Құнды естеліктерді құнттап жүр
Құнды естеліктерді құнттап жүр
867
оқылды
Instagram желісінде Әсет Ақмолда есімді азаматтың парақшасын 35 мыңнан астам адам оқиды. Мұншама оқырманды не қызықтырды десеңіз, бұл аккаунтта қазақтың өмірден өткені бар, тірісі бар, ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері жайлы бұрын-соңды көбіміз естімеген әдемі естеліктер жарияланады. Бір қызығы, 500-ге жуық осындай құнды жазбаның ортасында парақша иесі жайлы бірде-бір ақпарат жоқ. Сондықтан да болар, әр жазбаның астында риза болған оқырмандар «Сіз кім сіз, Әсет мырза?», «Өзіңіз жайлы да білгіміз келеді», «Мына парақшаны кім жүргізеді?» деген сияқты сұрақтарын қалдырудан жалыққан емес. Жақында біз Әсет мырзамен жақынырақ танысып, ақпараттық волонтерлігі жайында әңгімелестік. Танымдық парақшаның көпке жұмбақ болған иесі – жиырма сегіз жастағы Әсет Ақмолда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Айдарлы ауылының тумасы екен. Алтыншы сыныпқа дейін осы ауылда, одан соң Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының мектеп-интернатында суретші мамандығы бойынша оқиды. Тоғызыншы сыныптан кейін Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы көркемсурет колледжіне мүсінші мамандығына оқуға түсіп, тәмамдап шығады. Әрі қарай елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің театртану мамандығында оқыған. Қазір ол Алматыдағы зергерлік цехта жұмыс істейді. Бозбала шағынан бері өнердің басы-қасында жүрген Әсеттің неліктен осындай өнер адамдарының өміріне қызыққанын түсіну де аса қиын емес сияқты.
«Танымдық дүниелерге қызығушылығым бала күнімнен кітапқа құмарлығымнан деп ойлаймын. Ақын-жазушылардың, басқа да танымал тұлғалардың өмірінен үзік сырларды сүйіп оқитынмын. Кейін ел қатарлы әлеуметтік желіден парақша аштым. Бірақ әу баста осындай тарихи, мәдени, әдеби дүниелер жариялаймын деген ой болған жоқ. Бастапқыда сирек кездесетін естеліктерді өзім үшін салып жүргем. Бірде блогер Құралай ханым менің парақшамды өзінде бөлісті. Ол кісі мені шамасы бұрыннан оқып жүрген болуы керек. Сол-ақ екен, маған бірден мың шақты адам жазылды. Оқырмандарым көбейген сайын мен жауапкершілікті сезініп, жазбаларды тұрақты түрде салып жүрдім», – дейді Әсет.
Ол сирек кездесетін немесе жұртшылық мүлдем естімеген естеліктерді архивтен, кітапхана қорларынан, 80-90 жылдардағы, одан арғы кездердегі газеттерден табатынын айтты.
«Әсіресе, «Қазақ әдебиеті» газетінің ескі сандарында құнды естеліктер көп жарияланған. Соларды ақтарып, тасада қалған дүниелерді жарыққа шығаруға тырыстым. Арасында кейбір ақын-жазушылардың, қайраткерлердің ұрпақтары парақшамды көрген соң менімен хабарласып, қолдарында бар суреттерді, хаттарды жіберіп отырады. Олардың бәрін сақтап қойдым. Міндетті түрде жарыққа шығарамын», – дейді кейіпкеріміз.
Мәселен, Әсетке жазушы Бердібек Соқпақпаевтың ағасы Сатылған Соқпақпаевтың немере қызы, актер Әнуар Молдабековтің, тарихшы Әлкей Марғұланның ұрпақтары, жазушы Сайын Мұратбековтің інісінің қызы хабарласып, атасы жайлы естеліктерді жариялағаны үшін алғыс білдірген.
