Кесірлі кірпіш зауыттары жабыла ма?
Кесірлі кірпіш зауыттары жабыла ма?
565
оқылды
Ебекшіқазақ ауданы Қайназар ауылының маңында орналасқан кірпіш зауыттарына қатысты түйткілдің түйіні тарқатылмай келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Шағын ғана ауылдың аумағында 4 бірдей кірпіш зауытының орналасуы шынымен ақылға қонымсыз. Әрі өндіріс ошағынан шыққан өндірістік қалдық салдарынан ауыл т­ұрғындары арасында демікпе, аллергия сынды аурулар жиілеген. Өткен жылы 4 мыңнан астам халық тұратын елді мекеннің тұрғындары ауыл маңындағы төрт бірдей кірпіш зауытының қоршаған ортаны бүлдіріп қана қоймай, адамдардың денсаулығына да зиян келтіре бастағанын айтып дабыл қаққан еді. Ауыл тұрғындары облыс әкімдігінен қайран болмаған соң Мемлекет басшысынан араша сұрауға мәжбүр болған-ды. Алайда ауылдағы кірпіш зауыттарына қатысты мәселенің соңғы нүктесі қойылмады. Қайназарлықтардың «кесапаттың көбі кірпіш зауыттарынан келді» деуі бекер емес. Мәселен, ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі саналатын мал шаруашылығы да осындай заңсыз, жоба-жоспарсыз салынған түрлі кәсіпорындардың кесірінен тұйыққа тірелген. Өйткені онсыз да жыл өткен сайын тарылып бара жатқан жайылымдық жердің көлемі тіптен тарыла түскен. Көрікті қыраттар мен дөңестер, төбешіктер жұрттың көз алдында мүжіліп, кірпіш зауыттарының шикізатына айналған. Бір ауылдың аумағында төрт бірдей кірпіш зауытының орналасуы шынымен ақылға сыймайды. Ешқандай санитарлық нормаға да сай келмейді. Санитарлық талаптар бойынша кәсіпорындар ауылдан кем дегенде жарты шақырым қашықтықта орналасуы керек. Кәсіпорындардың құжаттарында да шикілік көп. Жергілікті жұрттың шуынан кейін жұмысын тоқтатқан зауыттар араға біраз уақыт салып барып қайта іске кіріседі екен. Ендігі кезекте қайназарлықтар кірпіш зауытының мүлдем жабылғанын талап етіп отыр.
«Еңбекшіқазақ ауданында жергілікті жұрттың жанайқайына құлақ аспайтын өндіріс орындары жетіп жатыр. Өзендерден қиыршақ тас алу да бейберекет жүргізіледі. Соның кесірінен өзен арнасы ауысып, жұртты әуреге салады. Ал кірпіш зауыттарына келер болсақ, бұлар біздің бас ауруымызға айналғалы біраз жыл өтті. Шыдам таусылған соң көшеге де шықтық. Ауыл, аудан басшылығы мен құзырлы органдардан келгендер уәдені үйіп-төгеді де кетеді. Бұл жолы да «барлығы реттеледі, кірпіш зауыттары жабылады» деп отыр ғой. Оны да уақытында көрерміз. Тұрғындардың арасында бұрын кездеспейтін сырқаттың түрлері көбейді. Кәсіпкерлер өзім білемге салынады да, пайдасын көріп, жердің ту-талақайын шығарып кетеді. Оның зардабын жергілікті жұрт көреді», – дейді жергілікті тұрғын Бақыт Тоқанұлы.
Тұрғындардың айтуынша, кірпіш зауыттары ауылдың іргесіне жетіп қалған. Енді зираттың маңын да қаза бастаған көрінеді. Ауыл аумағындағы сарытопрықты қыраттарға қызыққан кәсіпкерлерге тоқтам салар жан табылмапты. Жоғарыда жазғанымыздай, соңғы бес-алты жылда құзырлы органдарға шағымданудан шаршаған халық шыдамның да шегі барын ашық мәлімдеді. Былтыр күзде ауыл әкімін айтпағанда, аудан басшылығы да келіп, заңсыз жұмысты тоқтату туралы ескерткен. Экологтар да пәрменсіз. Қазіргі кезде облыстық әкімдікке тұрғындардан түскен арызға қатысты жүргізілген тексерулер кезінде біраз заңбұзушылықтардың беті ашылыпты. Сотқа материалдар дайындалып жатқан көрінеді.
– Қайназар ауылының тұрғындарынан түскен арызда айтылғандар негізінде облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеру жүргізді. Нәтижесінде, халықтың сынына іліккен кірпіш зауытының жұмысында өрескел заңсыздықтар анықталды. Ендігі мәселе сот арқылы шешіледі. Барлығы заң аясында реттеліп, жөнсіз жұмыс жүргізіп, қоршаған ортаны ластап, адамдар денсаулығына қауіп төндіріп отырған кәсіпорындар тоқтатылып, келтірілген зиянды қалпына келтуріге қатысты шаралар қабылданады. Бұған дейін зират жанындағы карьерді арнаулы мақсатынан тыс пайдаланып, кірпіш зауытын салып алған кәсіпкердің заңсыздығы дәлелденіп, өндірістік нысанды бұзу туралы шыққан сот шешімі бар. Енді жұмыс істеп тұрғандарға қатысты тексерулер аяқталып, құжаттар түгенделгеннен кейін, сот сондай шешім шығарса, қалған кәсіп орындардың барлығы сүріледі, – дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы