Дархан Балпанов, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы: Тұқым шаруашылығына доктрина керек!
Дархан Балпанов, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы: Тұқым шаруашылығына доктрина керек!
1,022
оқылды
Бүкіл әлемде тұқыммен қамтамасыз ету мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі бойынша маңызды стратегиялық міндеті болып саналады. Әйтсе де, өкінішке қарай, Қазақстан тәуелсіздік алғалы ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің тұқымын импорттаушы ел болып қалып отыр. Бұл мәселеге Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударды. Осы ретте саланың бүгінгі ахуалы мен өзекті мәселелерін білмекке Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) Басқарма төрағасы, химия ғылымдарының кандидаты Дархан Балпановпен сұхбаттасқан едік. Дархан Серікұлы, Мемлекет басшысы өзімізде сұрыпталып шы­ғатын тұқыммен қамту көлемі бар болғаны 51 пайыз, бұлар бидай, арпа, жүгері сынды дәнді дақылдар, ал картоп, қант қызылшасының көрсет­кіштері тіпті 10 пайызға да жетпейді деп сынады. Мұндай пұшайман жағ­дайға түсуге не себеп болды? – Президенттің көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Өйткені елі­мізде соңғы 30 жылда тұқым ш­а­руашылығына дұрыс көңіл бөлінген жоқ. Қазақстанда ешқандай да агро­ғылымға қатысты, тұқым се­лекциясына байланысты саясат болмады. Жыл сайын мұнша бидай тұқымын, мұнша жүгері әлде картоп тұқымын тапсырсын деген жоспар талап етілген жоқ. Мемлекет нақты міндет қоймаған соң бұл мәселені нарық өзі реттеуге кірісті. Ал нарық бірінші кезекте бизнеске тиімді жолды іздейтіні белгілі. Олар төл тұқым шарушылығын жолға қойып, шығынға батқаннан гөрі, шетелден әкеле салғанды қолайлы көрді. Со­ның салдары – бүгінгі таңда им­порт­қа өте қатты тәуелді болып қал­дық. Айталық, өзімізден шы­ға­тын картоп тұқымы – 2,9 пайыз, бұл 97,1 пайызы – шетелден әкеледі деген сөз. Одан басқа қант қызыл­ша­сы – 7 пайыз, күріш – 10,7 па­йыз, күнбағыс – 20,8 пайыз, бидай жұмсақ түрі – 49,6, қатты түрі – 36,5, ал жарма – 65,3 пайыз. Бұл өте қауіпті жағдай әрі баға қымбат­шы­лығына әкеліп отыр. Мұндағы цифрлар біздің орталық пен се­лекциямен айналысатын жеке­мен­шік шаруа қожалықтарының бірлескен көрсеткіші. Соның өзінде де өте аз болып отыр. Өйткені біздің қызметкерлер шаруа қожалық­тарына барып, «біз осындай тұқым шығарумен айналысамыз» деп хабарласса, олар сенбейді. Бізден сатып алғанның орнына сол баяғы Голландиядан, Германиядан тағы да басқа елдерден алдырғанды жөн көреді. Өйткені олар бір гектардан 30-40 тонна өнім алуға нақты га­рантия береді дейді. Бірақ осы соң­ғы он жылда төрт рет девальвация болды, оның үстіне соңғы геосаяси жағдайларға байланысты көліктік логистика өзгеріп кетті де, бір кездері келісі 170 теңгеден алынған тұқым қазір 900 теңгеден келіп жа­тыр. Ал одан шыққан өнімнің өзін­дік құны қымбат болатыны белгілі. Бұл түптеп келгенде әрбір қазақ­стандық тұтынушының қалтасына салмақ болып отыр. Айталық, картоптың бағасы неліктен 300-400 теңге болып ұшып тұр? Өйткені тұқымның бағасы мұнда 50 пайызға дейін алып кетеді. Ал егер біз оны өзімізде шығарсақ, оның бағасы арзан болар еді. Оған біздің ғылыми әлеуетіміз жетеді. Тек ұйымдас­ты­рушылық, материалдық-техника­лық және қаржылық мәселелерді шешу керек. – Қандай мәселелерді атап айтар едіңіз? Жалпы, сіз басқарып отырған орталық немен айналысады? – Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы Үкіметтің Қау­лысымен 2015 жылы құрылған. Жал­­ғыз акционеріміз – Ауыл ша­руашылығы министрлігі. Басты мақ­сат – Агроөнеркәсіптік кешенге жаңа технологиялар мен білім ен­гізу, еңбек нарығына сай келетін жоғары білікті мамандарды дайын­дау және қайта даярлау. Біздің ор­талыққа 56 мекеме қарайды, олар­дың ішінде 3 аграрлық жоғарғы оқу орны (ЖОО), 12 ғылыми-зерттеу институттары (ҒЗИ), 2 ғылыми-өндірістік орталық (ҒӨО), 18 ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы (АШТС) мен тәжірибелік-өндірістік шаруашылық (ТӨШ), 3 сервистік компания бар. Бө­лімшелеріміз еліміздің 19 аумағы­ның барлығында да ашылған. Бүгінде республикамызда түп­нұсқа (оригинал) тұқым өндірумен айналысатын 40 шаруашылық бар болса, олардың ішінде біздің ҰАҒБО жүйесіндегі 18 тәжірибелік станса негізінен дәнді дақылдарды сұрыптаумен айналысады. Ал эли­талық тұқымдарды өндірумен және таратумен аттестациядан өткен 106 шаруашылық шұғылданады, олар­дың 16-сы – біздің стансалар. Бі­рінші, екінші және үшінші репро­дукциялық тұқымдарды 170 шаруа­шылық шығарса, солардың қата­рындағы біздің стансалар саны – 11. Жалпы аумағы 280,2 мың гектар жеріміз бар. Оның ішінде ауыл ша­руашылығы мақсатында 270,3 мың болса, соның 149,9 мың гектары осы тұқым шаруашылығына арналған. 4214 бірлік көлік құралдарымыз: 480 трактор, 136 комбайн, 1745 ауыл ша­руашылығы жабдықтарымыз бар. Әйтсе де, олардың барлығы ескі, яки 75 пайыздан астамы 8 жылдан жо­ғары. Барлығы 7180 зертханалық жабдықтарымыз бар. Материалдық-техникалық базамыз көне. Бір мәселе – осы. Екіншіден, қаржы мә­селесі қиындық тудырып тұр. Мә­селен, 2019 жылы Прези­денттің тапсырмасымен егін ша­руашылығын селекциялау бойынша ғылыми-техникалық бағдарлама жасап шық­тық та, сол үшін үш жылға 8,5 млрд теңге алдық. Оны әрбір жылға бөлер болсақ, 2,8 млрд-тан келеді. Ол неге жетеді? Шын­ды­ғына келгенде, ауыл шаруашы­лығына ішкі жалпы өнім­нің 1 па­йызы бөлінуі керек. Саланың тағы ең бір үлкен өзекті мәселесі – білікті кадрлардың жетіспеушілігі, әсіресе жас ма­ман­дардың жоқтығы. Сол себептен де селекционер ғалымдардың мәрте­бесін көтеру үшін негізгі шаралар қабылдануы тиіс. Талдау көрсет­кен­дей, Қазақстанда зертханада жұмыс істейтін биотехнологтар, яки ге­нетиктер тым көп екен. Бірақ се­лекционер ғалым мамандар өте аз. Қазір ҰАҒБО жүйесінде 280 қыз­меткер, соның ішінде 116 селек­цио­нер ғана бар. Барлығының да айлы­ғы аз, оның өзінде де тұрақты емес. Неге десеңіз, біздің ғылыми-зерттеу институттарымыз конкус бойынша жұмыс істейді. Үш жылда бір бо­латын конкурсты бірде ұтады, бірде ұта алмай қалады. Соның кесірінен ақшасыз қалатын кездері аз емес. Сондықтан да ғылыми саланы жал­пы жүйеден бөлек қарастырып, қар­жыландыру әдісін тендер, мем­лекеттік сатып алу дегеннен босату керек. Өйткені конкурсқа қатысқан жағдайда құжаттарды 19 органнан мақұлдаудан өткіземіз. Бұл бірін­шіден, ешқандай пайдасы жоқ бюрократия, екіншіден, уақыт алу. Құжаттарды мақұлдатамыз деп 1-1,5 жыл жүріп қалатын кездеріміз бо­лады. Әрең деп құжат тапсырған конкурстарды не жер телімі жоқ, не қажетті техникасы, тиісті зерт­ха­насы жоқ қатардағы университеттер ұтып кететін кездер көп. Егер біз конкурс нәтижесінде патентпен қатар нақты бір мол көлемдегі өндіріске қабылдауға жарайтын өнім ұсынсақ, олар сол сорттың тек тәжірибелік мақсаттағы экземп­ляр­лары мен сол сортқа арналған па­тент қағазды ғана ұсынады. Осын­дай әділетсіздіктер бар. Тағы бір қиындық – тракто­рымыздың дөң­гелегі бүлінсе не тозса, мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша ғана тапсырыс беріп, конкурс өткізіп уақыт алатынымыз. Ал алқапта жүр­ген техника оны күтпейді ғой. Онда да тендерді ең арзан баға ұсынған компания жеңіп алады да, олар бізге сапасыз тауар, біздің жағдайда дөңгелек әкеп бе­реді. Ол да тез бүлініп, осылайша, проблема қайта басталады. – Бұдан шығар жол қандай? Ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі ма­ңызға ие мәселені шешудің мүм­кіндігі бар ма? – Шындығын айтқанда, бұл мәселенің барлығын Президентке осыған дейін жеткізген біз едік. Сол кезде де шешімін қоса ұсындық. Мемлекет басшысының тарапынан бұған назар аударылғанына біз қатты қуаныштымыз. Бұл жолы Президент «тұқым шаруашылығы қолдайық, Тұқым Доктринасын қабылдайық, соған бағдарлама жасаңдар» деп тапсырма берді. Ра­сын айтқанда, бізде бұған дейін Тұқым саясаты жөнінде Доктрина болмаған еді. Тіпті, стратегия да жоқ болды. Тұқым шаруашылығын сонау тоқсаныншы жылдары мем­л­екет нарыққа, яки бәсекелес ор­таға итере салды да, мұның салдары осындай болды. Ал басқа елдер бұ­ған өте мұқият қарап отыр. Ресейде өздерінің Доктринасы бар. 2030 жылға қарай 85 пайызға дейін тұ­қым өздерінен шығуы тиіс деген. Белоруссия да осындай құжатқа ие. Ал Өзбекстанда тұқым шаруашы­лы­ғы орталығы бар. Ал бізде осы­ның бірі де жоқ. Сондықтан да бізге стратегия құрып, Доктрина қабыл­дап, осы күрделі мәселемен шындап айналысу керек. Егер кешенді түрде бағдарлама қабылданса, онда мен айтып отырған ішкі проблемалар өзінен өзі-ақ шешімін табар еді. Оған әлі де кеш емес. Өйткені қазір геосаяси ахуал өте күрделі болып тұр. Бұрыннан қалыптасқан логис­тика бұзылып жатыр. Егер бұлай кете берсе, бір уақытта өзге елдер­мен қатынас үзіліп, тіпті шетелден әкелетін тұқымды да әкеле алмай қалуымыз мүмкін. Ал бұл дегеніміз – өнімсіз қалып, аштық туындау қаупі бар дегенді білдіреді. – Қазір ғылым саласы өз алдына министрлік болып бөлініп шығып жатыр. Ендеше, ғылыми селекция жүйесін соларға берген дұрыс па? – Бірден айтарым, біздің дәл қазіргідей Ауыл шаруашылығы министрлігінің қол астында қала бергеніміз дұрыс. Өйткені Ғылым және жоғары білім министрлігіне өткеннің теріс жағы көп. Мәселен, бірінші кезекте, қаржыландыру азайып кетуі мүмкін. Біздің дәл қазіргі жағдайда ауылшаруашылық техникаларымыз, ғимараттарымыз бен орынжайларымыз өте қатты тозған, зертханалық жабдықта­ры­мыз ескірген. Сондықтан да бұл жо­ғары деңгейде мақсатты түрде қаржыландыруды талап етеді. Ал ҒЖБМ-ның қол астында оны орта мерзімді перспективада жүзеге асыру мүмкін емес. Оның үстіне, ғылыми бағыттағы әлеуетіміз өз­геріп кетуі ықтимал. Агроөнер­кә­сіптік кешеннің барлық саласына мамандар даярлау және қайта даярлау ісі үзіліп қалып, салалық міндеттерден ажырап кетуіміз мүм­кін. Аграрлық ғылымның бизнеспен арадағы байланысы бұдан да на­шар­лап кетуі ғажап емес. Өйткені кә­сіпкерлердің отандық ғылым мен бі­лімге деген сенімі тым төмен. Сон­дықтан да ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүзеге асырып, олардың нәтижесін шаруашылыққа енгізуге деген қызығушылығын мүлдем жо­ғалтады. Ал АШМ-ның бұл тұрғыда шаруалар мен қожалықтарға ық­палы бар. Сонымен қатар саладағы қауымдастықтармен, одақтармен және палаталармен өзара әріптестік әлсіреп кетуі мүмкін. Аймақтармен байланыс үзіліп қалатынын да жоқ­қа шығаруға болмайды. Енді Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінде қала бергеннің артық­шылығына келсек, АӨК-ні дамы­тудың Мемлекеттік бағдарлама­сын­да 2030 жылға қарай қаржы­лан­ды­руды ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін жалпы өнімнің 1 па­йызына дейін жеткізу қарастырыл­ған. Бұл дегеніміз – аграрлық ғы­лымды