенденцияны кіші бизнес субъектілерінен де байқауға болады. Бірақ, ресми мәлімет бо­йынша жаңа жұмыс орындары ашы­лып жатыр деп көрсетіл­ге­німен, жұмыспен қамту есептерінде шындыққа жанаспайтын тұстар көп», – дейді сенатор Нариман Төреғалиев. Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында осы жұмыссыздық жайын сынға алған Мемлекет басшысы Алматы, Атырау, Қызылорда, Маң­ғыстау, Түркістан облыстарында және Алматы, Шымкент қалала­рын­да жұрттың табысы орташа ­рес­публикалық деңгейге жетпей­ті­ні­не баса назар аудартты. Әсіресе, Маңғыстау облысы, соның ішінде Жаңаөзен қаласын мысалға келтірді. Өңірдегі жұмыссыздық ішкі және сыртқы көші-қон үдерісіне байланысты күшейіп бара жат­қан­дығын атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке ішкі эконо­ми­калық ресурстарды жұмылдыра­тын жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсыр­ды. Соның ішінде халықты өзге ай­мақтарға көшіру бағдар­ламасын түбегейлі қайта қарау ке­ректігін айтты.

Түйіннің шешуі – «Солтүстікке көш»

Маңғыстауда жұмыссыздық ең басты мәселе болып отырғаны рас. Шындығында өңірде екі қолға бір күрек табу қиын емес. Бірақ маң­ғыстаулықтар мұнайгаз өндірісі саласына жұмысқа кіргісі келеді. Өйткені, бұл кәсіпшілікте әлеу­меттік пакет бар, айлығы да салыс­тырмалы түрде алғанда басқа жер­лерден жоғары, әрі мұнай өнді­рісіндегі жұмыс та тұрақты. Ай­талық, жер асты күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін сервистік мекемелердің ортанқол қызмет­керлері орташа алғанда бір мил­лион теңгенің көлемінде жалақы алады екен. Сондықтан да Маңғыс­таудың халқы басқа жұмыстарға көп ынталана қоймайды. Бірақ, бұл жердегі мәселе – басқада бо­лып отыр. Біріншіден, мұнай ком­панияларының штаты «резеңке» емес, жергілікті жұртшылықтың барлығын бірдей сыйғыза алмайды. Екіншіден, мұнай қоры таусылып келеді. «Біз Ұлттық құрылтай кезінде Маңғыстау мұнайының 15-20 жыл­да сарқылатынын, одан соң өте қиын болатынын, қазірден бастап диверсификация жасау жөнінде, басқа да баламалы жұмыс көздерін ашу, инвестиция тарту, өңдеу өнер­кәсібін ашу, ал бәрінен бұрын бұл жерге халықты үйе бермеу туралы, тіпті бір бөлігін, әсіресе жұмыссыз бөлігін, қажет болса, солтүстікке қарай көшіру жөнінде ұсыныстар айтқанбыз. Жұмыста отырған адам онсыз да бармайды, ал жұмыссыз отырғандарын ынталандыру қажет. Сондықтан да мұндағы ең бірінші дабыл қағып көтеретін мәселе – Маңғыстау мұнайының сарқылуы. Геологиялық зерттеулер көрсет­кендей, барланған қоры шегіне жетіп қалды. Осыны қазірден бас­тап ойлану керек. Әйтпесе, сол кезде тағы да әлеуметтік дүмпу бо­луы мүмкін. Өйткені, Маңғыстау өте күрделі аймақ. Қарсылық біл­діру ынтасы өте жоғары», – дейді Ақтау қалалық мәслихатының де­путаты, Ұлттық Құрылтай мүшесі Уайс Ерсайынұлы. Депутаттың айтуынша, шетел­ден келіп жатқан қандастарды Маңғыстауға әкеліп жинай беру­ді қою керек. Халық санының кө­бе­юі­не осы фактор да себеп бо­лып отыр. Сондықтан да Түркі­мен­стан­нан енді келетін қандас­тарымызды солтүстікке көшіргелі жатқандығы туралы бастама өте дұрыс. «Сол­түстікке көш» – үлкен бағдарлама болуы тиіс. Ол қалай болса солай, шала-шарпы емес, түбегейлі түрде жоспарланып жасалуы керек. Әйтпесе, барып жатқан халықтың кейін қайтып жатқанын көріп, халық қорқа­соқ­тап отыр.

