Ұрланған қарулар тәркіленді
Ұрланған қарулар тәркіленді
420
оқылды
ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев Алматы, Талдықорған және Тараз қалаларындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған қызметтік және азаматтық қаруларды табу және тәркілеу бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Бүгінде 860 қару тәркіленген, оның ішінде 475 табельдік және 379 азаматтық қару бар. 13 шілдеде Таразда криминалдық полиция және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің жедел-іздестіру шарасы барысында бүркемеленген жерге көмілген қойма табылды. Ол жерден бұрын Полиция департаментінен ұрланған Калашников автоматы, екі оқ сауыт және 30-дан астам оқ-дәрі тәркіленді. 19 шілдеде осы қалада полиция қызметкерлері гараждар орналасқан жерден бұрын Полиция департаментінен ұрланған Макаров тапаншасын тапты.
«14 шілдеде Алматы облысының Іле ауданында полиция және ҰҚК қызметкерлері Байсерке кентінің теміржол өткелі маңындағы жасырын қоймадан 12 калибрлі келте мылтық, бөлшектелген аңшылық мылтық, газ тапаншасы, 3 жарық дыбысты және 2 газ гранаты, сондай-ақ 150-ден астам патрон тапты. Алматы шетіндегі таулы жердегі тағы бір жасырын қоймадан 22 жарық-дыбысты, көзден жас ағызатын және газ-түтінді граната, 2 газ тапаншасы, 12 калибрлі аңшылық мылтық, радиостанция және әртүрлі калибрлі 500 патрон табылды», – деді Мұхтар Қожаев.