Теңгенің тұрақсыздығы тығырыққа тіреп тұр
Теңгенің тұрақсыздығы тығырыққа тіреп тұр
Question of financial risks
2,065
оқылды
Төл валютамыз америкалық долларға шаққанда да, ресейлік рубльге шаққанда да күн санап құлдырап барады. Енді оның бағамын Ұлттық қор арқылы әрі қарай күштеп ұстап тұрудан қазынаны біржолата түгесіп алуымыз мүмкін. Бұл жағдай ел экономикасына қалай әсер етеді және тығырықтан шығаратын жол бар ма? Бұған мамандар не дейді?

Инфляцияның өршуіне ішкі факторлар себеп

Қазір 1 рубльдің құны 8 тең­геден асты. Ресей валютасы жалғыз теңге емес, АҚШ долларына қа­тысты да нығая түсті(57 рубль). Жалпы, әлем­дік нарықта орыс ақшасының бәсі қымбат. Маман­дар оның се­бебін Ресейге экс­порт­тық сатылым­дардан түсетін ва­лютаның шамадан тыс көптігімен, ал ішкі капиталдың керісінше сыртқа шығарыл­май­тындығымен түсіндіреді. Теріс­тік­тегі көрші бас­қа экспорттық та­уа­рын айтпағанда, тек жалғыз мұнайы мен газының тасылымынан ғана күн сайын1 млрд долларға жуық та­быс та­бады, ал сырттан келетін импорт­тың көлемі күрт кеміді. Сөйтіп, шетел­ден сатып алатын тауар азай­ған соң валютаға деген сұраныс та төмендеген. Содан сауда профициті туын­дады. Ондайда ақша көп болады, бірақ сырттан тауар сатып алын­бай­ды. Яғни, ел ішінде қордаланған ақша нарықта ұсынылған тауар көлемінен әлдеқайда артығымен жиналады. Ресей осы жағдайға тап болып отыр. Рубльдің қатты қым­баттауының басты себебі де осы. Рубльдің шамадан тыс күшеюі оның өз экономикасы кері әсер ете­ді. Қазір Ресей Үкіметі артық ва­лютадан арылудың жолдарын қарастырып жатыр. Сарапшылардың болжауынша, алдағы күндері рубльдің бағамы 10 теңгеге, доллардың бағамы 500 тең­геге жетуі мүмкін. Өйткені бағаны қол­дан ұстап тұру қиын. Соңғы де­рекке сүйенсек, қазірдің өзінде Ұлт­тық қор 2,5 млрд долларға аза­йып, алтынвалюталық қорымыз да едәуір кеми түскен. Алайда эко­номист Айдархан Құсайынов бұл жағдай біздегі инфляцияның өр­шуіне тіке­лей әсер ете алмайтынын айтады. «Қазақстанда инфляцияның өршіп кетуіне сыртқы ықпалдардың әсері шамалы, оған 99 пайыз өзіміз кінәліміз. Ол бюжеттік, ақша-не­сиелік және экономикалық саясат­тың жаңсақ жүргізілуінен туын­дай­тын ішкі факторларға байланысты. Мен осыдан екі жыл бұрын да бізде инфляциялық тәуекелдер бойынша ешқандай тыңғылықты шара жүр­гізілмейтінін және бағаның әлі де өсе беретінін ескерткенмін»,– деді экономист. Айдархан Құсайыновтың ай­туынша, 2021 жылы ел ішінде инфляция деңгейі өскенде Үкімет оған әлемдегі азық-түлік қымбат­шылығын себеп қылды. Ал ендігі бағаның өсуіне рубльдің күшеюін желеу етіп отыр. Бірақ мұның бәрі тек сылтау ғана. Өйткені наурыз айында доллар бағамы 500 теңгеден 430 теңгеге дейін құлағанда да инфляция тоқтаған жоқ, бәрібір өсе берді. Осыдан-ақ теңгенің құн­сыз­дануын сыртқы факторлардың емес, ең бірінші ішкі фактордың ық­палынан екенін көруге болады. Экономист Меруерт Махмұтова Қазақстанда теңгенің рубльге шақ­қандағы бағамын әдейі жоғары ұстап отыр деп санайды. «Ұлттық банк РФ экономи­ка­сына әдейі қолдау көрсетіп отыр. Басқа себеп жоқ сияқты. Өйткені көрші елдің жеке және заңды тұл­ғалары рубльді теңгеге айырбас­тағанда екі есе көп ақша алады. Ол ақшаға доллар сатып алады. Осыдан барып ішкі нарықта рубль шамадан тыс тым көбейіп кетті. Енді екінші деңгейлі банктер шектеу шара­ла­рын енгізуге мәжбүр. Ал Ұлттық банк теңгені қорғау бойынша шұ­ғыл шаралар қабылдауы қажет», – деп ой түйді М. Махмұтова. Сарапшы сондай-ақ ресейлік валютаның күшеюіне әсер ететін басқа факторларды да атады. РФ Орталық банкі өзге елдің азамат­тары сатып алған акциялар мен облигациялар бойынша дивиденд төлеуге тыйым салған. Демек, ва­люта бұрынғыдай шетелге кетіп жатқан жоқ. Одан бөлек, экспор­терлер валютамен тапқан табыстың бір бөлігін сатуға міндеттеледі.

Рубльдің күшейгені біз үшін тиімсіз

Ал біз үшін рубльдің күшейгені тиімсіз. Одан ресейлік тауарлар қым­баттайды. Ал енді Қазақстан мен Ресейдің сауда теңгерімінде импорттың көлемі үш есе көп. Бұл РФ-дан тауар таситын компания­лардың шығынын арттырып, те­рістікпен өзара алыс-берісі дамыған шекара маңындағы солтүстік және шығыс өңіріндегі халықтың тұр­мысын едәуір қиындата түседі. Сондай-ақ ресейліктер Қазақстанға қымбат доллар мен рубльді әкеліп, оны арзан теңгеге айырбастап, қа­жетті заттарын төмен бағамен тік көтеріп сатып әкетіп жатыр. Мұн­дай жағдай бізге тиімсіз болса да, Ресеймен бір экономикалық ке­ңістікте отырғандықтан көнуге тура келеді. Рубльмен бірге доллар да күн өткен сайын қымбаттап барады, ал теңгенің тұрақтайтын түрі жоқ. Қаржы сарапшысы Арман Бей­сембаевтың айтуынша, 2022 жыл­дың республикалық бюджетінде доллар бағамы 460 теңге болып бекітілген. Үкімет осы межеден алшақ кетпес үшін долларды 450-470 теңге дәлізінде ұстауы мүмкін. «Сыртқы жағдай дәл қазіргі күйде болып, оған күтпеген жерден қандай да бір экономикалық соққы жасалмаса, доллар бағамы осы деңгейден көп ауытқымайды. Се­бебі бюджеттік параметрлерде дол­лар бағамы 460 теңге деп бекітіл­ген. Әрине, тура сол 460 теңгемен қа­тып қалмайды, әрі-бері 5-10 тең­ге айыр­машылық болуы ықти­мал», – деді А. Бейсембаев. Теңгенің құнсыздануына Украи­­надағы жағдай да айтар­лық­тай әсер етіп отырғаны анық. Өйт­кені АҚШ базалық ставканы кө­теріп жатыр, әлемде мұнай бағасы тұрақсыз, ал бұл – біздің валю­тамызға тікелей әсер ететін фактор. Осы жағдайлардың бәрін ескерсек, жыл соңына қарай доллар бағамы 500 теңге және одан жоғары болуы да ғажап емес. Егер Үкімет экономикалық жүйені, ішкі экономикалық тетік­тер мен механизмді өзгертпесе, тең­геміз ерте ме, кеш пе, тіпті одан да көп құнсызданып кетуі әбден кәдік. Оған таңданатындай түк жоқ. Мәселен, осыдан он жыл бұрын 1 доллардың құны 150 теңге болса, қазір ол 460-470 теңгеге жетті. Сондықтан енді төрт-бес жылда доллардың 800-1000 теңгеге жету ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. «Қазақстанның экономикалық жүйесі сондай, бізге үнемі әлсірей­тін бағам керек және біз оны аз-аздап үнемі әлсірете береміз. Келесі жылы бюджеттік параметрлерге сәйкес, оның кірісі мен шығысына қарай, бюджетте 1 доллардың ба­ғамы 480 теңге деп бекітілуі мүмкін. Тіпті, 500 теңге болуы да ғажап емес. Ал бір жылдан кейін 520 тең­ге, сөйтіп көтеріле береді. Ерте ме, кеш пе, біз бағамның 1000 теңгеге жеткенін де көреміз», – дейді қар­жы сарапшысы. Жоғарыдағы мысалдардан Украинадағы жағдайдың қазақтың теңгесіне теріс әсер ететінін кө­реміз. Ол реттелгеннің өзінде теңге қайтадан қалпына келеді деген сөз емес. Әрине, теңгенің құнсыздануы баяулайды, бірақ ендігі оның бұ­рын­ғы деңгейіне түспейтіні анық. Қаржы сарапшысы дәл қазіргі уақытта доллар сатып алудың тиімсіздігін айтады. «Егер сіз долларды қазір сатып алып, екі-үш айдан кейін қайта са­тып жіберсеңіз, одан ешқандай пайда таппайсыз. Долларды бір-екі жыл сақтамайтыныңызды білсеңіз, сатып алудың да қажеті шамалы. Қазіргі бағаммен сатып алғанда, оған кем дегенде үш-төрт жыл тиіс­пеуіңіз ке­рек. Долларды тек ұзақ мерзімге жос­парлап сатып алған тиімді. Дол­ларға қаржы құралы ре­тінде қарау керек. Яғни, оны акция сияқты са­тып алып, бірнеше жыл бойы «ұмы­тып» кеткен жөн, – дейді А. Бейсембаев. Сарапшылардың көпшілігі қа­зір уақытта доллар сатып алып, сақ­тап қойғаннан гөрі, қолдағы қар­жыны тиімді жұмсап, дағдарыс жағдайында көбірек табыс табуға тырысу керектігін айтады.