Вахталық әдіс жұмыссыздар санын қысқартады

Өңірдегі жұмыссыздықты қыс­қартудың ең бір тиімді жолы – Жетібай, Өзен кен орындарында вахталық әдіспен жұмыс жасауды енгізу. Бұл мәселені көптен бері көтеріп жүрген байырғы мұнайшы Кикбай Медеуов. Ол Маңғыс­тау­дағы қазіргі әрекеттегі кен орын­да­рында мұнай өндіру көлемі жыл сайын азайып келе жатқандығына баса назар аударып отыр. Сон­дық­тан да негізгі себептері жұ­мыс­сыз­дық пен еңбек ақы төлеудегі теңсіздік болып табылатын ми­тингі, наразылық мәселелерін тү­бегейлі шешуді жүйелі түрде жолға қойып, алдағы 1-2 жылдың кө­лемінде проблемаларды толықтай жою мұмкіндігі бар. «Аталған жағдайларды түбе­гейлі шешудің тиімді, әрі орындалу мүмкіндігі зор жалғыз жолы – Жетібай мен Өзен кен орындарында қызмет ететін мекемелердің жұ­мысшылары мен инженер-техник қызметкерлерін 15 -28 күндік вахталық әдіспен жұмыс жасауға толықтай өткізу. Бірақ бұл бүгінгі күндері «ӨзенМұнайГаздың» іші­нара жасап отырған «7 күндік вахтасындай» имитациялық әре­кеті болмауы тиіс. Бұлайша ма­ңызды мәселелерді шала шешуге болмайды. Өйткені, түбектегі ірі деп саналатын Өзен, Қаламқас сияқты кен орындары түгелдей мұнай өндірудің соңғы дәуіріне өтті. Ендігі жерде мұнай өндіру деңгейі жылдан-жылға азая баста­маса, өспейтіні айдан анық. Сон­дықтан да өндіріс деңгейі күрт құлдырай қоймаған, әлі де орташа қуаты бар кезде, алдағы күндерге арналған, орындалу мүмкіндігі жоғары деген керекті шараларды жасақтап, алғашқы дайындық жұ­мыстарын бастап кеткен жөн», – дейді Кикбай Әбілбайұлы. Бүгін Жаңаөзен, Жетібай сияқты тұрмыс-тіршілігі жалғыз ғана мұнайға тәуелді елді мекендер үшін нағыз дабыл қағатын, алдын ала ауқымды шаралар жасақтап, жедел қимылдайтын кезең туды. Ұсынылып отырған тәсілдің ар­қасында Маңғыстауда бастапқыда тек бір жылдың өзінде ғана, қосымша 6-7 мың адамды мұнай өндіретін не мұнайға байланысты қызмет көрсететін мекемелерде жұмыспен толық қамтуға болады. Тек ниет пен осы ұсыныстарды жүзеге асыруға деген елге жана­шырлық керек.

Мұнай «инесінен» түсу қажет

Маңғыстаулық қоғам белсен­ділерінің айтуынша, Қазақстанға, соның ішінде Маңғыстау өңіріне «мұнай инесінен» түсу қажет. Оған бірінші кезекте, мемлекет, яки жер­гілікті әкімдік мүдделі болуы тиіс. Бірақ, жергілікті биліктің әлеу­меттік наразылық жиі туын­дайтын өңірдің донорлық поте­нциалын экономиканы әртарап­тандыруға пайдалана алмай келе жатқан шолақтығында жатса керек. «Өңірдегі ең бірінші мәселе – демография және көші-қонға байланысты. Уақытында шеттен келген қандастарды Маңғыстауға жинады да, бұл жергілікті әлеу­меттік жағдайды ушықтыра түсті. Қазір өңірде 750 мың халық бар. Бірінші тоқсандағы көрсеткіш бо­йынша республика бойынша жұ­мыс­сыздықтың ең жоғары деңгейі бізде тіркелген, яки 4,2 пайызды құрап отыр. Оны шешу үшін әкім­дік қанша жерден жұмыс орнын ашса да, халық оған барғысы кел­мейді. Сондықтан да бұл жерде жа­ңа жұмыс орындарын ашуда жа­ңаша көзқарас керек. Әу бастан еңбекақы деңгейін жоғары белгі­леп, жұмыс берушіге мемлекет та­рапынан жеңілдіктер қарас­ты­рып, өнімдері мен қызметтерін өт­кізуге көмектесіп, бірден бір­не­ше жылға келісімшарт жасайтын болса, дұрыс болар еді. Президент­тің әкімдердің жұмысын 10 мың адамға 100 жұмыс орнын ашуына сай бағалаймыз деуі өте құптарлық бастама. Тек оның соңы жергілікті атқарушы биліктің сан қуып ке­туіне айналып кетпесе болға­ны», – дейді қоғам белсендісі, бұ­рынғы кәсіподақ төрағасы Мұх­тар Үмбетов. Расында да, экономикалық по­тенциалы жоғары, табиғи ресурс­тары мол еліміздің жұмыссыздық жайын мәселе етіп отырғаны жөн емес. Өйткені, айналдырған 19 миллион халқы бар кішкентай ғана экономиканы ұршықтай үйіріп әкетуге болады. Ең бастысы, Отан­ға қызмет ету ниеттен екенін мем­лекеттік қызметтегілердің ендігі жерде дұрыс түсінгені.