Көкшеде жатақхана тапшы
Көкшеде жатақхана тапшы
765
оқылды
Жаңа оқу жылы басталуға жақындаған сайын ұл-қыздары Көкшетаудағы жоғары және арнаулы оқу орындарында оқитын ақмолалық ата-аналардың мазасы кетеді. Көкшеге сырттан келіп оқитын студенттер де осы күйді бастан өткереді. Нақтырақ айтқанда, бұл қалада білім алатын студенттердің бәріне бірдей жатақханадан орын бұйырмайды. Ал пәтер жалдап тұруға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Арзан әрі қолайлы пәтер іздеуді тамызда бастайтын жастарды қазір қаланың әр қиырынан кезіктіруге болады. Жыл сайын Көкшетауда студенттерге арналған жатақханалар тапшылығы шешілер емес. Салдары нан мыңдаған студент оқуды «жетім бұрышты» кезуден бастауға мәжбүр. Сонда да болса қалтаға қонымды пәтер табу бақыты екінің біріне бұйыра бермейді. Оның үстіне, жыл санап пәтерді жалдау ақысының шарықтап бара жатқанын ескерсеңіз, студенттер мен олардың ата-аналарының жанайқайын түсінуге болады. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, елімізде жатақхана жетіспеушілігі 86 мың орынды құрайды. Оның ішінде ЖОО-да 64 мыңнан астам, ал колледждерде 21,5 мыңнан астам студентке орын жетпейді екен. Әсіресе, республикалық маңызы бар ірі қалаларда жатақханадағы орын тапшылығы аса қатты байқалады. Мәселен, Алматы қаласында 30 мыңнан астам, Нұр-Сұлтанда 17 мыңға жуық, ал Шымкентте 7 мыңнан астам студентке жатақханадан орын тимеген. Бір сөзбен айтқанда, жатақханада жатып оқуды арман еткен студенттер көп. Олардың қатарында көкшетаулық студенттер де бар. Солардың бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Данияр Маратов. Ол да өзі қатарлы студенттермен бірге пәтер іздеудің қамына ертерек кіріскен.
«Биыл екінші курсқа өтемін. Баспана жайы қиын болғандықтан ертерек қам жасамақ болып қалаға келдім. Биыл өкінішке қарай, студенттер жатақханасынан орын болмайтынын білдім. Хабарландыру бойынша пәтер жалға берушілерге хабарласып жатырмын. Бірақ бағасы удай. Менің студенттік шәкіртақым оны төлеуге жетпейтіні анық. Ата-анам ауылда тұрады. Олардың ай сайын пәтерақыға қарайласып тұруға шамасы келмейді. Біреудің арзан пәтерін паналаудан басқа амал жоқ. Бірнеше күннен бері пәтер іздеп сандалып жүрмін. Бірнеше студент бірігіп те іздеп жатырмыз», – дейді Данияр Маратов. Данияр білім алатын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің басшылығы да студенттердің көбіне жатақханадан орын тимегенін жасырмады. Университет проректоры Ғалым Байтуктың айтуынша, жыл сайын студенттердің көбеюінен тіпті бірінші курс студенттерін жатақханамен қамтудың өзі мәселеге айналған. Бұл істе университет басшылығы, атқарушы органмен, салалық министрлікпен байланыс орнатқан. Алайда одан нәтиже шығар түрі көрінбейді. «Жалпы, еліміз бойынша жатақхана мәселесі аса қиын болып тұр. Мақсатты әдіспен қаражат бөлінбейді. Ал мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша дотациялық облыста орналасқан барлық жоғары оқу орындары жатақхана сала алмайды. Біздің университетте солтүстіктегі өзге жоғары оқу орындарынан студенттердің саны көп. Сондықтан жатақхананың жоқтығынан қиналып жатырмыз. Аймақтардағы жоғары оқу орындары үшін бұл – ең басты мәселе. Қазір біздің бес жатақханада бар-жоғы 1365 орын бар. Ал жыл сайын университетке 2000-ға жуық студент 1 курсқа қабыланады», – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Ғалым Байтук.
Студенттеріне жатар орын табу мәселесіне алаңдаған университет басшылығы көкшетаулық риэлторлар мен пәтерлерді жалға берушілерге үндеу жасапты. Бұл үндеуде Көкшетау университетіне жыл сайын елдің әр аймағынан 1000-нан астам студент оқуға түсетіні айтылған. Студенттердің арасында Үндістан, Пәкістан, Моңғолия, Тәжікстан және Ресейден келетіндері де бар. Келер жылы университетке «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасымен Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарынан 1200-ден астам студент қа былданбақ. Демек, Көкшедегі студенттік жатақхана мәселесі тіптен ушыққалы тұр.
«Біз риэлторлар мен пәтерді жалға берушілерде студент жастардың әлеуметтік жағдайын (олардың көпшілігі көпбалалы отбасынан шыққан) ескеріп, өткен жылдағыдай 1 бөлмелі пәтерді 60 мың теңгеден, екі бөлмелі пәтерді 100 мың теңгеден асыр мауды өтініп сұраймыз. Өз тарапымыздан университеттің ақпараттық ресурстарында жалға берілетін пәтерлер туралы ақпарат орналастыруды ұсынамыз», – деді Ғалым Байтук.
Шындап келгенде, студенттік жатақхана мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Бұл орайда тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар, оқу орындары бірлесе әрекет етпесе, жағдай тіптен қиындай түспек. Ал маман болудың жолына түскен студенттерге керегі жайлы жатақхана ғана.