Димашқа арналған көрме
Димашқа арналған көрме
480
оқылды
Индонезияда Димаш ­Құдайберген мен ­Қазақстан мәдениетіне арналған көрме өтті. Индонезия Республикасының Ұлттық кітапханасында 10 күн бойы қазақ мәдениеті салтанат құрып, Димаштың бұлбұл даусы естіледі. Көрме барысында елімізге тән суреттер мен кәдесыйлар ұсынылыпты. Қазақ өркениетін әйгілеген іс-шараны Қазақстанның Индонезиядағы елшілігі мен Индонезия Республикасының Нұр-Сұлтандағы елшілігінің қолдауымен Димаш Құдайберген және DIDFC индонезиялық фан-клубы ұйымдастырды. Ашылу рәсімінде Димаштың жанкүйерлері «Дайдидау» және «Любовь уставших лебедей» әндерімен таңғажайып қойылымдар қойды. Аталған әндер түпнұсқада және индонезия тілінде шырқалды. Әншінің шығармашылығымен танысқаннан кейін қазақ тілін меңгеруге ден қоя бастаған жанкүйері Тита Джаджосман Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» поэмасын оқып, қонақтарды таңғалдырды. Көрме Индонезияның астанасы Джакартада 10 күнге ұласады.