Табысынан шығыны көп
Бидай өндірушілер мен экспорттаушылар да кедендік баж салығын енгізуге үзілді-кесілді қарсы. «Бұл – өте қиын сұрақ. Бір жағынан отандық тауар өндірушілерді қолдау керектігі дау тудырмайды. Бірақ алдымен біз не көздеп отырғанымызды ұғынып алуымыз қажет: отандық тауар өндірушілерді нарықтың басқа қатысушылары есебінен қолдағымыз келе ме? Әлде өз нарығымызда тауардың болғанын қамтамасыз еткіміз келе ме? Немесе біз осы жолмен бағаны тұрақтандыруды көздеп отырмыз ба? Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың бірде-бірінен: не Сауда және интеграция министрлігінен, не Ауыл шаруашылығы министрлігінен мардымды жауап ала алмадық. Бұл ойды жүзеге асыру тетіктері дәл осы көздеген мақсатымызға тікелей байланысты ғой», – деген пікірін білдірді Қазақстан Астық одағы талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов. Ол Астық одағы жасаған сараптама нәтижелерімен де бөлісті. 2021 жылдың 5 айы ішінде Қазақстанда 1 миллион 350 мың тонна ұн өндірілген. Ал биылғы 5 айда бұл көрсеткіш 1 миллион 392 мың тоннаға дейін ұлғайған. Былтырғы 5 айдағы экспорт 538,7 мың тонна болса, 2022 жылдың сәйкес мерзімінде 748 мың тонна болыпты. «Біздің ұн өндірушілеріміз шағымданып жүргенімен, сандар мүлдем керісінше жағдайды көрсетіп отыр. Бұл – ресми статистикалық деректер. 1 маусымда ұн үгу кәсіпорындарындағы бидайдың қалдығы республика бойынша 490 мың тоннаны құраған. Ендеше олар шикізатпен қамтылмай отыр деп айтуға негіз жоқ», – деді Евгений Александрович. Сондай-ақ олар ұнның ішкі және экспорттық бағасына талдау жүргізіпті. Оның нәтижесі көңіл көншітпейді. 2021 жылы экспорттық және ішкі көтерме баға арасындағы айырмашылық 71 долларды құраған немесе І сұрыпты ұнның 1 келісі 30 теңгеге бағаланған. «Яғни ұн өндірушілер өз өнімін Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстанға қарағанда өз елімізге қымбатқа сатады деген сөз. Мұны қалай түсінуге болады? Ал өзге елдерге жеткізіп беру құнын азайтсақ, біздегі баға одан да жоғары болып шықпақ. Бұл сұраққа біз жауап ала алмадық. Сонда олар шығынмен жұмыс істеп жүр ме? Немесе ұн өндірушілер салықтан жалтарып отыр ма? Яғни, ресми түрде бір баға көрсетіліп, шын мәнісінде айырмашылығы бойынша қолма-қол ақшамен есеп айырысуы мүмкін», – дейді Астық одағының өкілі. Олар жасаған талдау нәтижесінде Ресей мен Қазақстанның экспорттық ұнының бағалары арасындағы айырмашылық ресейлік өнімінің пайдасына тоннасына 53-тен 168 долларға дейін болып шыққан. Яғни, дәл сол нарыққа Ресей ұны біздікіне қарағанда қымбатқа сатылған. Ендеше басқа елдердің сатып алу қабілеті бар деген сөз.Салық салу шешім емес
Астық одағы қазақстандық ұн мен бидайдың экспорттық бағасын да салыстырып көріпті. Бұл сараптама нәтижесінде де диірмендер көрінеу шығынмен жұмыс істеп отырғаны анықталған. Астық одағының болжауынша, дәнді-дақылдар өндірісінің өзіндік құны биыл гектарына 130 мың теңгені құрамақ. Ал барлық ресурстар бірнеше есе қымбаттағаны ұдайы айтылып жүр. Гектарынан 12,5 центнер астық жиналса, оның өзіндік құны тоннасына 104 мың теңге болмақ. Бұған қоса, биыл Ресей Федерациясы рекордтық астық жинайды деп күтіліп отыр. Бұл бағаның 12 мың рубльге дейін құлауына әкеліп соғады. Қазақстанда да биыл астық шығымдылығы орташа деңгейден жоғары болмақ. Ресей астығы экспортының ашылуы да бағаның 180 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін күрт төмендеуіне жол ашты. Сарапшылар күзгі орақ басталған шақта бидай бағасы 130 мың теңгеге дейін төмендейді деп жорамал жасап отыр. «Сондықтан ешқандай баж салығын енгізуге болмайды. Астық экспорттаушылар онсыз да «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» өз өнімін өткізуге міндетті екенін ескерсек, жасырын баж салығын төлеп отыр деуге болады. Оның көлемі тоннасына 10-13 доллар шамасында. Ендеше баж салығы шын мәнісінде онсыз да бар. Қандай да бір шешім қабылдау үшін терең сараптама жүргізілуі тиіс. Нарық – зергерлік бұйым сияқты, сантехникалық құрал-жабдықтарды қолдануға әсте болмайды», – деп салыстырды сарапшы Евгений Карабанов. 18 мың гектар егістік алқабы бар «Агротехника – Жамбыл» ЖШС директоры Олег Григорьев құрал-сайман, тыңайтқыш, басқа да қажеттіліктерінің бағасы 2-3 есе шарықтап кеткеніне тоқталып, нақты сандардан мысал келтірді. Экспорттық баж салығы енгізілсе, тоннасынан 30 мың теңге шығынға бататынын да ашып айтты. «Баға онсыз да құлдырап барады. Биыл бидайға жақсы баға болады деп күтіп едік, олай болмайын деп тұр. Кәсіпорында 120 адам жұмыс істейді. Олар еңбекақысының аздығын айтып шағымданып жүр. Бірақ біз жалақы мөлшерін ұлғайта алмай отырмыз. Тыңайтқыш енді арзандамайды. Пестицидтер келесі жылы тағы қымбаттайды. Қосалқы бөлшектер де солай. Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлердің дені – ұн өндірушілер емес, шамамен 95 пайызы – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер. Олар не ексе соны орып, күн көріп отыр. Біз үшін тоннасына 30 мың теңге – өте қомақты сома», – деп дәйектеді өз сөзін Олег Георгиевич. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірден 762,5 мың тонна астық экспортталған. Солтүстік Қазақстан облысында өндірілген бидайды өткізудің басты нарығына Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан сияқты Орта Азия елдері жатады. Биыл қаңтар-ақпан айларында және наурыз айының басында көршілес Ресейден 39,9 мың тонна бидай әкелінген (2021 жылы – 203 мың тонна). 1 шілдеден бастап Ресей Федерациясы астықты шығаруға салынған тыйымды алып тастады. Ресейде бидайдың бір тоннасына кедендік баж салығы 4 600 рубль (79$), арпаға – 3 307 рубль (57$), жүгеріге –2 168,8 рубль (37$). Қазақстанда мұндай баж салығы әзірге жоқ, әрі таяу арада енгізіле де қоймасы анық. Бұл жерде мүдделер қақтығысы орын алып отырғандықтан, билік басындағылар арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылдауы тиіс.