Қаһарман
Қаһарман
787
оқылды
Биыл Кеңес одағының екі мәрте батыры, әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдиновтің туғанына – 100 жыл. Ол 1922 жылы 5 тамыз күні Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Майбалық ауылында дүниеге келген. 20 ЖАСЫНДАҒЫ ТАРИХИ ЖЕҢІС Талғат Бигелдинов әлемдік авиация тарихында шабуылдаушы (штурмовик) ұшақпен истребительді атып құлатқан тұңғыш адам. Сол тарихи ерлік кезінде Талғат Түсіпбекұлы небары 20 жаста еді. Егер 50-60 рет майданға түскен ұшқыш осындай батырлық жасаса, ақылға қонады. Ал қанды қырғынға он мәрте кіріп үлгермеген өрімдей жігіттің Еуропа аспанында 108 ұшақты құлатып, Адольф Гитлердің қолынан темір крест алған капитан фон Дитрих мінген «Мессершмитті» қағып түсуі сол тұста, басқа түгілі, авиация қаһармандарының түсіне кірмейтін ерлік болатын. Сөзіміз жалаң болмас үшін сол кездегі дивизия командирі, полковник Николай Каманиннің сөзіне жүгінейік:
«Мына аға сержанттың не істегенін білесіздер ме?! Ол біздің «ИЛ» ұшағы туралы әбден қалыптасқан түсінігіміздің тас-талқанын шығарды. Біз, бізді қойшы, конструкторлардың өзі бұл ұшаққа шабуылдаушы-барлаушы міндетін бекітіп тастады емес пе?! Жау истребителі көрінсе, ауыр бомбалаушы ұшақтар тәрізді қаша жөнелуге міндетті болатын. Ал штурмовиктің истребительмен жекпе-жек айқасқа түсіп, атып құлатуы дегеніңіз қиялымызда да жоқ еді. ...Сондықтан шабуылдаушы авиация тарихындағы жаңа кезеңнің көшбасшысы аға сержант Талғат Бигелдиновті екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынамын!».
ЕРДІ КЕБЕНЕК ІШІНДЕ ТАНЫ! Кировоградты бетке ұстаған совет әскерлері немістердің кең атырапты орай тұрғызған тасқамал қорғанысына тап болды. Қара жердің үстімен қыбырлаған жанның әрі өтуі мүмкін емес. Ал үш күннен бергі нөсер жаңбырдан ұшақтар амалсыз қаңтарулы тұр. Ұшу алаңы тізеден қара батпақ. Таңертең командалық пунктке корпус командирі, авиация генерал-майоры Василий Рязанов келді. Жүрісі суыт. Полк командирі Шишкин екеуінің жабықтың арғы бетіндегі әңгімесі Талғаттарға естіліп тұр. Жаяу барлаушылардың тұмсығы тасқа тиген соң басшылар көктен барлау жасауды ұйғарыпты. Басқа жол жоқ. «Ұшу керек!» деді генерал. «Иә, бірақ дөңгелегі белуарынан батпаққа батқан ұшақты қалай аспанға көтереміз?» деді полковник күрсіне тіл қатып. «Бәрібір ұшу керек!», «Бұйрықтың аты – бұйрық! Ал ұшақты қалай көтерсек екен?!». «Түсінемін. Бұл – өлімге бас тігу. Басқа жол жоқ. Бір адамның өмірінен мыңдаған адамның тағдыры қымбат. Ал соқыр адамша соғысуға болмайды. Кімді жұмсаймыз?». Шишкиннің үні саңқ ете қалды: «Кіші лейтенант Бигелдинов!». Талғат ширақ басып ішке кірді.
– Тапсырма бар, – деді генерал жаюлы картаға жақындай бере. – Майдан шебінен әрі қарай жиырма шақырым жерде жол екіге айы рылады. Жолдың біреуі терең сайға жалғасады. Сол сайдың бойында немістер жанталасып жатыр. Солардың не істеп жатқанын әуеден барлап, суретке түсіру керек. – Сен біздегі ең шебер ұшқышсың. Ұшақты көбелекше шыр айналдырасың. Бұл жолы жеңіл көтерілу үшін бомбаларды түсіріп кет. – Жоқ. Бос ұшақпен ұшпаймын! – Ұшу керек, ұлым, ұшу керек! – Генералдың бұл сөзі бұйрықтан гөрі өтінішке жақын еді.
Ұшақты ұшу алаңына трактормен зорға сүйреп жеткізді. Генерал бастаған жігіттердің екі көзі Талғатта. Бәрі толқулы. Бойы ортадан төмен, дембелше келген қара бозбала аяғын нық басып барып, ұшаққа мінді. Содан педалін гүжілдете басқан бойы орнынан жұлқи жүгіртіп барып, қалықтай көтеріле бере тастай қараңғы бұлт құшағына еніп кетті. Зерек, қағілез жігіт қалың тұманды қақ жара төмендеді де, жер бауырлай ұшып, арнасы кең, терең сайды қиналмай тапты. Сай іші жәшік, қап тиеген қаптаған машина. Әуеден жердегі жау әскері құжынаған құрттай болып көрінеді. Бір қапталда кенеп палаткамен жабылған дала қоймасы ұзыннанұзақ созылып жатыр. Оның жанында қаз-қатар қаланған жәшіктер. Жоғарылау жерде брезент жабылған танкілер шоғырланған тәрізді. Бигелдинов олардың үстінен зулай ұшып, фотоға тартып алды. Зениттер жан-дәрмен күйде атқылауға кірісті. Бірақ оқтары далаға кетті. Талғат тәуекелге мінді. Генералдан шабуылдауға рұқсат сұрады. Себебі, мұның барлаушы екенін жау сезіп қойды. Топ болып қайта оралғанша сайдағы қойманы зениттермен қоршап тастайды. Қазір төпеп тастамаса, кеш болады.
– Сені атып түсірмей ме? – Атып түсіре алмайды! – Шабуылдауға рұқсат!
Қорғасындай тұтасқан ауыр бұлт тардың үстіне қайқаң етіп көтерілген Талғаттың ұшағы қара түнекті тіле төмен сорғалаған күйі сай бойындағы қалың жаудың төбесінен қорғасын оқты жаңбырша жаудырып, бірнеше бомба мен снарядты жеделдете тастап, әлгінде ғана тыныш жатқан сай ішінің астаң-кестеңін шығарды. Көшпелі қоймалар мен жүк машиналары, текшеленген жәшіктер лезде отқа оранып, бір ұшақтың әлегінен қалың әскер азан-қазан күй кешті. Қайтар жолда Талғат қара жерді қайыстыра жөңкілген жау танкілері мен самсаған машиналар толы жау әскерінің үстінен шықты. Бигелдинов колоннаның төбесінен төнген бойда реактивті снарядтармен атқылауға кірісті. Екі танк отқа оранып шыға келді. Екінші рет шүйілгенде пулемет пен зеңбірек оғы әскер толы машиналардың үстін бұршақша төпей жөнелді. Көліктер жолдан шығып, кейбіреуі төңкеріліп, тірі қалған немістер басы ауған жаққа бытырай қашып барады. Бигелдинов қайта айнала бере жаяу әскердің біразын пулеметпен қырып салды... Бұл кезде армия штабы, жаяу әскер дивизиясы жау тылына жалғыз кеткен жаужүрек қазақтың аса құнды мәліметін тағатсыздана тосып отыр еді. Міне, Бигелдиновтің ұшағы қалың тұманды тіліп өтіп, қара сазды бұрқырата екпіндей қонғанда генерал Василий Рязанов еріксіз орнынан тұрып кетті. Ол жайшылықтағы қаталдығын сырып тастап, жұдырықтай қазақты қапсыра құшақтай алды. Осы сапарға лейтенант шенінде ұшқан Талғат қонған бойда өзінің аға лейтенант болғанын, бұған қоса «Даңқ» орденімен марапатталғанын естіді. Иә, Бигелдинов әкелген барлау материалдары немістердің шабуыл үстіндегі совет әскеріне тұтқиылдан жапыра тимек әрекетін әшкере қылған болатын. КӨЗСІЗ БАТЫР Полк командирі Қарпат тауында немістердің қалың