Маман қыстың соңғы айына болжам жасап, қай күндер сәтті болатынын және қай уақытқа жоспар құрмаған жөн екенін айтып берді
Маман қыстың соңғы айына болжам жасап, қай күндер сәтті болатынын және қай уақытқа жоспар құрмаған жөн екенін айтып берді
© Сурет ғаламтордан
469
оқылды
Қазақстандық астролог Ирина Абдраимова ақпан айына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Заңдарға өзгерістер енгізілуі мүмкін Астрологтың айтуынша, жылдың басынан бері толастамай келе жатқан оқиғалар осы айда азаяды. Бірақ, бұл проблеманың толығымен шешілгенін білдірмейді. "Ақпан өзге айларға қарағанда анағұрлым тыныш болады. Десе де саясаткерлердің тарапынан шешуді талап ететін түйткілдер де аз емес. 17 мен 24 ақпан аралығында саясаткерлер әлеуметтік әділдік жайлы жиі айтады. Заңнамалық актілерге халыққа жеңілдіктер жасауды көздейтін түзетулер енгізілуі мүмкін", - деді Абдраимова. Маманның сөзінше, осы айдың басынан адамның ішкі түйсігі жақсы жұмыс істей бастайды. Адамдар жаңашылдыққа, өзгеше, прогрессивті ойлауға ұмтылады, барлық күш-жігерін әділетсіздікпен күреске бағыттайды. "Бірінші ақпанда күтпеген қонақтар келіп, жақсы хабар алуыңыз мүмкін. Көңіл-күйіңіз құбылмалы, ашуланшақ боласыз. Екінші ақпанға қарай шығармашылық әлеуетіңіз артады. 2-6 ақпан аралығында басталған қарым-қатынас ұзаққа созылуы мүмкін. Сонымен қатар, осы кезеңде үйге қосымша кіріс кіріп, пайда табасыз", - деді астролог. Сақтықта қорлық жоқ Абдраимова 17 ақпан мен 10 наурыз аралығында жаңа келісімге қол қоймауға, көлік сатып алмауға кеңес берді. Бұл кезеңде қызметке орналасқандар басшылығымен жұмыс күнінің режимі мен жалақысын нақтылап алғаны абзал. Өйткені кейін жұмыс беруші шарттарды өзгертіп жіберуі ықтимал. Сонымен қатар, бұл күндері ескі достарыңыз бен таныстарыңызды кездестіресіз. "8-12 ақпан аралығында ақшаны босқа шашпау керек. Бұл кезеңде нәзік жандар ойланбай әрекет етіп, артынан өкініп қалуы мүмкін", - деді ол. Маманның айтуынша, егер 17 ақпанға дейін адамдар әділдік іздеуге ұмтылса, 17 ақпаннан кейін бар күш-қуатын нақты мақсаттарға қол жеткізуге жұмсайды. 22 мен 29 ақпан аралығында ішкі түйсікке сенген жөн, сол кезде мазалаған сұрақтарға жауап табасыз. "22, 26, 29 ақпан күндері болатын оқиғалар мен кездейсоқ жағдайларға мұқият болыңыз. Олар сізге белгі беруі мүмкін. Мәселен, автобуста кетіп бара жатып, жол апатын көрсеңіз, жүргіншілер жолын кесіп өтерде немесе көлікке мінгенде абай болыңыз. Көшеде қайыр сұраса, онда жақындарыңызға көмек қажет деген сөз", - деді астролог. Ақпан айы кімдерге оңайға соқпайды Маманның болжамына сүйенсек, кейбіреулер үшін қыстың соңғы айы сынаққа толы болмақ. "Айдың 13-і мен 16-ы аралығында дүниеге келген Тауешкі, Шаян, Тоқты және Таразы белгілері үшін ақпан айы оңайға соқпайды. Проблеманы агрессивті әдіспен шешу оң нәтиже әкелмейді. Керісінше, негативті сол күйінде қабылдап, сабақ алсаңыз, қиындықтарды оңай еңсересіз. Осы кезеңде туған Балық, Торпақ, Бикеш және Сарышаяндардың күші тасады, еңбектері бағаланып, мол пайдаға кенелуі ғажап емес. Өмірінде жағымды өзгерістер болады: қызметі жоғарылайды, отбасылары жаңа адаммен толығады, қосымша табыс табады, тіпті шаңырақ көтеруі де мүмкін", - деді Абдраимова. Ал айдың 15-19 аралығында туған Тауешкі, Шаян, Тоқты және Таразылар физикалық және психологиялық түрде шаршайды. Ештеңеге зауқы соқпайды, қиындықтар пайда болады, бұл айда олардың шыдамдылығы мен төзімділігі сыналады. Физикалық белсенділіктің төмендеуі денсаулық пен кәсіби қызметке кері әсерін тигізуі мүмкін. Маман айдың осы кезеңінде өмірге келген Балық, Торпақ, Бикеш және Сарышаяндарға да ұстамды әрі шыдамды болуға кеңес берді. Айдың 3-10 аралығында туған Шаян, Тоқты және Таразылар әлін білмей әлек болады десе де артық емес. Сол себепті бұл айда ешкімге уәде бермеген абзал, кейін орындай алмай қалуыңыз мүмкін. Тәкаппарлық пен немқұрайлылық дау-жанжалға себеп болады. "Бұл ай сіздер үшін жаңа іс бастауға, ақша салуға, қаржылық істерге қолайсыз уақыт. Сот және құқық қорғау органдарымен проблемалар туындауы мүмкін", - деп ескертті маман. Айдың осы күндері туған Тауешкі, Балық, Торпақ, Бикеш және Сарышаяндың өзіне сенімділігі артып, қосымша күш-қуат алады. Оларға осы айда сәттілік серік болады. Ұтысқа ие болып, мансабы өсуі мүмкін, жақсы жаңалықтар мен кездесулер, шетелге сапар күтіп тұр. Кейбірі өзіне ұнайтын курстарға жазылады. Астролог 7-9 аралығында туған Балық, Егіздер, Мерген мен Бикештерге алдап-арбаудан, құйтырқы әрекеттерден аулақ болуға кеңес берді. "Жолда, дүкенге барған кезде, көлікте сақ болыңыз. Жол апатына түсіп немесе әмияныңызды, құжаттарыңызды жоғалтып алуыңыз ықтимал", - деп сақтандырды ол. Ал осы аралықта дүниеге келген Торпақ, Тауешкі, Сарышаян мен Шаяндарды шығармашылық шабыт, романтикалық кездесулер, махаббат, теңізге саяхат күтіп тұр. Айдың 22-25 аралығында туған Торпақ, Арыстан, Сарышаян мен Суқұйғыштардың өмірінде өзгерістер болады. Қоныс аударады, ажырасады, қызметін ауыстырады, жақындарымен байланысын үзеді. Десе де, қандай шешім болмасын, "жеті рет өлшеп, бір рет кескен" абзал. Әйтпесе кейін өкініп қалуыңыз ғажап емес, бірақ бәрі кеш болады. Ал Тауешкі, Бикеш, Шаян мен Балықтарды күтпеген қуанышты жайттар күтіп тұр. Ұтысқа болуыңыз мүмкін, кейбірі бір көргеннен ғашық болады. Жаңа адамдармен танысады, мол мұраға кенеледі, қызметі өседі.