«Бір постымнан соң жазушы, әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменовтің қызы Қарагөз Сүлейменова апайымыз парақшама жазылып, содан бері жазбаларыма пікір қалдырып отырады. Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың келінімен телефон арқылы сөйлескен кездеріміз болды. Парақшамның арқасында жақсы араласып кеткен тағы бір кісі – жазушы Оралхан Бөкейдің қарындасы Ғалия Бөкей, ол кісімен тіпті кездесіп, ұзақ әңгіме-дүкен құрғанбыз», – дейді ақпараттық волонтер.
Айтпақшы, Әсет тарихи тұлғаларға қатысты естеліктерді жариялауда фактчект жасаудың маңызын баса айтты. Оның пікірінше, бүгінде желіде «пәлен деген ақын-жазушы айтыпты» деген сықылды өтірік ақпарат өріп жүр.
«Өкінішке қарай, біздің халық «қазақ деген – ұлы халық, мық-ты халық» деген әңгімеге тез сенгісі келіп тұрады, бірақ ондай естеліктердің әрқашан ақиқат бола бермейтінін ескеру керек», – деп түйіндеді сөзін Әсет.
Ешкім ақы төлемейтін іспен бірнеше жыл бойы тұрақты түрде айналысу – оңай шаруа емес. Әсетке дем беретіні, ақпараттық волонтерлікті жалғастыра беруге жігерлендіретіні – оқырманның алғысы. Шынында әр жазбасының астындағы «Рақмет, айналайын» деп басталатын ақжарма алғыстарды оқысаңыз, жақсы сөздің жақсы істі «қоректендіретінін» түсінесіз. Біз оқырмандарымыздың назарына Әсет Ақмолданың парақшасында жарияланған құнды естеліктердің кейбірін ұсынуды жөн көрдік. (автордың пунктуакциясы мен емлесі сақталады)   ҰЛТАРАҒЫНА ДЕЙІН ҰЛАҒАТ ҰЯЛАТА БІЛГЕН Адамның табанының астында жататын кәдiмгi ұлтарақта кейде ұлағаттың үлгiсi бола алады екен. Әзiлхан Нұршайықовтың «Мәңгiлiк махаббат жырында» Халима апамызға арнаған «Сенiң ұлтарағың» деген өлеңi бар. Қысқаша сюжетке құрылған шағын баллада үлгiсiндегi дүние. Оқиғаның ұзынырғасы мынадай. Бiрде Халима Әзiлханға ұлтарақ сатып әпередi. Ол ұлтарақ салғаннан жазушының табанына қатқыл тиiп, мазасын алады. Қолына алып көрсе, онысы қалыңдығы бiр елi, бүдiр-бүдiр бiрдеңе екен. Әзекең бұл ұлтарақты ұнатпай, ауық-ауық күңкiлдеп қояды.
Сонда Халима: «Бұл – емдiк қасиетi бар ұлтарақ. Күнi бойы табаныңа массаж жасайды. Оның бүдiр-бүршiктерi нерв талшықтарыңды түртiп оятады. Бүкiл ағзаңа нәр бередi. Қысқасы, сергек жүруге, ұзақ жасауға септiгiн тигiзедi. Мен бұл туралы «Здоровье» журналынан оқып, саған арнайы сатып әкелiп отырмын. Бiр-екi рет кигеннен кейiн үйренiп кетесiң. Қара да тұр, осы ұлтарақ сенi тоқсанға дейiн жеткiзедi», – дептi.
Бұл емдiк ұлтарақ қырық бiр жыл бойы Әзағаңның табанының астында жүредi. Жазда бәтеңкенiң, қыста етiктiң ұлтанына төсейдi. «Бойым осының арқасында бiр сантиметрге биiктедi», – деп өзi мәз болады. Кейiн Халима өмiрден озғанда «Неге осындай ұлтарақтың бiреуiн саған да әпермедiм екен!» – деп өкiнедi. Сол ғұмыр ұзартқыш ұлтарақ Әзағаңды шынында да тоқсанның iргесiне дейiн алып келдi. Аурухананың жансақтау бөлiмiне әкетер сәтте Әзағаңның киiмдерiн дәрiгерлер бiзге табыстады. Соның iшiнде қаламгердiң қара бәтеңкесi де бар едi. Сол бәтеңкенiң ұлтанына төселген ұлтараққа көзiмiз түстi... Ұлтарағына дейiн ұлағат ұялата бiлетiн халық жазушысының шығармашылық бағы мен тiршiлiктегi бабы шынында да адам қызығатындай едi...

