«Негізінен, Сыр өңірінің тарихы тереңнен бастау алады. Қаламыздың өзінде өткенімізден мағлұмат беретін құнды тарихи орындар мен жәдігерлер аз болмады. Алайда заман талабына сай құнды ескерткіштеріміздің көпшілігі бұзылып, құрдымға кетті. Мемлекет қамқорлығынан тыс қалғандықтан, көптеген тарихи орыннан қол үзіп қалдық», – дейді тарихшы Бақытжан Ахметбек.Тарихшының айтуынша, қала аумағында жойылып кеткен тарихи орындар қатары жыл санап артып барады. Соның ішінде 3-4 жыл шамасында орталық алаңдағы Н.Бекежанов атындағы драма театрының артында ескі дәуірден көрініс беретін үлкен су мұнарасы болатын. Шаһардағы ең ескі тарихи нысан ретінде сақталған бұл орын да күтпеген жерден бұзылып, орнына басқа нысаны салыныпты.
«Қызылорда қаласының тарихынан сыр шертетін мұндай орындардың қатары жыл санап сиреп барады. Ал мұнараға келер болсақ, қалада мұндай екі мұнара болатын. Оның бірі – қалалық саябақ аумағында болса, екіншісі осы драма театрының артында тұратын. Көпжылдық тарихы бар бұл су мұнарасының аяқ астынан не үшін бұзылғаны беймәлім. Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде бір жиында облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы мен мәдениет басқармасына осы мәселе бойынша сауал да тастадым. Бірақ тұщымды жауап болмады», – дейді Б.Ахметбек.Негізінен, Қызылордада 1908 жылдары Қармақшы өңірінің тумасы, атақты Мақан Жиенбайұлы деген бай тұрған. Ол сол кездері Николай кірпішімен қаламызға көптеген зәулім үйлер салдырған. Соның ішінде мемлекет қайраткерлерінің, больщевиктердің тұрған үйлері осы Мақан байдың ықпалымен салынған екен. Сол сияқты бүгінгі Әйтеке би көшесіндегі жүйке аурулары ауруханасы орналасқан аумақта, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжіне қарсы бетте, сол жағалаудағы жақында салынған мұражайдың орнында, сондай-ақ «Шаңырақ» қонақүйінің бойында көптеген тарихи ғимарат осы Мақан Жиенбайұлы салдырған ғимараттары болатын. Бүгінде бұл тарихи мұралардың бірі де жоқ. Мемлекет тарапынан қорғалмай, бұзылып кеткен. Бұрынғы «Ақмешіт бекінісі» кезінен қалған көне ғимараттар да саусақпен санарлық. Тарихшы осылай деп мәлімдеп отыр. Бүгінде өңірде көне қорымдар, тұлғалардың бейіттері, мавзолейлер, шайқас орындары сақталып тұр. Ондай құнды тарихи орындар да мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынуы тиіс екенін алға тартады. Шындығында, қаламызда жаңа ғимараттар салу үшін көптеген ескі тарихи ғимаратты құрдымға жіберу көрініс тауып тұр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, құнды мұраларымыздан мүлде қол үзіп қалуымыз мүмкін. Сондықтан тарихи орындарды қамқорлыққа алып, барымызды бағалайтын кез келген сияқты.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы