Бір ауыз сөз және екі мақала
Бір ауыз сөз және екі мақала
694
оқылды
Күні кеше қазақ журналистикасының­ өкілі, әріптесіміз Astana aqshamy газетінің­ бас редакторы Еркін Қыдыр асқаралы 60 жасқа толды. Мерейтой иесіне Мемлекет басшысыны­ құттықтауын елорда әкімі Алтай Көлгінов табыстап, сый-құрмет көрсетті. Журналистік еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облыстық (қазіргі Түркістан облысы) «Оңтүстік Қазақстан» газетінің корректорлығынан бастап, аталған басылымның тілшісі кейіннен республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза басқаратын елдің бас басылымының тәуелсіздік қарсаңында халқымыздың санасын сілкіндіруге, ұлттық мұраттарды ұлықтауға қосқан үлесінде Еркін Сағындықұлының да қолтаңбасы бар. Кейінірек даңқты ұстазының ізін жалғап, 1996 жылдан «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, 2007-2008 жылдары «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ директоры, акционерлік қоғам вице-президенті, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған кезде де Еркін ағамыз өзін қарымды қаламгер, іскер басшы ретінде көрсете алды. Бас басылым Алматыдан Астанаға қоныс аударғанда редакция, оның жүз деген қызметкерін материалдық-техникалық қамтамасыз етуде ұйымдастырушылық қырымен танылды. Еркін Сағындықұлының ұйытқы болуымен елордаға қоныс аударған редакция қызметкерлері үшін 2 тұрғын үй кешені, 2 жатақхана және 8 қабаттық кеңсе ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Айналдырған 15 жылдың ішінде газеттің таралымы 7 есе өсті. Соңғы 5 жылдан бері республикалық «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы қызметін қолға алған Еркін ағамыз бұл ұжымның толайым табыстарға қол жеткізуіне мұрындық болды. «Астана ақшамы» газеті елорданың қоғамдық-саяси өмірінің жаршысы болуымен бірге талай жас қаламгердің қаламын ұштап, шеберлігін шыңдаған мектепке айналдыра алды. AIQYN газетінің шығармашылық ұжымы журналистика жампозының мерейтойымен шын жүректен құттықтайды. Осы орайда 60 жастың асқарына аяқ шалған Еркін Қыдыр жайында жазушы Мархабат Байғұттың «Бірауыз сөз және екі мақала» атты дүниесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Редакциядан

  1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы толғанысқа түсер кездеріміз көп қой. Сондайда, сәлден соң-ақ осы Еркін Қыдырыңыз еске түседі. Желтоқсандағы, сол сексен алтының ақырғы айы ортасындағы боранды түндер, аязды күндер Шымкентіңізде де сұрапыл суық еді. Ешкім де ашық пікір айтпайды. Іштерінен тынады. Іш шіркін қан жылайды. Жастарды кінәлайтындар көбірек. Жасыратын несі бар, орекеңдер де, өзге ұлттың өкілдері де бірден-ақ теріс бұрылған. Қазекеме қырын-қырыс қабақ танытқан. Тіпті, қарапайым ғана, қатардағы тірліктермен жүретіндей, саясаттан хабарсыз секілді көрінетіндей көршілеріңіздің өзі көзіңе шұқып қарап, нұқып өткісі келер. Оларды былай қойып, өзіміздің қазақтан-ақ шыққан шенеунік басшысымақтардың арасында да мысқылдай мырсылдағандар молайған, табалай тырсиятындар көбейген. «Атаңа нәлеттердің алаңға шығып, қыстыгүні құтырып несі бар ей, а-а-а?», – деп тырсылдағандар табылған. Он