қолы шоғырланғанын, жаудың көздегені совет әскеріне күтпеген тұстан шабуыл жасау немесе олардың алға жылжуына кедергі туғызу екенін түсіндіре келе, тау жағдайында тұтас эскадрилияны жұмсау тым қауіпті, сондықтан ең таңдаулы екі ұшқышқа осы тапсырманы жүктейтінін айтты. Сәлден кейін Бигелдинов пен Мочалов көкке көтерілді. Бұлар таудың шеткі шатқалына қалың, қою бұлттың үстімен жетті. Төменгі жақ қап-қара боп тұтасып жатыр. Ештеңе көрінер емес. Бигелдинов шатқалға қарай құлдилай бере Мочаловқа бұйрық берді: «Екі жүз метрге дейін төмендейміз. Соңымнан ер!». Айнала тас қараңғы. Ештеңені көріп болар емес. Мына қалпында көкке шаншылған құзға ұрынуың әбден мүмкін. Талғаттың жүрегі аузына тығылды. Кім біледі, бәлкім, елу, отыз метр жерде құзжартас бар шығар. Мүмкін, қос қапталыңдағы қанатың тиер-тимес тұста қара бұжыр тастар ажал шақырып тұрған болар. Ал Мочаловтан хабар жоқ. Мүмкін, тауға соғылып... Осы сәтте оның: «Бигелдинов! Бигелдинов! Қайтайық. Мынадай жағдайда шатқал ішінде ұшу өліммен бірдей. Мен аэродромға қайттым», – деп жанұшырған үні құлағына жетті. Талғат оны райынан қайтаруға тырысқанымен, Мочалов көнбеді. Намыс буған Бигелдинов қазбауыр бұлттарды қақ жарып, еңіске қарай қайта құлдилады. Бір кезде дүние шіркін жанарын арбап, жарқ ете қалды. Табан астында шоқышоқы қара тас. Ұшақ қанаты көкке бой созған ағаш бұталарына тиертимес жағдайға келіп қалыпты. Бір сәт биік құздың бір бүйірін ала созылған ені он бес метрдей жол үстінен жау әскері көрінді. Қырағы, сұңғыла жігіт неміс әскерінің қатары бір жарым шақырымға созылып жатқанын жобалап үлгерген. Жаяу әскер, қаптаған танк, қаптаған автокөлік, ат жеккен арба, ұбақ-шұбақ ұзын көш... Кемі үш мыңдай адам. Бигелдинов төбелерінен төне түсіп, шатқалды қуалай оқты қарша боратты. Пулемет сақылдай қорғасын құсып, зеңбірек гүрсілдей атқылап, бұл аздай төбеден фосфорлы бомбалар жауа бастады. Әлгінде ғана қаһарлы көрінген неміс колоннасының быт-шыты шықты. Жан шіркін тәтті ғой. Неміс солдаттары бытыраған шегірткедей пышырап, жан-дәрмен күйде құзға өрмелей бастады. Талғат болса, ұшағын бір қайырып алып, құзға ұмтылған солдаттарға пулемет оғын қарша боратты.
«Бұрылып қарасам, бағанағы колонна жоқ, түгел қырылып қалыпты, – деп жазды Талғат атамыз кейін естелігінде. – Оның орнын өртенген автомашиналардан будақтаған қара түтін басып жатты. Ал командалық пункте мен нағыз жеңімпазша, қасқайып тұрып рапорт бердім».
БЕРЛИНГЕ ШАБУЫЛ Майдан шебі Германия астанасы Берлинге 160 шақырымдай қалғанда Талғат Бигелдиновті корпус командирі, генерал Василий Рязанов шақыртты. Мұның қолындағы соғыс картасын көрген Рязанов полк штабының басшысы Ивановқа «Бигелдиновтің планшетіне жаңадан бір бет қосып беріңіз» деп табан астында бұйрық берді. Талғат мұның себебін әлі түсінбей тұр. Бір кезде планшет әзір болды. Оған Берлиннің картасы жапсырылған екен.
