Мемлекет ұсынған цифрлы игіліктер қандай?
Жоғарыдағы статистика біздің елге де тән. Paperlab алаңында өткен пікірталаста «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Ирина Медникованың айтуынша, жүргізілген зерттеулерде қазақстандық жастардың 11 пайызы саясатқа қызығатыны, 8 пайызы сәл-пәл қызығушылық танытатыны, ал 48 пайызы мүлдем қызықпайтыны анықталған. Саясатқа қызығатындардың көбі негізгі ақпарат көзі ретінде интернетті атаған. «Бес жыл бұрын саяси ақпараттар дереккөзі ретінде бірінші орында – телевизия, екінші орында интернет тұрса, қазір бұл екеуінің орны ауысты. Жастардың 79 пайызы саяси ақпаратты интернеттен алады», – дейді ол. Интернеттің жыл сайын дами түсуі елімізде билік органдары мен халық арасындағы байланысты жақсартуға мүмкіндік беретін платформалардың көптеп пайда болуына алып келді. Олардың ішінде әсіресе «Электронды үкімет» порталын ерекшелеп айтуға болады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаменті директорының орынбасары Дәулет Душабаевтың сөзінше, былтыр аталған порталда 54 млн электронды мемлекеттік қызмет, соның 19 млн-ы мобильді қосымша арқылы алынған. «Бізде «Ашық үкімет» порталы бар, ол «Ашық деректер», «Ашық нормативті-құқықтық актілер», «Ашық бюджет», «Ашық диалог» сияқты бірнеше компоненттен тұрады. Порталға былтыр 18 мыңға жуық нормативтік-құқықтық акт салынды. Соны 78 мың адам қараған. Е-Otinish деген портал бар, ол бойынша азаматтар өздерінің өтініштерін мемлекеттік органдарға жібере алады. Жарты жылда 396 мың адам 877 мың өтініш жазған. Бұл көрсеткіштер бұқараның біраз бөлігі мемлекеттік саясатқа қатысып отырғанын көрсетеді», – деп санайды министрлік өкілі. Сондай-ақ ол халыққа цифрлық технология ұсынылып қана қоймай, соны пайдаланудың тиімді тетіктері де қоса беріліп жатқанын айтады. Мәселен, 2018-2020 жылдары аталған министрлік жергілікті органдармен бірлесіп, 1 жарым миллиондай қазақстандықты цифрлық сауаттылыққа оқытып шыққан. «2020 жылы цифрлық сауаттылықты арттырудың жаңа концепциясын әзірледік. Ол үш базалық принциптің негізінде әзірленді. Біріншісі – адамдардың әр өмірлік деңгейінде (мектеп, ЖОО, жұмыс орны, т.б.) цифрлық сауаттылығын арттырудың құралдарын енгізу. Екіншісі – мемлекеттік қызметтерді халық үйреніп қалған сервистермен (мысалы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларымен) интеграциялау. Үшіншісі – ІТ-ді оқытып қана қоймай, оны халық арасында насихаттау», – дейді Дәулет Душабаев.Сан емес, сапа маңызды
Әйткенмен, мұндай цифрлық игіліктер мәселені неге түбегейлі шешпейді деген сұраққа жастар өкілдерінің өз жауабы бар сияқты. Солардың бірі – сәулетші, Fading.TSE платформасының негізін қалаушы, «SOS Талдыкөл» қозғалысының мүшесі Теміртас Ысқақов бұл мүмкіндіктерді біржақты туннельге теңеді. «Иә, қазір әртүрлі диджитал платформалар халықтың өтінішін, талап-тілегін, сұрағын мемлекеттік органдарға тезірек әрі жеңіл жолмен жеткізуге көмектеседі. Мысалы, астанада iKomek деген тамаша онлайн-сервис бар, жылына 3 млн-нан аса сұраныс қабылдайды. Бірақ осы тұста санға емес, сапаға мән беруі керек деп ойлаймын. Бір қарағанда, халық сұрайды – билік жауап береді: диалог бар тәрізді, бірақ бұл – біржақты туннель. Электронды үкімет платформасындағы өтініштерге көбіне бірдей немесе сапасыз жауап беріледі. Сондықтан жастар олардан гөрі әлеуметтік желіге жиірек жүгінуге мәжбүр», – дейді белсенді. Сондай-ақ оның ойынша, жастар онлайн-петиция құрарда цифрлық платформаларға оншалықты сене қоймайды. Бірінде дауыс саны қалай есептелетіні анық көрсетілмесе, енді бірі техникалық жағынан сенім ұялата қоймайды. Ал мемлекеттің осындай петицияларға арналған өз платформасы жоқ. Бұл ретте министрлік өкілі Дәулет Душабаев ондай платформа жасауға техникалық мүмкіндік жетіп тұрғанымен, құқықтық жағынан реттеп алатын мәселелер бар екенін, ал оның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құзырына кірмейтінін мәлімдеді.Әлемжелінің пәрмені мықты
Қазақстандық жастардың диджитал платформалардан гөрі әлеуметтік желіге көбірек иек артуының тағы бір себебі – олар әлеуметтік желінің пәрменін көріп отыр. «Пандемия кезінде Ақтаудың, Атыраудың жас жігіттері газ баллонын тасып жүрді. Бүкіл желі қолданушылары оларға қолдау көрсетті. Қайбір жылы Маңғыстауда қуаңшылық болып, мал қырылып жатқанда, Шымкентте Құрмет деген азамат шөп шауып, соны жібере бастады. Жастар осылайша әлеуметтік желінің күшіне куә болды. Оның үстіне, қазір билік органдары БАҚ көтерген мәселелерден гөрі әлеуметтік желіде жарияланған проблемаларға тезірек реакция білдіреді», – дейді журналист, Malim.kz порталының директоры Руслан Ербота. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзінде «Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді» деген болатын. Журналист Руслан Ербота мұның себебін «Еститін үкімет» концепциясындағы «жергілікті атқарушы билік өкілдері әлеуметтік желідегі шыққан кез келген постқа дереу жауап беруі керек» деген ережемен байланыстырады. «Қазір билік пен халық арасында үш канал бар: оның бірі – «Электронды үкімет» сияқты мемлекеттік платформалар, онда азаматтардан түскен хаттарды тиісті басқармаларға жібереді, әр басқармада баспасөз хатшысы жоқ, демек әлгі хаттар сондағы ортанқол бір маманның қолына түседі. Ол маман жауаптардың бәрін бір шаблонға салып жазады. Бәріне бірдей немесе түсініктіз ресми жауаптар осыдан келіп шығады. Екіншісі – ішкі саясат бөлімдеріндегі мониторинг топтары, ондағы мамандар әлеуметтік желіде қандай негатив, қандай позитив пост шыққанын қадағалап, жауап беріп отырады. Үшінші канал – баспасөз хатшылары. Бізде осы үшеуінің арасында өзара байланыс жоқ», – дейді журналист. Үкімет сөзіңе құлақ асам десе де, құлық таныта қоймаған бұқараның, оның ішінде жастардың цифрлық ортадағы селқостығының бірқатар себебі – осы. Бұл да келешекте шешімін табуы тиіс маңызды саланың бірі.Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