Қоғамдық қор Алматының экологиялық проблемасын шеше ме?
Қоғамдық қор Алматының экологиялық проблемасын шеше ме?
Фото: Интернеттен алынды
443
оқылды
Қазақстан қалаларында ауа сапасына қатысты мәселелерді шешу үшін «AirVision.kz» қоғамдық қоры құрылды. Қор мақсаты – Алматы қаласы тұрғындарының денсаулығы мен қоршаған ортасына ықпал ете алатын жобаларды экологиялық сараптау қоғамдық институтын енгізу; экология мәселелері бойынша тұрғындар мен қала билігі арасында диалогтық алаң құру; ауаны ластау деңгейін азайту жобаларына халықты жұмылдыру, экологиялық тәрбие; ҚР экологиялық заңнамасын жақсарту бойынша жұмыс. Қор қызметі меценаттардың қайырымдылық көмегі мен краудфандинг жүйесі есебінен қаржыландырылады.    width= Қор құрылтайшылары ең алдымен біраздан бері елді алаңдатып отырған Алматы қаласының ауасын тазартуды қолға алмақ. Тіпті, бірнеше жылдың ішінде бұл мәселені шешетіндерін айтуда. Түйткілді мәселенің шешімін табу үшін қоғамдық қор мемлекеттік органдармен, азаматтық сектормен, қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отыр. «Біз бәріміз, Алматы тұрғындары – әкімдік қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғамдық белсенділер де бір ауаны жұтып отырмыз. Ауа – бәрімізге ортақ. Біз қолынан іс келетін барлық күшпен бірлесе жұмыс істейтінімізді мәлімдегім келеді. Мен болашаққа зор үмітпен қараймын» деді қор құрылтайшысы, кәсіпкер Берік Қаниев. Алматы ауасының ластану мәселесін шешудегі алғашқы қадам – заманауи мониторингтеу жүйесін құру. Ол жүйеден келіп түскен мәлімет барынша толық, дұрыс болуы тиіс.
«Бүгінде Алматыда ауа сапасын мониторингтейтін толыққанды жүйе жоқ. Мәліметтер әр түрлі және олар жеткіліксіз. Оның үстіне мемлекеттік органдардан келетін ақпаратқа қоғамдық белсенділер, ал белсенділердің мәліметіне мемлекеттік органдар сенбейді. Шиеленіскен бұл жағдайды шешу үшін азаматтық және мемлекеттік сектордағы серіктерімізбен бірге бірегей жүйе құруға дайынбыз. Ол жүйеден түскен тұжырымдамалар барлық мүдделі тараптар үшін заңды болады. Мұндай мониторингтеу жүйесі пайда болмайынша, ауаны бәрінен де жылу электр стансасы, автокөліктер немесе жекеменшік сектор ластандырып тұрғаны жөнінде дау-тартыс өрши береді» дейді құрылтайшы, кәсіпкер Алексей Ли.
Ауа сапасын дәл мониторингтеу жүйесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен экология саласындағы басқа да халықаралық сарапшылардың әдістемелері негізінде құрылған. Ластану көздерінің үлесін анықтау үшін РМ2.5 қалқымалы заттар мен қабылдағыш үлгілеудің химиялық құрамы алғаш рет анықталады деп жоспарлануда. Бұл әдістеме ғылыми қоғамдастықта оң бағаға ие болған әрі әлемде РМ2.5 ластану деңгейіндегі лас көздерінің үлесін зерттеу үшін кеңінен қолданылып келеді.
«Ластану көздерін анықтаудың әдістемелері екіге бөлінеді: есептеу тәсілі (ластаушы заттардың лақтырындысын түгендеу) және істәжірибелік тәсіл (РМ2.5 сынамасын алып, құрамын сараптау). Біз осы екі ұсақ бөлшекті алып, арнайы құрылғыдан өткіземіз. Сөйтіп ауаны жылу электр орталығы, көлік немесе пеш түтінінің қайсысы көбірек ластап жатқанын айғақтайтын нақты дәлел аламыз. Мұндай зерттеуді Қазақстанда әлі ешкім жасаған емес» дейді эколог-зерттеуші, ғылым докторы Айымгүл Керімрай.
Қазіргі таңда Алматы қаласы ауа атмосферасының жағдайы тұрғындарды бей-жай қалдырмай отыр. Қоғамдық қор өкілдері тәуелсіз эко-мониторингпен айналысып жүрген белсенділер көмек қолын созатынын айтуда. Әсіресе, Павел Александров пен AuaGroup бастамаларының бір бөлігін қаржыландыру көзделген. Алдын ала болжау бойынша, дәл мониторингтеу жүйесін құруға кететін шығын жүздеген миллион теңгені құрауы мүмкін. Сол себептен қор құрылтайшылары бизнес-қауымдастықтан өз бастамаларына қолдау көрсетулерін сұрады. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