Батыс Қазақстан облысында бес жасар бала суға батып кетті. БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 28 шілде күні Бәйтерек ауданы Жайық ауылында Saya демалыс базасында болған.
«Сағат 19.30-да бес жасар баланың жоғалып кеткені жөнінде хабар түскен. Іздестіру жұмыстарына жедел құтқару жасағынан 4 адам (1 жүзу құралы) қатысты. Сағат 19.40-та куәгерлер баланың денесін судан шығарып алды. 2017 жылғы ұл бала шомылу үшін жабдықталған жағажайда ата-анасымен, туыстарымен бірге болған. Анықталғанындай, бала үрлемелі шеңбермен жүзіп жүрген. Ата-анасы мен туыстары сол кезде жағадан 50 метр жердегі жазғы кафеде болған. Баланың жоғалғанын көргеннен кейін іздестіре бастаған», – деп хабарлады ТЖ департаментінің өкілдері.Айта кететін болсақ, биыл БҚО-да 12 адам суға кеткен. Оның бесеуі бала.