Қызылорда облысы Қармақшы ауданында теміржол өткелі болат жолдың екі жағында қоныстанған халқтың ары-бері қатынауына үлкен қиындық туғызып тұр.
Аудан орталығы Жосалы кентінде 20 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғылықты халық кентті екіге өліп тұрған теміржолдың екі бетіне жағалай қоныстанған.
Кенттің нақ орталық көшелерін қиып өтетін осы теміржолға арнайы өткел де бекітілген. Бұл болат жолдың бойымен күн сайын кестеге сәйкес жолаушылар және жүк пойыздары көптеп өтіп жатады. Соның салдарынан өткел күніне 25 мәрте жабылып, көлік кептелісінің туындауына себепші болады. Өз кезегінде бұл жағдай жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің шамына тиіп отыр.
Негізінен бұл өткел теміржол бойына 1905 жылы орнатылған. Содан бері халық игілігіне пайдаланылып келеді. Десек те, бұл ескі өткел бүгінгідей көліктің қалың нөпіріне қызмет көрсетуге сай келмейді. Соған орай жаңа өткел салу ісі өздігінен сұранып тұрғаны жасырын емес.
Бүгінде кенттің бір жақ бөлігінде 12 мың, ал келесі бір жағында 8 мыңдай халық тұрады. Олар күн сайын жұмыс бабымен дәл осы өткел арқылы ары-бері қатынайды. Сондай-ақ кенттегі 3 мыңға жуық автокөлік пен кентішілік автобус та дәл осы өткелден ерсілі-қарсылы ағылып жатады. Көлік санының жылма-жыл көбейе түсуі жағдайды тіпті қиындатып барады. Бұл мәселемен құзырлы орындар да хабардар. Әйтсе де түйткілдің түйінін тарқату мүмкін болмай тұрған секілді.
Қармақшы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәлімдеуінше, Жосалы кентінен қиып өтетін бұрынғы Самара–Шымкент тасжолы бойында тағы бір теміржол көпірі орналасқан. 2018 жылы бұл жол республикалық меншіктен кенттің коммуналдық меншігіне өтіп, Жосалы кентінің автомобиль жолы ретінде есепке алынған. Бүгінде аталмыш көпір арқылы кенттің арғы беті мен бергі бетіне байланыс орнатылған. Алайда, тұрғындар қашықтағы бұл көпірге барудың орнына орталықтағы ескі өткелден өтеді.
Соған орай, кенттегі теміржол үстінен өтетін осы көпірдің болуына байланысты екінші көпір салу техникалық-экономикалық жағынан тиімсіз екендігін мәлімдеп отыр.
Дейтұрғанмен, аудан тұрғындарының сұранысына сай, жаңа өткел салу ісі назарға алынып отырса керек. Бұл тұрғыда Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде теміржол арқылы тірек қабырғалары бар жол өтпесінің құрылысы жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірлеп, мемлекеттік сарап тамадан өткізу жобасы қолға алыныпты. «Қазақстан темір жолы» Қызылорда облыстық филиалы өкілдерінің қатысуымен Жосалы–Анакөл теміржолының бойына көпір салынатын орын белгіленіп, тиісті мекемелермен техникалық шарт әзірленген.
Алайда аталған жоба ілгері баспай тұр.
Құзырлы орынның берген мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыруға жоба-сметалық құжаттама әзірлеу және оны мемлекеттік сараптамадан өткізуге қажетті 52 миллион теңгені бөлу үшін бюджетке ұсыныс та жолданған. Соған орай алдын ала есеп бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 3,5 миллиард теңгеге бағаланған. Дегенмен қазір бұл жобаның нақты қай кезде жүзеге асырылатынын дөп басып айту қиын болып тұр.
Қалай дегенде де теміржол өткеліндегі иін тірескен көліктің қалың нөпірі бүгін-ертең азаймайтын сыңайлы. Оның үстіне, ескі өткелдің адам өміріне қауіп төндіріп тұрғаны бар. Ал сәт сайынғы кептелістен көз ашпай, сабыры таусылған жергілікті жұртшылық теміржол өткеліндегі жүйесіздіктің жеделдете шешілуін қалайды.