Бағана басындағы "бақыт құсы"
Бағана басындағы "бақыт құсы"
1,115
оқылды
Оңтүстік өңірде ғана сирек мекен ететін құс Жамбыл жерін жерсініп, балапан басып, тамырын тереге жайғанына да біраз жылдың жүзі болған. Өкініштісі, аталған ерекше құсты қорғауға алып, санағын ешкім жүргізбейді. Жамбыл жерін мекендеген ақ дегелек құсы туралы тереңірек зерттеуімізге әлеуметтік желіде тараған бейне түрткі болды. Байзақ ауданында облыстық маңызға ие «Тараз-Ойық» тасжолының бойындағы электр бағанына ұя салып, қонақтап отырған екі дегелекті көрген көпшілік сүйсінді. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді» деп жақсылыққа болжағандар да аз болмады. Енді бір топ «бұл дегелек пе, әлде аққұтан ба?» деп талқыға салды. Осы орайда, бұл шынында қандай құс екенін білмек мақсатта Темірбек ауылдық округіне байланысқа шықтық.
– Негізі бұл құсты мен көргелі 5-6 жыл болып қалды. Алайда үлкендердің айтуынша, ақ дегелек алғаш ауылдағы ағаш басына ұя салып, мекен еткен екен. Кейіннен электр бағанының басына қонақтап, балапандарын ұшыра бастады. Бастапқыда тек екі құс ғана болатын. Қазір төрт электр бағанында ұясы бар. Яғни, жыл сайын саны көбейіп келеді. Әдетте бұл құс адамды жанына жолата бермейді. Әрі ұясы 100 метрлік биіктегі бағанда орналасқандықтан оған ешкімнің қолы да жетпейді. Деседе, ары-бері өткенде қарап қойып жүреміз, – дейді Темірбек ауылдық округінің әкімі Артур Aтебаев.
Ауыл ағайындарының айтуынша, бір жылдары бұл құсты орнитолог мамандар ауылға келіп зерттеген екен. Сондықтан бұл ақ дегелек құсы екеніне талас жоқ деуге болады. Онымызды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлiгi Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы мамандары да растады. бас
– Бұл ақ дегелек құсы. Көпшілік аққұтанмен шатастырып жатады. Алайда ол мүлде басқа құс. Түркістан облысы жағында дегелектің қоңыр түрі мекен етеді. Ал біздегі ақ дегелек. Болжам бойынша ақ дегелектің облыста 30-ға жуық басы қалды. Бұлайша болжамды сөйлеуіміздің себебі олардың есебін бүгінде ешбір мекеме жүргізбейді. Арқар, құлан сынды аңдардың есебін жүргізуге арнайы қаржы қаралатын болса, ақ дегелекке ондай қамқорлық жасалмаған. Сондықтан біз тек аңшылық құқығын жүргізуге жекеменшікке жер алған адамдардың ғана берген ақпаратына сүйенеміз. Ақ дегелек солардың қарамағындағы жерде мекен етсе, олар құсқа қарауы керек. Бірақ ақ дегелек құсының қазір нақты санын білмейміз. Алайда бұл Қызыл кітапқа енген, ерекше қорғалатын құс екені анық, – дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұлов.
Шынында Қызыл кітапқа енген, алайда ерекше қорғауды қажет ететін құсты ешкім бақылауына алып, санағын жүргізбейтіндігі түсініксіз. Ғұмырын табиғатты қорғауға арнаған, талай жыл «Андасай» қорығын басқарған Жапар Тілеужанұлы да аңқұстың есебі 2 ай сайын жүргізілуі керектігін айтады.
– Негізі Қызыл кітапқа енген аң-құстардың есебі екі ай сайын жүргізіліп тұруы керек. Сондайақ жануарлар дүниесін қорғаушылар да биотехникалық іс-шаралар аясында сирек кездесетін аң-құстардың санағын жүргізуге тиіс. Бұдан бөлек аңшылық құқығын жүргізуге жер алған адамдар да өз аумағындағы аң-құс тардың санын есептеп, оны инспекцияға өткізуге міндетті. Алайда бұл ереже бүгінде толыққанды орындалмай отыр. Ең бірінші, бағанаға ұя салған ақ дегелектің қай аумаққа жататынын анықтап, соған жауапты мекемені жауапкершілікке шақыру керек. Егер ол жер жекеменшікте болса, онда сол азаматпен байланысып, құстың нақты санын есептеп, қорғауына алуы қажеттігін түсіндіру қажет. Бұрын осындай ерекше құстар бір аймаққа ұя салып жатса, мамандарымыз бірден хабар беріп, сол құсты қолдан келгенше қорғайтынбыз. Міне, осы үрдісті жауапты мамандар жалғағаны жөн, – дейді Жапар Тілеужанұлы.
Табиғаттанушының сөзіне сүйенсек, Қызыл кітапқа енген құсты құзырлы мекеменің мамандары қорғауға міндетті екен. Ал Жамбыл жеріндегі ақ дегелекті қорғамақ түгілі мамандар нақты санын білмей отыр. Ақын Есенғали Раушановтың «Дегелек» әңгімесінде дегелек құсын өзбектер «ләйлек» деп атап, ерекше қорғауға алғандарын жазады. Сондай-ақ кейбір елдерде дегелекті «Бақыт құсы» деп те атайды екен. Енді осы басымызға қонған «Бақыт құсын» тайдырып алмасақ болғаны. Осыны құзырлы мекемелер ескеріп, дегелекке өз деңгейінде көңіл бөледі деп сенеміз.