«2006 жыл еді. Өнер колледжін тәмамдаған соң, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта жұмыс істеуге шақырту алдым. Шыны керек, ондағы балаларға биді қалай үйретемін деп бастапқыда басым қатты, қорықтым да. Маған дейін бірнеше педагог келіп, бірақ көп шыдамай, шғып кеткен екен. Тәуекелге бел будым. Биге икемі бар 5-6 сынып оқушыларын іріктеп алдым. Ол кезде қазіргідей планшет, смартфондар жоқ. Сабаққа блокнот пен қаламымды құшақтап келемін. Балалармен өзара жазу арқылы түсінісетінбіз. Уақыт өте келе ым тілін де үйрендім, ал мен оларға тән тілін үйреттім, – деп еске алды Ольга Ростовщикова ансамбльдің алғашқы жылдары туралы.Олар музыкалық орталықпен жаттыққан. Балалар музыканы сезу үшін алақанын әлгі құрылғының колонкасына қойып, әуеннің дірілін ести отырып, ырғақты сезінген.
«Ең қиыны алғашқы жыл болды. Оларға қалай түсіндірерімді білмегенде шарасыздықтан жылап та алатынмын, кейде эмоциямен айғайға басатынмын. Ондайда балаларым менің күйімді түсіне қойып, қағазға: «Неге ашу ланасыз? Неге айғайлайсыз? Біз бәрібір естімейміз, бірақ барынша тырысамыз және сізді қуантқымыз келеді» деп жазып, маған көрсететін. Бұдан соң ашуым да әп-сәтте басылады», – деп жымияды хореограф.Уақыт өте келе ол өзінің әдістемесін құрастырып шығарған. Жаңа биді үйренерде музыканы бар даусымен қойып, соның едендегі дірілін жалаңаяқ бишілер табаны арқылы, колонкаға қолдарын қойып, алақаны арқылы сезген. Ал хореограф оларға саусақпен ырғақты түсіндіреді: егер тез санаса – жылдам орындалатын би, ақырын санаса – баяу орындалатын би деген сөз. Биге кіріспес бұрын ансамбль ұжымы станокта тұрып, ширату жаттығуларын жасайды. Бұлшықеттері қызған соң ғана би қимылдарын үйренуге кіріседі. Әрбірінің бірдей қимылдауы, омыртқасын тік ұстауы, кеудені қалай, бөксені қалай бұру керектігі сияқты детальдарға дейін ескерусіз қалмайды.
«Өзім спорт-бал билері педагогы болғандықтан, әуелі еуропалық бағдарламаны меңгердік. Оған Вена вальсі, танго, квикстеп, баяу би, баяу фокстрот кіреді. Сондай-ақ репертуарымызда латынамерикалық бағдарлама (самба, ча-ча-ча, румба, пасодобль, джайв) және заманауи хореография билері бар», – дейді Ольга.Би ансамблі 2011 жылдан бастап байқауларда өнер көрсетіп келеді. Бүгінге дейін олар АҚШ-тан бөлек Ресей, Болгария, Италия, Испания, БАӘ секілді елдердегі жарыстардан олжалы оралған. Кейде ансамбльдің ерекше балалардан құрылғанын Ольга мүлдем ескертпейді екен, ондайда қазылар алқасы: «Шынымен естімей ме? Музыканы естімесе де, осылай билей ала ма?» десіп, таңғалып жатады екен. Жуырда АҚШ-та өткен чемпионатта олардың есту қабілетінен айырылғанына көз жеткізу үшін байқау ұйымдастырушылары би кезінде музыканы өшіріп те тастаған. Біздің қызжігіттер саспай, әрі қарай билей беріпті. Олар сайыста қазақ биін орындаған.
«Ұжымға сүйсінетіндер көп. Кейбіреулер толқығанын жасыра алмай, көздеріне жас алып жатады. Ал менің балаларым ондай кезде аңтарылып: «Олар неге жылап жатыр?» деп сұрайды. Меніңше, оларды аяу дұрыс емес. Олар да бізбен тең дәрежедегі адамдар», – дейді хореограф.Бүгінде Sensitive ұжымының құрамында 32 биші бар. Олардың 9-ы Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрында қызмет етеді. Алдағы уақытта оларды актерлармен бірлесе жұмыс істеу бойынша шеберлік сыныптарын көрсету үшін Ресейдің Нижний Новгород қаласына шақырып жатыр екен. Одан басқа, Мәскеуде өтетін Inclusive Dance байқауына, келесі жылы көктемде – Біріккен Араб Әмірліктеріне, жазда Италия мен Испаниядағы сайыстарға аттанады. Жуық арада би ұжымы «Туған жер» халық биі ансамблімен бірлесіп мюзикл қоюды жоспарлап жүр.
«Халықаралық жарыстарға барарда демеушілердің көмегі зор. Мысалы, осы жолы АҚШ-қа сапарымызда «Біз біргеміз!» қайырымдылық қоры мен оның төрайымы Перизат Қайрат үлкен қамқорлық танытты. Сондай-ақ облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған облыс басшылығы, Ұлттық Дельфий комитеті, өзге де отандық меценаттарға айтар алғысымыз шексіз», – деді Ольга ағынан жарылып.Ансамбль құрамындағы бишілер өнерден бөлек бірі – модельдікпен, бірі – бағдарламалаумен, енді бірі фотосурет түсірумен айналысады. Барлығының көздері жанып тұр. Шынында, бағана Ольга айтқандай, оларға мүсіркей қарап, аяушылық танытудың еш реті жоқ. Керісінше, олардан өзімізге шабыт алу керек сияқты.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