Алматыдағы әйел мен екі баланың өлімі: көршілері сол күні не болғанын айтты
Алматыдағы әйел мен екі баланың өлімі: көршілері сол күні не болғанын айтты
Halyq Uni / Esdaulet Qyzyrbekuly
35,887
оқылды
Алматыда 7 тамызда пәтерлердің бірінен әйел мен оның екі баласының мәйіті табылды. Олар Әуезов ауданы Мамыр ықшамауданындағы тұрғын үй кешенінің бірінде тұрған. Көршілерінің айтуынша, үш адамның мәйіті табылған күні таңертең пәтерге бөтен біреу келген. Содан кейін әйелдің шыңғырған даусы шығып, баланың жылағаны естілген, - деп хабарлайды Halyq Uni.
Сол пәтерге жақын тұратын көршілердің айтуынша, таңғы сегіз шамасында пәтерден әйелдің қатты айғайлаған даусы шыққан. Баласы жылаған. Сол уақытта бетперде  таққан адам кіргені айтылып жатыр. (...) Есікті ашқан кезде әйелді пышақтап кеткенін көрген. Бірінші санына пышақ сұққан дейді. Қайтыс болған әйелдің күйеуі бизнесмен екен. Жұмысындағы түсініспеушілікке байланысты да болуы мүмкін деген пікірлер бар, - дейді көршілері.
Алайда оқиғаға байланысты пікір білдірген тұрғындар атын атамауды сұрады. Олар әйел суицид жасады дегенді жоққа шығарып отыр. Себебі таңғы сегізде тұрғын үй кешені алдында балалар ойнап жүрген. Ересектер де шыңғырған дауысты естіген.
«Көп адам күйеуі өлтірді деп ойлаған. Ол уақытта күйеуі жұмыста болған екен», - дейді тұрғындар.
Ал қазір үш мәйіт табылған пәтердің есігі жабық тұр. Алматы қаласы прокуратурасының хабарлауынша, 34 жастағы әйел мен 7 және 2 жастағы баланың денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар.
"Полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, оның аясында тергеу және жедел іс-шараның барлығы жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Оқиғаға байланысты видеоматериалдар тексеріліп, куәгерлерден жауап алынып жатыр», - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Қазір істі Алматы прокуратурасы ерекше бақылауға алды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде өзге ақпарат жарияланбайды. Бұған дейін оқиға орнына Алматы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров барғаны хабарланды. Полиция майоры тергеу барысын өз қолына алған еді.