Қыркүйектен бастап оқытушылардың жалақысы көбейеді – Асхат Аймағамбетов
Қыркүйектен бастап оқытушылардың жалақысы көбейеді – Асхат Аймағамбетов
Фото: sko.agartu.kz
59,171
оқылды
Бүгін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болған кезінде атқарған жұмысы туралы есеп берді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook  парақшасында жазды. Аймағамбетовтің айтуынша, пандемия кезінде білім беру саласында қиындық көп болды. Сапалы білім, білікті кадр даярлау, білім саласының қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту да оңай шаруа емес. «Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтерілді. Ол үшін Президенттің тапсырмасы бойынша 2021 жылы ПОҚ (профессорлық-оқытушылық құрам) жалақысының ең төменгі деңгейін белгілейтін бұйрыққа қол қойдым. Бұл бұйрық жалақыны бұрынғымен салыстырғанда көбейтуге мүмкіндік берді. Жоғары оқу орнына жаңадан келген оқытушыға 1 ставка үшін кемінде 200 мың теңге бекітілді. Ал профессор жалақысының минималды деңгейі 350-400 мың теңге болды. Ал педагогикалық жүктеме деңгейі оқу жылына 680 сағаттан аспайтындай деңгейде бекіттік. Сондай-ақ университеттердегі шамадан тыс бюрократия мен тікелей міндетке жатпайтын біраз функцияларды алып тастадық», – деді министр. Сонымен бірге студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы өсті. Яғни, докторанттарға берілетін стипендия 3 жыл ішінде 82 мыңнан 200 мыңға жуық сомаға дейін өсті. Сондай-ақ осы уақыт аралығында жоғары оқу орындарына түсуге берілетін гранттар саны да екі есеге өсті. «Бағдарламалық құжаттар арқылы 2025 жылға дейін стипендияны, оқытушылардың жалақысын, студенттік гранттар санын және ғылымды қаржыландыруды ұлғайту үшін қаржыландыру мен міндеттемелерді алдын ала белгілеп қойдық. Ел Президентінің тапсырмасы арқасында көтерілген грант құны университеттеріміздегі оқытушылардың жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Сәуір айында жоғары оқу орындарының ректорларына қосымша тапсырма бердік. Осы тапсырмаға сәйкес, 2022 жылдың қыркүйегінен бастап университет оқытушыларының жалақысы тағы да көтерілуі керек, ол үшін қаражат бар», – деді Асхат Аймағамбетов. Айта кетейік, Президент Жарлығымен Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінді.