100 талапкерге грант бөледі
100 талапкерге грант бөледі
1,042
оқылды
Қай кезде де Сыр өңірінде талапты өрендерге деген қамқорлық ортайған емес. Білім алып, білікті маман иесі атануға ынталы түлектерге, кәсіп ашып, еңбек етемін деген жастарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Биыл да түлектердің білімін шыңдап, болашақ маман иесі атануға барлық жағдай жасалып отыр. Бұл тұрғыда Қызылорда облысында әрбір үміткер өзі таңдаған оқу орнында сапалы білім алуына бар мүмкіндік қарастырылған. Осы орайда жыл сайын талапты түлектерге облыс әкімінің оқу грантының бөлінуі үкілеген үміттерімізге жарқын болашақ сыйлап келеді. Жарқын бастаманың жарасымды жалғасы ретінде биыл да Сыр жатары облыс әкімінің грантының игілігін көретін болады. Нақты айтқанда, облыстың еңбек ресурстары балансына сәйкес мамандар тапшылығын және алдағы уақытта өңірде жүзеге асырылатын бірқатар инвестициялық жобалардың іске қосылатынын ескере келе 2022 жылға облыс әкімі 100 оқу грантын бөлу көзделген.
«Гранттар білім, ауыл шаруашылығы, өндірістік және өңдеу, инженерия және инженерлік іс, ветеринария, журналистика және ақпарат, әлеуметтік ғылымдар, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына бағытталған. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік грант конкурсына талапкерлерден өтінім қабылдау 22 шілдеде аяқталды. Конкурс нәтижесі тамыз айының 10-на дейін жарияланады деп күтілуде», – деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.
Бұл орайда мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған үміткерлер қолдаудан қағажу қалмайтыны көпшілікке қуаныш сыйлап отыр. Яғни, мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған әлеуметтік ахуалы төмен, белгілі санатқа жататын отбасыларынан шыққан талапкерлер облыс әкімінің грантына үміткер бола алады. Осы мақсатта құжаттарды қабылдау аудандық және Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінде 5 тамыздан бастап жүргізілетінін мәлімдеп отыр. Қазіргі уақытта грантты тағайындау туралы шешімді аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Бүгінде 100 студенттің оқу ақысын және жүріп-тұру, тамақтану шығындарын ішінара өтеуге әлеуметтік көмек тағайындауға облыстық бюджеттен 84,8 млн теңге қаражат бөлініп, аудан, қала бюджеттеріне жеткізілген. Демек, игі бастаманың игілігін білім қуған жастар жақын күндері көретін болады. Бұл білімге құштар үкілі үміттерімізді жарқын болашаққа бастайтын үлкен мүмкіндік деп айтуға толық негіз бар. Мемлекет қамқорлығын сезінген өрендердің де ел ертеңіне деген сенімі еселене түскені анық аңғарылады.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы