Қазақстандық Александра Садуақасова сұрмергендер жарысында әлем чемпионы атанды. Жасөспірімдер арасындағы байрақты бәсеке Францияда өтіп жатыр. Қазақстандық спортшы 10 метрлік қашықтықтағы жылжымалы нысананы мылтықпен көздеу жарысына қатысқан. Ол іріктеу сындарынан-ақ барлық мүмкіндігін мүлт жібермей, өте жоғары көрсеткіштер тіркеді. Тіпті әлем рекордын жаңартты. «Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығының шәкірті жартылай финалда украиналық, ал финалда финляндиялық спортшылардан басым түсті. Қос кездесу де 6:2 есебімен аяқталды. Осының арқасында ұлттық құрама қоржынына алғашқы алтын түсіп, Қазақстан жалпыкомандалық есепте 4-орынға жоғарылады. Топ басында 3 алтыны бар Украина болса, Швеция мен Финляндия спортшылары үздік үштікті түйіндеп тұр. Олардың еншісінде сәйкесінше, 2 және 1 алтыннан бар.