– Берлинге Луккевальде жағынан барасыз, – деді генерал баяу тіл қатып. – Қаланың батыс жағында көпір бар. Соны байқау керек. Әрі қарай Потсдамға соғып, жағдайды біліп қайтыңыз. Ұшу биіктігі 50-80 метрден аспасын. Тапсырма түсінікті ме! Түсінікті, бірақ бұған дейінгі тапсырмаларда ұшу биіктігі туралы қатаң талап болмаған. Қай деңгейде ұшу керектігін Талғаттың өзі шешетін. – Сіз ұшу биіктігі туралы тапсырмаға ренжіп тұрғандайсыз, – деді генерал мұның ойын оқып алғандай. – Сапар өте жауапты әрі аса қауіпті. Сондықтан сізге осы биіктік қауіпсіздеу болмақ. Бізге сіздің амандығыңыз қымбат.
Иә, бұл сапардың жөні бөлек. Жау тылына 160 шақырым дендеп ену керек. Жай ғана барлау емес, Германия астанасына бүтін Совет одағынан күндіз жалғыз өзі аттанып барады. Берлин жан-жағынан берік күзетте екені анық. Зенитшілер кірпік қақпай, қылт еткен қарсыласты қағып түсуге дайын тұр-ау! Бір мезет қаршығадай қазақ саңқ ете қалды.
 – Өтініш білдіруге рұқсат етіңіз, жолдас генерал! – Айтыңыз. – Атқышсыз, жалғыз ұшуыма рұқсат беріңіз! – Неге? – Сапар өте қауіпті. Маған жолдасымның өмірі қымбат. – Бәрі жақсы болады. Командование сізден барлаудың нәтижесін асыға күтеді. Атқыш жөнінде өзіңіз шешіңіз. Жол болсын, капитан!
...Міне, фашистердің басты апаны Берлиннің де шетіне ілікті. Жүрегі бұлқына соғып, бөлек бір сезім құшағында күбірлей үн қатты. О, Алла, бұл сәтті, нағыз тарихи күнді қалай аңсадық, десеңізші! Осы күнге жету үшін небір сынақтан өттік, осы күнге жету үшін қаншама адамның өмірі қиылды. Берлинге бүкіл одақтастардан, совет әскерінен күндіз, бірінші жеткен менмін. Майбалық көлінің жағасындағы қараша ауылда туған қазақ баласы, Бигелді шопанның немересі – мен, Берлиннің үстінде ұшып келемін. Мұнда қаныпезер жауды біржола тізерлетіп, шөкелету үшін жауыздарды темір қапасқа тоғыту үшін келдік. Тұла бойын кернеген ғажап бір сезімнің әсерінен Талғаттың жон арқасы алабөтен шымырлап қоя берді. Генерал айтқан Шпрее өзеніндегі көпірге де жетті. Қас-қағымда көпірдің күлін көкке ұшыруды ойлаған. Командалық пунктке хабарласып еді, генерал рұқсат бермеді. Әрі қарай Потсдамға бару керек. Потсдамға хабарлап қойса керек, мұны зениттер атқылап қарсы алды. Талғат та қарап қалған жоқ. Майдан шебінен 160 шақырымда, жау астанасының түбінде, ажал аузындамын деп, айылын жимастан бомбасын түйдек-түйдегімен тастап, снарядын зырқырата жұмсап, пулеметтен оқ жаудырған бойда кері қайтқан. Қарулас достары мұны тағатсыздана тосып отыр екен. Ұшағы қонған бойда жігіттер Талғатты кабинадан суырып алып, ыстық құшақтарына басты, аспанға лақтырып, қошеметтерін аяған жоқ. Генерал Василий Рязанов болса, Талғатты бауырына тартып, бетінен емірене сүйді де:
«Капитан Бигелдинов, шын жүректен алғыс айтамын! Командование бұл ерлігіңді ұмытпайды. Сенің штурмовигің біздің әуе күштерінен Берлинге бірінші болып ұшып жетті!» деді.
Ертеңіне Талғат Бигелдинов бастаған он екі штурмовик Берлин үстінде атой салып, Гитлердің соңғы соғыс резерві саналған танктер тиелген баржаны Шпрее өзеніне батырып жіберді. Иә, бұл кезде бойы 164 сантиметр, жасы 22-дегі қалақтай жігіт соңғы екі жарым жылдағы сұрапыл ерліктерінің нәтижесінде Алланың қалауымен, екінші дүниежүзілік соғыстағы ең таңдаулы шабуылдаушы-барлаушы ұшқыштардың қатарында нық тұр еді.  

Қыдырбек РЫСБЕК, журналист