Музейлердің мәселесі сөз болды
Музейлердің мәселесі сөз болды
403
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында биыл мерейтойлық шара көп. Атап айтқанда, биыл қазақ жазушысы, сыншы, драматург, аудармашы Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл, Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100 жыл, сондай-ақ ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай биыл өткізілетін шаралар барысы AMANAT партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы MIRAS қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды. Біртуар тұлғалардың мерейтойларына арналған іс-шаралар туралы Солтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев баяндады. Оның айтуынша, биыл 120-дан астам әртүрлі форматтағы қоғамдық маңызы бар іс-шаралар жоспарланған.
«Аудандар Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын, Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны» романын, Кәкімбек Салықовтың жыр жинағын басып шығару жұмыстарын аяқтады. Тұсаукесу рәсімі С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтеді. Сөз зергері туған Жамбыл ауданының Жаңа жол ауылында Ғабит Мүсіреповтің ескерткіш-бюстін және оған іргелес аумақты абаттандыру, «Петровка – Жаңажол – Бауман стансасы» автомобиль жолының учаскесін орташа жөндеуді аяқтау, Ғабит Мүсірепов музей-үйін күрделі жөндеу жос парланған», – деді Нұрлан Досбайұлы.
Кеңес мүшелері дәл осы және ауылдардағы өзге де музейлердің мүшкіл жағдайына алаңдаушылық білдірді. Кеңес мүшесі, ақын Дәстен Баймұқановтың айтуынша, ондағы жәдігерлер күтім көрмей, сарғайып, бүлініп жатыр. Әрі шалғайдағы музейлерге баратын адам аяғы аз. Сондықтан кеңес мүшелері Петропавл қаласында әдебиет музейін ашып, Ғабит Мүсірепов және Сәбит Мұқанов музейіндегі жәдігерлерді және жалпы барлық жерлес ақын-жазушылардың жеке заттарын бір жерге тоғыстыруды ұсынды. Бұл Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталып, ескісі босаған соң мүмкін болмақ. Сондай-ақ кеңес мүшелері мерейтой иелеріне облыс орталығынан көше атын беретін кез келгеніне назар аударды. Қазір Петропавлдағы көше аттарын өзгерту туралы 40-тан астам ұсыныс бар көрінеді. Бұл – қалалық әкімдіктің құзырындағы мәселе. Кеңес мүшелері сонымен қатар соңғы кезде есімі ұмытылып бара жатқан жерлес көрнекті тұлғалардың мерейтойларын да атаусыз қалдырмауды ұсынды. Атап айтқанда, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға орай қабылданған Жол картасына енгізілген «дала данышпаны» атанған солтүстік өңір қазақтарының бас биі Тоқсан бидің 285 жылдығы, Абылай ханның сенімді серігі, тарихи тұлға, көрнекті мемлекет қайраткері Құлеке батыр Тәңірбердіұлының 320 жылдығы, соңғы кезде аты аталмай жүрген прозаик жазушы, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі Ермек Қонарбаевтың 85 жылдығына орай мерей тойлық іс-шаралар жоспарын жасап, шығармаларын насихаттауды қолға алуды ұсынды. Ауыз әдебиетін зерттеуші Қаратай Биғожин мен 1992 жылы Моңғолиядан алғашқылардың бірі болып Тимирязев ауданына көшіп келген Елікбай ақынның қолжазбаларын іздеп тауып, мұрасын насихаттау, тіпті студенттер мен магистранттарға курстық, дипломдық жұмыстары мен ғылыми еңбектерінің тақырыптары ретінде ұсыну керек деген тұшымды ой айтылды. Күні кеше өмірден өткен көрнекті ғалым, археология профессоры Виктор Федорович Зайберттің қазан айында 75 жылдығын атаусыз қалдырмауды өтінді. музей Сонымен қатар MIRAS кеңесінің мүшелері Солтүстік Қазақстан облысын да мемлекеттік тілдің қолданыс аясы әлі де көңілден шықпайтынына қынжылыс білдіріп, осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек деген ортақ пікірін білдірді. «Сбербанк» АҚ банкоматтары мен терминалдары арқылы тұрғындарға қызмет көрсетуде мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз етуі тиіс деген ой айтты. Әрі аудандық әкімдіктердің отырыстарында тым болмаса бір мәселе мемлекеттік тілде қаралуын ұсынды. «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары, Қытайдан келген қандасымыз, кеңес мүшесі Әбдіғани Базылхан көші-қон мәселесінде де түйткіл көп екеніне тоқталып, оларды шешуге атсалысу туралы ұсыныс жасады. MIRAS кеңесінің мүшелері қордаланған мәселелерді қарастыру үшін көшпелі отырыстар өткізетін болып келісті.