Адам саудасы азаймай тұр
Адам саудасы азаймай тұр
239
оқылды
Жақында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы ел­шілігінің көмегімен Бахрейн полициясы 21 қазақстан­дықты сексуалдық құлдықтан босатты. Жоғары жалақы туралы уәдеге сенген жас қыздар Бахрейнге қонақүйде қызмет көрсету саласында жұмыс істеуге Қазақстаннан барған болып шықты. Қалаға келген бойда күтіп алушы­лар олардың құжаттарын тартып алып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Ал Қазақстанда 2004 жылдан бастап 1 500 адам саудасы тіркелген. Бірақ бұл сан нақ­ты емес. Өйткені құлдықта жүргендер мен қашып құ­тылғандар қаншама?! Олардың көбі құқық қорғау орындарына барып шағымдануға қорқады.  

Құлдық қамытын кімдер киеді?

Адамзаттың басты проблемасы болып отырған адам саудасы есірт­кі мен қару-жарақ сатушылардың қатарында айтылады. Заңсыз мил­лиардтаған долларды айналымда ұстайтын бұл қылмыстық топтар қалайда болсын ақша табу үшін түрлі қитұрқылыққа барады. Олар адамның жасына, азаматтығы мен біліміне қарамайды. Кез келген адам осындай қылмыстан жапа шегуі мүмкін. Адам саудасымен айналысатындардың құрбанда­ры – негізінен өзі мен отбасының жағ­дайын жақсарту мақсатымен жұ­мыс іздеушілер. Міне, осы аза­мат­тар ақыр соңында қиын жағ­дайға душар болып, трафик ны­санына айналады. Адамның құқығын таптап, өмі­рін тозаққа айналдырушылар әлі күнге дейін арамызда бар екені рас. Мысалы, мамандар адам саудасын 9 топқа бөледі. Олар: жыныстық қа­нау мақсатында жасалатын әйелдер мен балалар саудасы, ең­бекте қанау, сурогаттық ана болуға мәжбүрлеу үшін жас әйелдерді, қыздарды сату, мәжбүрлі қайыр­шылыққа тарту, қарулы қақты­ғыстарға пайдалану, дене мүшелері мен тіндерді трансплантациялау, заңсыз бала асырау арқылы кә­мелетке толмағандарды сату, бала туу мүмкіндігін қанау, жұмыс пен қызмет жасауға мәжбүрлеу мақ­сатымен некеге тұру, оның ішінде «пошта арқылы қалыңдық іздеу» жүйесін ұйымдастыру және неке агенттіктерін пайдалану арқылы адам саудасын жүзеге асыру. Қа­зақстан азаматтары шетелде адам саудасымен айналысатындардың тұзағына түскен жағдайлар да көп кездеседі. Оларды Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия мен Парсы шы­ғанағы елдерінде мәжбүрлеп жұ­мысқа салған.  

Әлемдегі тегін жұмыс күші

Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметінше, бү­кіл әлемді дүрліктіріп отырған адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың құлдық тұзағына жылына 40 миллионға жуық адам ілінеді екен. Адам саудасынан түсетін жылдық заңсыз табыс 150 миллиард доллардан асады. Бұл заңсыздық әр елдің бас ауруы десек артық болмас. Өйткені көздерін шел басқан, адам өмірін ақша үшін қия салатын, өз қарақан басын ғана ойлайтын қылмыстық топтар тұрғанда, бұл мәселе еш­қашан күн тәртібінен түспесі анық. Мысалы, 2017 жылы CNN те­леарнасының бейне­материа­лынан кейін Ливияда жанжал шыққан болатын. Онда заңсыз мигрант­тарды құл ретінде сататын жергі­лікті базар жайлы айтылды. Адам кейпіндегі айуандар шімірікпестен әр  адамды 400 доллардан бастап   тауар ретінде саудалаған болып шықты. Жаға ұстатар жағдайды естіген БҰҰ-ның өкілдері шұғыл әрі жіті тергеу жүргізуді талап етті. Ливияның ішкі істер министрі Ареф әл-Ходжа: «Арнайы құрыл­ған тергеу комитеті мәселенің анық-қанығына жетуі тиіс. Егер құл саудасы жайлы ақпарат рас­талса, мамандар кінәлілерді тауып, олардың жауапкершілікке тарты­луын қадағалауы шарт» деп ақтал­ды. Мұндай жағдайлар әсіресе Солтүстік Кореяда асқынып тұр. 25 миллионнан астам тұрғыны бар елде 2,64 миллион адам еркінен тыс жұмыс істеуде. Бұл елден кейінгі адамдарды құл ретінде жегуші мемлекеттер қатарындағы Эритреяда әр мың адамға шақ­қанда 93, Бурундиде – 40, Ау­ған­станда – 23, Мавританияда – 21,43, Оңтүстік Суданда – 21,43, Пәкістанда – 16,82, Камбоджада 16,81, Иранда 16,24 азамат құл болып жүр. Айта кету керек, еріксіз, біреуге тәуелді болып, басқаның қалтасын қампайтып жүрген қазіргі заман­ның құлдарының 71 пайызы – әйелдер. Әлемдік мамандар АҚШ, Ұлы­британия, Швеция, Белгия, Хор­ватия, Испания, Португалия сияқты мемлекеттер бұл мәселені шешу үшін тырысып жатқанын айтады. Дегенмен ашкөздер заңға қарамай, өз дегендерін істеуде. Мәліметтерге сенсек, Ресейде 794 мың адам құл ретінде тіркел­ген. Яғни бұл – 1 000 тұрғынға 5,5 адамнан келеді деген сөз.  