(Әдебиеттанушы, журналист Бауыржан Омарұлының естелігінен)

  БЕРЕГЕНДІГІНДЕ ШЕК ЖОҚ ЕДІ …Әбілхан көп ұйықтамайтын. Күнде таңғы сағат 6-да орнынан тұрып кететін. Содан кейбір кездері кешке дейін жұмыс істейтін. Кейде әлдененің тапшылығын сезгенде: «Мына суретіңді қашан өткізесің? Ақшасын қашан аламыз?» деймін мазасызданып. Ондай да ол: «Асық па, бітсін. Жұрт көретін дүние ғой» дейтін. Кейде суретін салып жатып: «Мына салғаным қалай ? Келе ме өзі?» деп ақылдасатын. Сол бір жылдары Суретшілер одағының төрағасы Беров деген біреу жеті портретін қабылдамай қойыпты. Онымен тынбай: «Сен сурет сала алмайсың. Үйіңе бар» деп, ар-намысына тиген кездері де болған. Бірақ әлдекім сияқты бұған ашуланып, болмаса еңсесі түсіп қайтпайтын. Қайта бұрынғысынан да жігерленіп істейтін. Жаңағыдай басшылар талантын көре алмағандықтан қиянат жасауға баратынын білетін де, бар жан дүниесін суретіне аударатын. Біздің Әбілхан бір суретін ойындағыдай аяқтағанда, көңілі орнына түсіп, кісілермен сұхбаттасуды ұнататын. Сондай сәтте балаларын да жанына алып, шешіліп сөйлесетін. Мінезі сондай жұмсақ еді. Дүниеге қызықпайтын. Үйге анау-мынау керектігін айтсам, Өзің біл. Не алсаң да шаруам жоқ» деп қана тіл қатып қоятын. Ішімдікті де ұната қоймайтын. Сонан соң жұмыстан келдім деп қарап жатпай тын, кейде балақтарын түріп тастап, еден жууға кірісіп кететін. Балалары бір жерге жұмсаса, ерінбей барып келетін. Бірде суретшілер жиналып қалғанда, біреуі: «Әбілхан аға, сіздің орныңызда болсақ, ханның сарайындай үй тұрғызып алар едік. «Халық суретшісі» деген дардай атағыңыз бар. Жоғары орындарға кірмейсіз бе?» деп қайрапты. Жуастығы сол: «Бұған да шүкірлік етейік. Осының өзі бізге жетеді» деп қысқа жауап беріпті. Кейде суретші іні-бауырларымен бас қосып, ресторанда отырған кезде: «Ақшасын Әбілхан аға төлейді» десе, сөзге келмей-ақ: «Иә, өзім төлеймін ғой» деп елпілдей жөнеледі екен. Әйтеуір, барымен базар етуге тырысатын, берегендігінде шек жоқ еді...

(Суретші Әбілхан Қастеевтің жары Сақыпжамал Қастееваның естелігінен)

  ЕРКЕКТІҢ 9З ЖОЛЫ БАР Мамамның араласып жүрген әйелге бірде:
– Сенің күдігіңді түсінбеймін. Еркектің өз жолы бар, әмбе ол бау-бақша мен табалдырық арасын ғана жалғап жатса жақсылыққа апармайды. Ер-азаматтың сапары ауқымдырақ болуға тиісті. Оның ерлерге тән шаруалары жеткілікті, ал сен күйеуіңді өзіңе құрбы қылып, сырлас сіңліңе айналдырғың келеді. Көңілің неменеге толмайды, түсінбеймін. Оның шаңырағына ие бол, міне сенің міндетің. Және күте біл, – дегені есімде. – Сен сияқты ғұмыр бойы күту керек пе? – деп сасқалақтап қалды шешемнің жақын танысы. – Күте білмеу, демек, өмір сүрмеу деген сөз, – деп қорғанды анам. – Байқауымша, сен мені қателеседі деп айыптағың келетіндей. Жоқ, менікі қателік емес. Нағыз ер-азаматты оның ісінің биігінен көре білгенің жөн. Егер ол үшін біреулер өлімге бас тігіп жатса, онда оның сондай құрбандыққа лайық болғаны. Өз ойымша, мен Бауыржанның алақандай киіз үйдің іші емес, үлкен істер үшін жаралғанын әрдайым есте ұстаған секілдімін. Мен оған бөгет жасамауға тырыстым. Оның атының айналасындағы айғай-шу құлағымды бітей алмады, атақ-даңқының жарқылы да басымды айналдыра алған жоқ, мол дастарқанының иіріміне де батып кетпедім. Есімі мен уақытын аялап сақтадым, әкесінің жолын қуа ма, қолынан келмесе қатардағы адал адам бола ма деген үмітпен ұлын өсірдім. Әрине, кейбіреулер мені бақытсыз деп ойласа да, өмірдің жартыкеш сыйын қабылдай алмас едім. Жоқ, мен бақыттымын, қол байлайтын күйкі тірліктен босатып, күйеуіме кейбір сәттерде сүйеніш болып, жәрдем жасадым-ау деген сенім жанымды жылытты. Тек соның арқасында нағыз өмір дегеннің не екенін білдім, сол себептен алданбаймын және өзімнің ауыр тағдырымды қолымды жылы суға матыратындай жылтырақ тіршілікке айырбастамаймын...
Аңдауымша, дәл сол сәтте мамамның құрбысы, екеуі екі бөлек тілде әңгімелесіп тұрғандай, сөзін түк түсінбеді-ау деймін. Мен өзім де бұлардың бірі тұрмыс жағдайы жайында ойласа, екіншісі нағыз өмір туралы пікірін ашық айтқанын бірден емес, арада жылдар өтіп барып пайымдай бастаппын. Қонағымыз ақыр аяғында шешемнің аңғал, аңғырт екенін айтты да шығып кетті.

(Бауыржан Момышұлының ұлы Бақытжанның естелігінен)

 

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