Түпқарағанда визит-орталық ашылды
Түпқарағанда визит-орталық ашылды
501
оқылды
Маңыстау облысыны әкімі Нұрлан Ноғаев Түпқараған ауданына барып жаңадан ашылған «Сартас» визит-орталығының жұмысымен танысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы алдымен аудан аумағында орналасқан «Кенті баба» қорымы, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі» жер асты мешіттеріне зиярат етті. Одан соң Маңғыстауда туризмді дамыту мақсатында бой көтерген «Сартас» визит-орталығына барып жұмысымен танысты. «Сартас» визит-орталығы Каспий теңізінің Түпқараған ауданына тиесілі жағалауында, Таушық ауылынан 32 шақырым қашықтықта орналасқан. Нұрлан Ноғаев өз кезегінде орталықтың ашылуымен құттықтап, ауданда туризмнің дамуына сәттілік тіледі.
– Туризмнің өңір экономикасын дамытуда маңызы зор. Біз осы бағытта жұмыс істейтін жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазіргі уақытта шетелдік туристер Маңғыстаудың киелі және табиғи көрікті жерлеріне қызығушылық танытып жатыр. Түпқараған ауданында көптеген тарихи орын бар. «Сартас» визит-орталығының осы ауданға келетін туристердің аялдайтын және демалатын орны ретінде болашағы зор, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстау жерінде танымал «Жығылған», «Саура», «Тамшалы» т.б. табиғаты ерекше жерлерге бет алған туристер «Сартас» визит-орталығына аялдап, тынығуға мүмкіндігі бар. Жаңа нысан күніне 100 адамды қабылдай алады.
– Бұл – Маңғыстау жерінде ашылған алғашқы сапар-орталық. Осындай сапар орталығы арқылы жергілікті туризм де қарқынды дамиды. Биыл «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» еліміз бойынша туризмді дамыту үшін 20 жобаны жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі «Сартас» визит-орталығында ұйымдастырылады. Біздің мақсатымыз – орталыққа көптеген турист тарту, – деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасы Талғат Аманбаев.
Айта кету керек, визит-орталықты жергілікті кәсіпкер Ербол Байжігітов өз қаражатына салған. Жоба құны 248 миллион теңгеге бағаланған.
– Бүгінгі таңда Маңғыстаудың табиғатын тамашалауға келетін туристердің саны күн санап артып келеді. Осы көрсеткіш визит-орталық салуға себеп болды. Түпқараған ауданында табиғаты ерекше, көпшілікке танымал тарихи жерлер бар. Осы жерлерге келушілердің саны да жыл сайын артуда. Сондықтан визит-орталық аталған жерлерге сапарлап шыққан туристердің тұрақтап, демалатын орнына айналады. Жобаның ерекшелігі, ауданның табиғаты ерекше тарихи және мәдени жерлерінің орталығында орналасқан, – деді «Сартас» визит-орталығының негізін қалаушы Ербол Байжігітов.

Асыл ТҰМАР