1 500 адам саудасы тіркелген

Қазақстанда 2004 жылдан бас­тап 1 500 адам саудасы тіркелген. Бірақ бұл сан нақты емес. Өйткені құлдықтың қамытын шешіп, қа­шып шыққандардың көбісі құқық қорғау орындарына барып ша­ғымданудан қашады. Олар құлие­ленушілер немесе соларды тегін жұмыс күшімен қамтамасыз етіп отырғандар қатарында пагон тақ­қандар бар екендігіне сенімді. Елімізде 2006 жылы Қылмыстық кодексте «Адам саудасы» деген жа­ңа бап пайда болды. Консти­ту­циямызда «Адам саудасымен ай­налысу аса ауыр қылмыс» деп жа­зылған. Заң актілеріне сәйкес қазақстандық сот адам саудасымен айналысқандарды 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Осы заң аясында бірнеше адам сотталды. Бірақ тегін жұмыс күшін пайдаланып, қаражатын көбей­те­тіндер арамызда әлі де бар. Мы­са­лы, 2017 жылы  Шығыс Қазақстан облыстық Қылмыстық істер жө­нін­дегі мамандандырылған ау­дана­ралық соты іс қарады. Сот шешімімен адамды малдан төмен көрген Ұлан ауданындағы Ұзын-Бұлақ ауылындағы жеке шаруа қожалығының иесі он жылға бас бостандығынан айырылып, темір тордың арғы жағынан бірақ шық­ты. Оқиға былай өрбіген. Қожалық иесі жолда кездескен адамды үйіне алып келген. Яғни оған «Айлық тө­леймін, баспанаң болады, тамақ­тан тарықпайсың» деген. Бірақ оны итше жұмсап, әр қателігі үшін қатаң жазалап, тепкінің астына алып отырған. Ақыр аяғы Конс­тантин Лихарев аяусыз соққының салдарынан көкірек қуысы зақым­данып, 7 қабырғасы сынған. Өске­мен қаласындағы №1 ауруханаға жеткізілген жәбірленуші  3 күн өт­кен соң дене жарақаттары асқы­нып кетіп, бас көтерместен көз жұ­мады. Бұл адамды құлдай жұм­саушылар жайындағы бір ғана мысал. Елімізде жұмысшыларды құрылыста, ауыл шаруашылығы қожалықтарында құл ретінде пай­далану мен қыздарды еркінен тыс жезөкшелікке итермелеу жайттары да көп айтылып, жазылуда. Жа­қында  Алматы қалалық полиция департаментіне 1994 жылы туған алматылық бойжеткен өзін біреу­лердің ұрлап әкетіп, жезөкшелік жолға түсірмек болғанын айтып шағымданған. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер аталған қылмысқа қатысы бар Алматы қаласының екі тұрғынын ұстады. «Күдіктілердің бірі бойжеткеннің танысы болып шықты. Ол 1996 жылы туған А. есім­ді азамат. Ол 2020 жылы 8 қаң­тар күні таңғы сағат 7-лер шама­сында алдап жалдамалы пәтерге апарған. Ол жерден жәбірленушіні күдіктінің сыбайласы 1972 жылы туған Б. атты азамат қызды Усачева көшесіндегі жеке үйге мәжбүрлеп алып кеткен. Олар сол үйде бой­жеткенді ұрып-соғып, мәжбүрлеп ұстаған», – дейді Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі берген мә­ліметінде. Сондай-ақ осы қыл­мыс­қа қатысы бар деген күдікке тағы екі бойжеткен ілікті. Иә, бұл әңгіме етпек болған адам саудасы жайлы мағлұматтардың бір парасы ғана.  

ТҮЙІН

Бүгінгі таңда да әр жер­ден «құқығымды таптады», «адал еңбекақымды бермеді», «құлдықта ұстады» дегендер азаяр емес. АҚШ мемлекеттік департаментінің әлем елдеріндегі адам саудасы ту­ралы жариялаған 2017 жылғы есебінде: «Қазақстан Үкіметі адам саудасын жоюдың ең төменгі стан­дарттарына да сай келмегенімен, соған тырысып жатыр. Үкімет адам саудасымен айналысқандарды қу­да­лап, соттауға және адам саудасы құр­бандарын қорғауға кәдімгідей күш салып жатыр», – делінген. Иә, ты­рысып жатырмыз. Нәтижесі бол­са. Ел аман, жұрт тынышта бас­қа­ның еңбегін қанау, құлдықта ұстау – қоғам дерті. Ол – қылмыс. Олай бол­са, ешбір адам өмірге «құл бо­лам» деп келмейтінін есте ұстаған абзал.

   width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