Қалыңмал қайта ма?
Қалыңмал қайта ма?
Коллаж: Әсел Балтақызы
2,089
оқылды
Жуырда елордалық екі азаматтың бұрынғы құдаларына берген қалыңмал мен заттай сыйлықтарды қайтарып алу туралы талаппен сотқа жүгінгені жұрт арасында қызу талқы туғызды. Сот қалыңмал түріндегі ақша мен басқа да заттар сыйлық ретінде берілгенін және оларды жауапкерден талап етуге негіз жоқтығын айтып, бұл талапты қанағаттандырған жоқ. Жалпы, елімізде мұндай сипаттағы істер соттың қарауына сирек түсетінін айта кету керек. Содан болар, осындай дауларды шешудің бірізді тәжірибесі әлі қалыптаспаған. Біз қалыңмалды даулаудың құқықтық бағасы қандай екенін, осыған ұқсас жағдайлар ерте кездерде қазақ қоғамында қалай шешілгенін зерттеп көрген едік.   СЫЙЛЫҚ БЕРУ – ТӘУЕКЕЛ Жоғарыдағы әңгімені естігендердің көбі әлеуметтік желіде «масқара», «ұят болған екен», «қалыңмалды да даулауға бола ма өзі?» деген секілді пікір қалдырып жатыр. Негізі, заңгер Мейірман Шәкеевтің айтуынша, Конституцияның 13-бабы 2-тармағына сәйкес, әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Яғни кез келген адам өзінің құқығы шектелді деп ойласа, сотқа жүгіне алады. Бірақ істің талапкер пайдасына шешілу-шешілмеуі – басқа әңгіме.
«Бұл жерде ешқандай құқықбұзушылық жоқ. Қалыңмал ешқандай заңмен реттелмейді. Азаматтық кодекстің 272 және 273-баптары бойынша, егер екі жақ келісімшартпен міндеттемелер алатын болса, сол іс дауда қаралып, аяғында сол міндеттерді орындауға сот шешім шығарады. Бірақ қалыңмал берген-алған екі тараптың арасында ешқандай міндеттемелер болмаған. Қалыңмал дегеніміз – сыйлық. Демек, оның «ақталып-ақталмауы» – сыйлық берген адамның өз тәуекелі», – дейді Мейірман Шәкеев.
«Сақтықта қорлық жоқ» дегенді қалыңмал мәселесінде де ұстанатындар үшін бір жол бар екен. Ол – қалыңмалды берерде келісімшарт рәсімдеу.
«Егер адамдар қалыңмалды беру-алуда қандай да бір міндеттемелер орындалғанын қаласа, онда жазбаша немесе ауызша келісімшарт рәсімдеуі керек. Бірақ олай ету – әлбетте, дәстүрімізге жат дүние», – дейді заңгер.
Ал осындай мәселелер туған жағдайда оны сотқа жеткізбей, ақ-қарасын айырып алғысы келетіндер даудың төрелігін медиаторлардан да сұрауына болады. Нұр-Сұлтан қалалық соты жанындағы Татуластыру орталығының кәсіби медиаторы Берік Көпбайұлы өз тәжірибесінде мұндай жағдайдың кездеспегенін, бірақ қалыңмалды қайтар деп даулау қисынға келмейтінін айтты.
«Мұндай оқиғалар біздің ұлттық менталитетіміздің әлсіреп кеткенін көрсетеді. Отбасы бұзылды екен деп, кезінде берген қалыңмалды қайта сұрау орынсыз. өйткені сол отбасыны құруға келіншек те тер төкті, еңбек етті, мүмкін бала дүниеге әкелген шығар», – дейді ол.
  ҚАЛЫҢМАЛ ҚЫЗДЫҢ ҚҰНЫ ЕМЕС Қалыңмал дауы бұрынғы қазақ қоғамында қалай шешілді екен деп тарихшылардан сұрадық. Этнограф Серік Ерғалидің сөзінше, ежелде қалыңмалды қайтаруға сирек жағдайларда ғана барған. Өйткені көшпелі уақытта қиылған некенің бұзылуы өте қиын болған.
«Қалыңмал қыздың құны емес. Ежелгі таным бойынша, қыз бір рудан, әулеттен кетеді. Оның орны белгілі бір нәрсемен толуы керек. Мал да жанның бір түрі. Сондықтан алушы жақ кеткен қыздың орнын малмен толтырған. Қазақ қызды алғанда мың жылға алады. «Құда мыңжылдық» дегеніміз сол. Егер күйеуі қайтыс болса, қызды әмеңгерлікпен жігіттің туыстары алады. Қыз қайтыс болса, ол әулеттен басқа қыз береді. Бұған көнбеген кезде ғана қалыңмал дауы туындаған», – дейді Серік Ерғали.
Жазушы, этнограф Болат Бопайұлы қалыңмалдың құдаласу кезінде жасалатын жай дәстүр емес, қыз бен жігітке үлкен жауапкершілік жүктейтін символдық мағынасы барын айтады.
«Қалыңмал – екі жасты ұстап тұратын алтын арқау. Құда түскен қыз қалыңмалы өтеле бастағаннан келін болуға дайындалады. Бөтен жігіттерге еріп ел қыдырмайды. Беталды жалғыз жүрмейді. Басы байлаулы, жігіті сайлаулы қалыңдық атанады. Отбасына да, жігітіне де опалы қалыңдық атанып, салтқа бағынып, әдеппен өмір сүруге дағдыланады. Қалыңмал өтеген жігіт те енді бөтен қызға көз сүзбей, тәртіппен өмір сүреді. Егер қалыңмал өтеп қойған жігіт қызға опасыздық істеп, қызды алудан бас тартса, онда қыз жаққа өтеген қалыңмалы қайтарылмайды. Қайта ауыл ақсақалдары опасыз жігітке айып қойып, сын тезіне алады. Опасыздық жасаған жігіт қыздың абыройына нұқсан келтірген болып, өтеген қалыңмалы сол айыбының орнына өтеліп кете береді. Оны жігіт жақтың әке-шешесі де сұрастырмайды. Қайта қыз жақ құдаларынан кешірім сұрап, ұлдарының айыбын бірге көтереді. Егер қалыңмалы өтелген қыз опасыздық жасаса, онда жігіт жақтың өтеген қалыңмалын қаз-қалпында қайтарып береді. Ол жігіттің абыройын төккенінің өтеуі болып саналады», – дейді Болат Бопайұлы.
ӘР ЖАҒДАЙҒА – БӨЛЕК ҮКІМ Тағы қандай жағдайда қалыңмалдың қайтарылатыны-қайтарылмайтыны жөнінде Қазақ ұлттық энциклопедиясында былай жазылыпты: егер оң жақта отырған жесірге бұрын күйеуі ұрын келген болса, онда қалыңмалдың жартысы қайтарылады, келмеген болса және қыздың әмеңгерлікпен тұрмысқа шыққысы келмесе, онда берілген қалыңмал түгел қайтарылып, үстіне айып төленеді. Сондай-ақ жігіттің атастырылған қызы қайтыс болса, әмеңгерлік жолмен балдызын әйелдікке алуына болады, бірақ одан бас тартса, онда қыздың әкесі алған қалыңмалдың үштен бірін алып қалуға құқығы бар деп саналады. Қазақ әдет-ғұрып заңдары бойынша, қыз алып қашу — ауыр қылмыстардың бірі. Егер айттырылмаған қызды алып қашып, бірақ қыздың келісімі болмаса, алып қашушы тарап қыздың әкесіне толық қалыңмал төлейді және қызды үйіне қайтарады. Айттырылған, басы бос емес қызды алып қашушы тарап қыздың ата-анасына беретін қалыңмалға қоса, бұрын айттырған жақтың қалыңмалын қайтарып, оған қоса қалыңсыз қыз беруге тиіс. Соның ішінде некесі қиылған біреудің келіншегін зорлап алып кету өте ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылып, алып қашушы тарап қалыңмалды қайтарып, қалыңсыз қызды қоса береді және үстіне үлкен айып төлейді, кейде өлім жазасына дейін кесіледі. ТҮЙІН: Келінім кетіп қалды деп, кезінде берген қалыңын даулау шынында бұл дәстүрдің мән-мағынасын толық білмеуден болатын секілді. Ал қасақана түрде қалыңмалын алған соң көп өтпей тайып тұруды «бизнеске» айналдырғандар мәселесі – бөлек әңгіме.