Кезінде футболдан Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған семейлік «Елім-ай» футбол клубы қайта құрылатын болды. Бұл туралы клубтың қоғамдық қорының тұсаукесер рәсімінде айтылды.
Қорға кез келген адам мүше болып тіркеліп, қолдау көрсете алады. «Open air» форматында ұйымдастырылған шарада команданың эмблемасы мен формасы таныстырылды. Клуб құрамы әзірге белгісіз. «Елімай» футбол клубы құрылтайшыларының айтуынша, бас бапкер, жаттықтырушылар мен ойыншылар клубтың штаты құрылған соң белгілі болады. Ең әуелі команда Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіби футбол лигасында тіркелуі тиіс.
– Футбол клубы жарысқа тек келесі жылы қатысуы мүмкін. Чемпионат сәуірде басталады. Сондықтан жыл соңына дейін клубтың штатын құруымыз керек. Содан кейін бас бапкерге үміткерлерді анықтау қажет. Ең бастысы, ойыншыларды іріктеу. Бұл ретте жергілікті футболшыларға басымдық беріледі. Легионерлер де шақыртылуы мүмкін, – деді «Елімай» футбол клубының құрылтайшысы Самат Смақов.