Көпбалалыларға көмек көрсетіле бермек
Көпбалалыларға көмек көрсетіле бермек
541
оқылды
2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тәртіптеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Басты мақсат – жұмыспен қамту арқылы отбасының кірісін арттыруға бағытталған ақшалай көмекті көрсетіп қана қоймай, әлеуметтік бейімделу, отбасының кәсібін және басқа да жұмыс түрлерін ұйымдастыруға күш салмақ. Мемлекет басшысы «Еңбек етуге ынталандырудың жаңа тәсілдеріне баса мән беріліп, атаулы әлеуметтік көмекті асыра пайдалану барынша азаяды» деген болатын. Бұл тарапта биылдан бастап жаңа жәрдемақы 340 мыңнан астам отбасыға тағайындалатындығы туралы бұдан бұрын да хабарланған. Ал атаулы әлеуметтік көмек көрсету және тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс бүгінде өз нәтижесін көрсете бастады. Анық-қанығына көз жеткізу үшін АӘК-ке құжат тапсырған бірнеше отбасымен сөйлесіп, әңгімеге тартып көрдік. Нұр-Сұлтан қаласының тұр­ғыны, 8 баланың анасы Жанар Кауменованың тек мемлекеттен алатын көмегінің өзі 200 мың тең­геден асады екен. «Жаңа жыл­дан кейін 74 388 теңге жәр­демақы түсті. Әлеуметтік көмекті 2017 жылдан бастап алып ке­лемін. 2017 жылы 92 мың теңге, былтыр 220 мың теңге алдым. Биыл 40 мың теңгеден астам атау­лы әлеуметтік көмек таға­йын­далатынын есептеп берді. Мұның сыртында 1 жасқа толма­ған ба­лама 22 мың теңге, «Алтын алқа» иегері ретінде 16 500 теңге ала­мын. Сондай-ақ атаулы әлеу­меттік көмек тағайын­далған­нан кейін балаларыма кепілден­ді­рілген әлеуметтік топтама беріл­мек. Төрт балам мектепте оқиды. Жолдасым жүк тиеуші болып, ай сайын 45 мың теңге табады» деген көпбалалы ана көмектің көлемі қысқармағанын, қалай да сол 200 мың теңгеден асып тұр­ғанын айта­ды. Ал елор­далық та­ғы бір тұрғын Зәуреш Курун­киева – жалғыз- басты ана, кәме­летке толмаған 3 баласын бағып-қағып отыр. Көп­тен бері жұмыс­сыз жүрген Зәуреш Нұр-Сұлтан қа­ла­сы әкімдігінің халықты жұ­мыспен қамту орта­лығының ұйым­­дас­тыруымен «Жанұя» от­басы инс­титутын қол­дау орта­лығына 2020 жылдың 14 қаңта­рында жүгініп, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері бойын­ша кеңес алған. Бұдан соң 15 қаң­тарда «Балбөбек 2009» бала­бақшасына тәрбие­шінің көмек­шісі ретінде тұрақты жұмысқа ор­наласқан. Әлеуметтік көмек кей­­біреулер айтып жүр­гендей күр­­делі жұмыс емес екенін айт­қан Зәуреш көрсетілген мем­ле­кеттік көмек үшін дән риза екенін жеткізді. Жаңа жылдан бастап көпба­лалы отбасылардың табысына қарамастан 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 ба­лаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға 74 388 теңге ай сайын тұрақты мемлекеттік жәр­демақы беріле бастады. Алдағы уақытта бұл қаражат та табыс ретінде есептелетін болады. Дәл осындай жаңартылған жәрде­мақы тәртібінде көмек алып отырған «Алтын алқа» иегері Әлия Ақбалаева 7 баланың анасы. Үлкені елдегі медици­налық университеттің 1-курс студенті болса, кішісі аяғын енді басқан. Жуырда оған Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі атынан бір бөлмелі үй сыйға берілді. – Бір жиналысқа балама ба­лабақша сұрап барған едім. Қа­расам, аналар топтасып ұсыныс жазып жатыр екен. Ойымда еш­теңе жоқ, мен де өз ұсынысымды жазып, баспана керек екенін ай­тып қалдырып кеттім. 15 ма­мыр күні мені шақырды, «сізге бір бөл­мелі үй сыйлыққа берілді» дей­ді. Өзім үй кезегінде 1 333 орын­да тұрған едім. Осылайша, аяқас­тынан үйлі болған жайым бар, – деген ананың үнінен қуа­ныштың лебі анық есіп тұр. Оның айтуын­ша, әлеуметтік көмекті 2019 жыл­дан бері алып келеді. Жаңа тәртіп­пен оған 172 мың теңге көлемінде көмек таға­йындалған. – Турасын айтқанда өзім жұ­мыссызбын, мемлекеттен бе­рілетін жәрдемақымен күн көре­міз. «Алтын алқа» иегері ретінде 16 500 теңге аламын, – дейді ол. Иә, баламен үйде отырған ана жағдайы да айрықша назарда тұрған жайттың бірі. Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмектің шарт­ты және шартсыз екі түрі бел­гіленіп, шартты түрі алты айға, шартсыз түрі бір жылға бе­ріліп келгені белгілі. Отбасында жұмысқа қабілетті азамат болға­нымен белгілі бір себептермен уақытша жұмыс істемейтін жағ­дайда шартты түрі тағайындалады да, үйінде жұмысқа қабілетті кісі мүлде жоқ және 23 жасқа дейінгі баласы оқуда болған жағдайда шартсыз АӘК беріледі. Енді бұл екеуі де тоқсан сайын тағайын­далады. Ең бастысы, шартты АӘК алған отбасындағы жұмыс­қа қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту бойынша барлық мүмкін­діктер қарастырылған. Нақты айтқанда, олар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы аясында көптеген жеңілдіктерге ие бо­лады. «Егер ол одан бас тартса, АӘК беру тоқтатылады. Бұған мүгедек жандар, оқып жүрген еңбекке жарамды азаматтар, 3 жасқа дейінгі баламен және мүгедек жанды, қарттарды қарап отырған кісілер, 1 және 2-топтағы мүгедек ересектер, қарттар жат­пайды. Баламен үйде отырған аналарға ерекше қарайтын бо­ламыз. Олар­ға толық емес ре­жимдегі жұмыстар ұсынылады» деген болатын ми­нистр Біржан Нұрымбетов. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жұмыспен қамту орталығының 2020 жылдың 5 қаңтардағы мә­ліметі бойынша, атаулы әлеу­мет­тік көмек бойынша 9 808 адамға кеңес берілген. Нәтижесінде, 3 мыңнан астам өтініш қаралып, 1 641 дайын нақты шешім қабыл­данған. Сондай-ақ атаулы әлеу­меттік көмек алған отба­сының барлығы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамта­масыз етіледі. Мұнда 1-6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік (ай сайын) топтамасы мен гигиена­лық құралдар (тоқсан сайын) берілсе, 6-18 жастағы балалар мек­тепте ыстық тамақпен қам­ты­лып, мектеп формасы, оқу құ­ралдары және мектепке қаты­науға жол жүру жеңілдіктері, ме­дициналық көмек қарасты­рыл­ған. Жауапты мамандардың ай­туын­ша, бұл кепілдендірілген көмек болғандықтан, отбасы атаулы әлеуметтік көмектен қа­ғылған күнде де беріле береді. Бұл ретте биыл мектеп жасына дейінгі 220 мыңнан астам бала, мектеп жа­сындағы 370 мыңнан астам бала осы кепілдендірілген топ­тамамен қамтамасыз етіледі.  

P.S.

Өз үйің – өлең төсегің. Басыңда баспанаң болса, жақсы өмірдің бастамасы. Қазақстанда әлеуметтік саясаттың басты ба­ғыт­тарының бірі – азаматтарды қол­жетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мемлекет бұл мәселеге тиісті жәрдем көрсе­тіп, тиімді мүмкіндіктерді барынша қарастырып келеді. Мәселен, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша, кезекте тұрған 2 900 аза­мат баспанаға ие болған. Мем­лекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, биыл қолжетімді баспана көлемі 3 есе ұлғайса, 2021 жылы одан да көп болмақ.

  Серік ӘЛІМЖАНОВ, Нұр-Сұлтан