қаржыландыру да артады деген сөз. Аймақтарға ғылыми нә­тижелерді таратудың ұлттық жүйе­сін құру жоспарлануда. Биыл біздің орталық осы конкурсты жеңіп алды. ҒЗИ, АШТС және ТӨШ-ті қосу жолымен ірі аграрлық зерттеу уни­верситеттерін дамыту көзделуде. Шет­елдік жетекші универси­тет­тер­мен серіктестік жасау арқылы ха­лықаралық оқыту және практи­ка­лық бағдарламалар енгізілмек. Одан да басқа көптеген жоспарлар бар. Сондықтан да осы уақытқа дейін атқарылып келе жатқан кешенді шаралар тізбегін үзбеу керек. Шын­дығына келгенде, АҚШ, Түркия, Ресей және тағы да басқа елдердің барлығында агроғылым ауыл ша­руа­шылығы ведомствосына қарайды. – Тұқым шаруашылығын жеке­меншікке беру керек деген де пікір бар. Оған не айтасыз? – Бұл тұрғыда да бірден айта­рым, агроғылымды жекеменшікке беруге болмайды. Ол мемлекеттің жауапкершілігінде қала беруі тиіс. Өйткені белгілі бір ғылыми нәти­жеге жету үшін уақыт керек. Мә­селен, бір тұқымды сұрыптап шы­қ­қанға 10 жыл жұмсайтын жағдайлар көп. Ал бизнестің тез табыс табуды көздейтіні анық. Сондықтан да олар мұнша уақыт шыдап отыра алмай, қолда бар тұқым қорын шикізат ретінде саудаға өткізіп жіберуі мүмкін. Бір тұқым пробиркадан сұрып­талып шыққаннан кейін 8 жылға дейін пайдалануға жарамды болып тұрады. Одан соң сапасы әлсіреп жойылып кетеді. Онда да қалай сақ­талуына байланысты. Дұрыс сақ­талмаса, үш жылда жойылып кетуі мүмкін. Дегенмен бірнеше тонна тұқымыңыз болса, оны арзан алып қалған болсаңыз әрі дұрыс сақта­саңыз, жеті жыл қатарынан еге ала­сыз. Бірақ өкінішке қарай, бізде шаруалар тұқымды сақтай алмайды. Олар егер тұқымдыққа деп алып қалған бөлігі нашар болса, оны күз­де сатып жіберіп, құтылуға тыры­сады. Өйткені нашар тұқым қыста шыдамайды. Үсіп кетеді, не шіріп кетеді. Осыдан келіп күзде арзан болған, мәселен, картоп, көктемде он есе шарықтап шыға келеді. Оның үстіне, біздің фермерлер көбінесе сапасына емес, көлемімен алғысы келеді. Өйткені дәмді, құнарлы өнім сатқаннан гөрі, оларға нашар сорт­ты, дәмсіз, құнарсыз болса да көп етіп өсіріп, сатып пайда тапқан тиімді. – Ал жалпы елімізде қазір тұқым шаруашылығындағы ахуал қандай? – Тұқымдарды сұрыптаудың мол өнім алуға қосатын үлесі 30-70 пайызға дейін жететіні – соңғы жарты ғасырда ғылыми тұрғыда сан мәрте дәлелденген жайт. Ал бүгінгі таңда климаттың өзгеріп бара жат­қанын ескерсек, ғылыми селекция­ның маңызы арта түскені анық. Тіпті, азық-түлік қауіпсіздігін сақ­тау мен ауыл шаруашылығын да­мытудың белгілі бір елеулі деңгейде шешім табуы тұқым шаруашылығы мен селекцияға, технологиялар мен жер өңдеуге байланысты екені жасарын емес. Бүгінде Қазақстанда ауыл шаурашылығы өнімдерін егетін 23 миллион гектар егістік жер бар. Олардың былтыр 15,8 миллио­нына дәнді дақыл, 3 миллионына майлы дақылдар, 3,4 миллионына жемдік шөп, 125 мыңына қант қы­зылшасы, мақта сынды техникалық өнімдер, 164 мыңына ашық топы­раққа егілетін көкөніс, 198 мыңына картоп және тағы да басқалар егілген. Еліміздің селекция жүргізу ісін­дегі жетістіктері туралы айт­қанда, бұл тізілімде жалпы алғанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің 2 728 сорты тіркелген. Олардың ішін­де 839 сұрып отандық, 1 830 сұрып шетелдік және 59 сұрып шетел­дік­термен бірлесе отырып шығарылған селекция. Біздің орталықтың ен­ші­лес ұйымдары осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 550-ден астам таза сорты мен будан­дарын жасап шығарды. Олардың ішінде 162 сұрып пен 155 гибридке елімізде және шетелдерде егін өндірі­сіне шығаруға рұқсат берілген. – Әңгімеңізге рақмет!