сегізінші желтоқсандағы таңертеңгілік шақ еді. Әдетте мұндай ауа райында, осындай қыста қуанатын, әсемдікке елітетін жан еді. Желтоқсаннан кейін көңіл көтерілмей қойған. Күннің көзіне қарасақ, қарақошқылдау бұлт торлап тұрыпты. Айнала-төңірек аяқ бүркеді. Үскірік уілдеп жөнелетіндей. Шымкентіңізді қуаныш емес, қорқыныш буып, буындырып жатқандай сезілді. Он алтыншы шағынаудандағы күртік қары күреле қоймаған жиек жолмен төмен қарап, тұржырап келе жатқанбыз. Кенет: «Ассалаумағалейкүм, аға!» деген дарқан ықыласты дауыстан оқыс ояныңқырап қарасақ, сол кездегі жас, жігерлі журналист ініміз Еркін Қыдыров екен. Ол кезде «ов» деген аффиксіңізді аты-жөнінен түп-тегінен ала қоймаған бүгінгі белгілі-белді қаламгеріңіз Еркін Қыдыр. «Аға басыңыз тіпті төмен түсіп кетіпті ғой?», – деді. «Кешегісі күдік-күмәнға толы Бүгінгісі...» деп күмілжідік. Күрсін кернеген кеудемізбен өксігендей. Сексен алтының қытымыр қысындағы Қыдыровыңыз, бүгінгі Қыдырыңыз не деді деңізші сонда?! Еркініңіз емін-еркін бүй деді: «Ой, аға бұл ерлік әлі басқаша бағаланатын күн келеді». Шынымен-ақ солай деді. Еркін бауыр. Бірауыз сөз. Еркін ініңіздің сол бір батыл пікірі, батыр болжамы мына бізді селт еткізген. Кенет ойландырған. Оятқан. Қуанғандай, жұбанғандай күй кештірген. Жанарымыз жасаурап: «Айтқаның келсін, айналайын!» дегенбіз. Иә, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі хақында жадымызды жаңғыртар сәттерде, сол қыс, Шымкенттегі он алтыншы шағынауданның жиек жолы және Еркін бауырымның еркін пікірі жаңғырады-ай. Енді қаламгерлік қарымына қарайласақ, ұзаңқырап кетерміз. Қысқасынан қайырсақ, Еркіннің екі мақаласы еске түсе береді. Біріншісі троллейбус туралы-тұғын. Ұмытпасақ, тоқсаныншы жылдың соңы болар. «Социалистік Қазақстаныңызда» шыққан. Мақалада түнгі Шымкент суреттелген. Тәуелсіздік алардың алды ғой деймін. Облыс орталығында тізіле сызылып, әдемі әдеппен жүретін троллейбустарыңыз тоқтаған. Тоқыраған. Осы мәселені мұңмен орап, толқыныспен тарап, қаламгер биігінен қарап, әрі экономикалық талдама жасағаны, әрі алдан әлдебір үміт шамын күтетінін ишаралағаны жатталып қалыпты. Тіпті, сол кездегі қоғамыңызды үлкен жолдың бойында тоқ жалғағышынан ажырап, абыржып тұрған троллейбусыңызға теңегеніне дейін жадымызда. Еркіннің екінші ерекше мақаласы Америкадағы басшылар, мемлекеттік қызметкерлер және олардың этикасы, парақорлық пен жемқорлықты жүгендеу жөніндегі текті тәжірибелер туралы еді. «Басшы болдың ба – бас қамын ұмыт» деп аталатын. Оның есте сақталғаны сол, біріншіден, бөлекше баяндалған-тұғын. Ұмытпасақ, Жоғарғы тәртіптік кеңес төрағасы Оралбай Әбдікәрімов екеуі жазды-ау. Екіншіден, сол кездері біз-дағы басшылардың ар-ұяты, этикасы жайын қозғаңқырап, «бастық» деген сөз «бас тық» дегенді емес, «бас тік», ұлтың үшін басыңды тік дегенді меңзесе мақұл. Қазекем бастықтары үшін. Дегендей ой қозғап жүргенбіз. Сондықтан қалай ұмытпаған деп күдіктенбеңіз, ағайын. Жалпы, Еркінде ерекше дүниелер, үлгілі үрдіс көп. Алпысқа келген ереніңізден қазіргі балғын қаламгерлер үйренер болса, кәнеки!

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы