Жылдағыдай биыл да елімізде құм басып жатқан ауыл тұрғындары бас көтерді. Айта-айта жақ талған бұл экологиялық түйткілдің шешілетін сыңайы жоқ. Экология ғылымы құм құрсауындағы елді мекендерді «өмір сүру үшін мүлде жарамсыз жер» ретінде таниды. Елде мұндай санаттағы жерде орналасқан ауылдар көп. Онсыз да құм құрсауында жатқан ауылдарды көшіре алмай жүргенде соңғы жылдары жері шұрайлы елді мекендерді де 70-80 метрлік «құм» толқыны басатын болды. Сонымен құм көшкініне тосқауыл бар ма, әлде ондағы елді өзге жерге көшірген жөн бе?
Үш ауылдың үрейі
Таяуда Маңғыстау облысындағы үш бірдей елді мекен құм астында қалғаны мәлім болды. Сауысқан, Жарма және Сазды ауылының тұрғындары мәселені өз күшімен шешіп әлек. Үй ауласында үйілген құмды күрету үшін жылда техника жалдайды. Мысалы, Сазды ауылы Шетпеден 90 шақырым қашық жерде. 100-ден астам адам тұратын елді мекенге кіреберіс жолды, тіпті, үйлерді құм басып қалған. Кей адамның қорасын құм көшкіні құлатқан. Жұрт үйілген құмды қайта-қайта ақшасын төлеп күретіп отырады. Бір күретудің өзі 500-600 мыңға шығады екен. Ал Сауысқан, Жарма ауылдарын қоса алғанда тағы 250-дей тұрғын бар. Басым көпшілігі төрт түлік өсіреді. Сауысқан ауылының тұрғыны Айдарбек Көркембаевтың айтуынша, бар мәселе жер асты суы ортайғаннан болған. – Жақын маңда Сауысқан кен орны бар. Ауылымыздан Жаңаөзенге су айдап отырған. Су айдап отырғанына 50 жыл болды. Жер асты суы ортайған соң құм көшіп, ауылымызды басып қалды, – дейді ол. Ал жауаптылардың жауабы бәз баяғы. «Құм көшкінін тоқтатудың амалы өсімдік егу. Оған су да жетеді. Бұл ауылдарға инфрақұрылым тарту жағынан мәселе жоқ», – деген. Бір қызығы, 5 жыл бұрын құны 422 млн теңге жоба әзірленген. Сексеуіл егіп, жасыл қоршау салуға жұмсалуы тиіс болған қаражат уақытында аударылмаған екен. Биыл да ақша бөлінген. Бірақ мердігер жоқ. – 2022 жылы облыстық бюджеттен ақша бөлініп, 256 млн теңге қарастырылған. Сол бойынша жыл басынан бері төрт рет конкурс жарияладық. Алайда еш мердігер конкурсқа қатыспады. Сосын «өтпеді» деп танылды, – деген Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат қорғау басқармасының бөлім басшысы Ербол Денов. Тұрғындар бұдан кейін құм құрсауымен амалсыз өздері ғана күресе бермек секілді. Бұған дейін де солай болған.Құм соңынан ел көшер
Ілгеріде Арал маңындағы ауыл тұрғындарынан «құмның бейнеті су басқаннан бетер» дегенді жиі естуші едік. Бұндай бейнетті осы кезге дейін Арал мен Маңғыстаудың елді мекендері, Атыраудың Исатай ауданының тұрғындары әлі тартып келеді. 2020 жылдан бастап Жамбыл облысының шеткері ауылдары құм «қаһарын» көре бастап, 5 млн гектар жерді құм жайлаған болатын. Ал былтыр Маңғыстауда шаңды дауыл көтеріліп, үлкен тасжолдарға дейін жабылғаны есте. Жалпы, аймақтарды көшпелі құмнан қорғау үшін көп әрекет жасалды. 2004-2016 жылдар арасында елде 2 910 гектар жерді алып жатқан аумақ қоршалып, фитомелиорация-механикалық жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 440 гектар жердегі құм қозғалысы тоқтапты. 2011 жылдың соңында Қызылқұмда құм тоқтату жобасы басталды. Жоба 640 гектар жер аумағын қамтыды. 2016 жылдан бері құм тоқтату жұмыстары Маңғыстау ауданының Шебір ауылында жалғасты. Дегенмен айтарлықтай өзгеріс болды дей алмаймыз. Әлі күнге дейін құм көшкіні арагідік қайталанып тұр. Ал Арал ауданындағы жағдай тіпті ушыққан. Бұрын теңіз жағасында жатқан елді мекендердің тұрғындары құм көшкенде жер үйді де басып қалып жататынын талай естідік. Мұндағы ел «тығырықтан шығудың жалғыз жолы – басқа жерге көшу» деп әлдеқашан айтқан еді. Қазір өз шама-шарқынша көшіп жатқандар бар. Атыраудағы Нарын құмы да әр жыл сайын «мінез» көрсетеді. Құм көшкен кезде жақын маңдағы ауылдарда электр бағандары мен газ құбырларына дейін құм құрсауында қалады. Облыс орталығынан 200 шақырым жердегі Исатай елді мекенінде 2014-2016 жылға арналған жоспар бойынша ауыл маңына сексеуіл егуге 38 млн 350 мың теңге бөлінген екен. Бірақ одан шыққан нәтиже аз. 2020 жылы көктемде Батыс Қазақстан облысына қарасты Қаратөбе ауданының Саралжын, Егіндікөл, Қоскөл мен Ақтайсай, Жусандыой елді мекендерін де құм басты. Мұндай тізімді тізбектеп тауыса алмаспыз. Ел аузында құм көшкінін тоқтатуға қатысты түрлі пікірлер бар. Бірақ нәтиже аз тәрізді. Көбі сексеуілді мысал етеді. Бір түп сексеуіл кемі 4 тонна құмды көшкіннен сақтап тұрады-мыс. Бірақ көшкінді бұл әдіс арқылы толығымен тоқтата қою қиын болар. Одан өзге де фитомелиорация-механикалық жұмыстары жетерлік. Бірақ жыл сайын қаражат бөлуді талап етеді. Бұл – бірінші жол. Көшкінді тоқтатқан күннің өзінде ондағы елді мекендер су тапшылығын тарта береді. Мұндай аймақта өнеркәсіп болмасы тағы анық. Сондықтан ақылға қонымдысы екінші жол, яғни құм құрсауындағы халықты өзге жерге көшіру тәрізді. Ал эколог Жангелді Мырзабеков құм көшкінін тоқтатуға байланысты арнайы мемлекеттік бағдарлама артық етпейтінін талай жылдан бері айтып келеді. – Бұндай аймақтарда өнеркәсіпті дамытпақ түгілі, күн көрудің өзі қиын. Бұл аудандардың халқын құнарлы жерлерге орналастыру мәселесі жедел шешімін табуы қажет. АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз, шөлейтті, құмды жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса үстемеақы төленеді. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанда да жүзеге асырылып отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттерде тұрғындарға мемлекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріледі. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Үшеуі де мемлекеттік мекеме. Біз «апатты аймақ» деп танымағанның өзінде осы мәселені ойластырғанымыз жөн. Маңғыстаудың Жаңаөзен қаласы мен Қаламқас кен орындарындағы халықты ауызсумен қамтамасыз ету қарқынды дамыды. Бірақ соның салдарынан жерасты суының деңгейі төмендеп, қоры сарқыла бастады. Мысалы, Түйесу құм сілемінің оңтүстік бөлігіндегі жерасты суы бұрынғы деңгейінен 10-12 метрге дейін төмендеді. Батыс Қызылқұмның жерасты су қоры сарқылды. Мұндай жағдайда көптеген өсімдік тамыры суға жетпей қалады. Сонымен қатар ауылдарға табиғи газ жеткізілгенге дейін тұрғындар құмдағы бұталарды отап, шауып, отқа жақты, малды есепсіз жайды. Осыдан барып аймақта құм көше бастады, сырттағы құм ауылдың ішін басты. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселелерге қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаған артық болмайды, – деді ол. Бұл мәселені әлдеқашан електен өткізер кез келген еді. Бірақ онымен жыл сайын бетпе-бет келеміз. Құм құрсаған ауыл тұрғындарын өзге жерге көшіруге жергілікті биліктің құлқы бола қоймас. Бірталай қаржыны талап етері анық. Дегенмен осыған дейін сексеуіл мен жасыл желек отырғызуға, ауыл ішіндегі құмды тазартуға бөлініп жатқан қаржыға ауыл адамдарын көшіріп үлгерер кез болғандай. Шамасы, мұндағы қаржы да «жолдағылардың» талан-таражына түскен іспетті.