Әлемдегі шиеленіскен геосаяси ахуалға қарамастан еліміздің сыртқы сауда айналымында оң динамика сақталып отыр. Алғашқы жарты жылдағы көрсеткіштер соның дәлелі. Мәселен, қаңтар-мамыр айларындағы экспорт көлемі 51,3 млрд АҚШ долларын құраған. Яки, былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемі 59 пайызға өсіп, 34,2 млрд-ты құраған. Былтыр бұл сома 21,5 млрд АҚШ доллары болған еді. Ал импортқа келер болсақ, (2021 жыл – 15 млрд АҚШ доллары) қаңтар-мамыр айларында ол да 14 пайызға өсіп, 17 млрд-қа жетті.ЕСКІ СҮРЛЕУДЕ ОҢ ДИНАМИКА БАСЫМ
Елімізде қалыптасқан нарық – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы сауда-саттық екені белгілі. Бұл тұрғыда оң динамика үзілмей, жалғасып келеді. Мәселен, сөз болып отырған 5 айда ЕАЭО-дағы тауар айналымы 10 млрд АҚШ доллары болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 5 пайызға жоғары деген сөз. Оның ішінде шикізат емес тауарларға 8 млрд жұмсалған, яки 2021 жылдың 5 айымен салыстырғанда 6,2 пайыз өсім бар.
«Биылғы ақпан айында күрделенген геосаяси ахуалға және санкциялық текетірестің күшеюіне байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ЕАЭО елдерінің өкілдерінен тұратын одақтас мемлекеттер экономикасының төзімділігін арттыру бойынша жұмыс тобы құрылды. Бұл топ 17 наурыз күні 33 шарадан тұратын тізім жасап бекітті. Олардың ішінде кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу, техникалық реттеу, интеллектуалды меншікке қатысты және тағы да басқа шаралар бар. Мәселен, ішкі нарықты қажетті азық-түлікпен толық тырып, бағаның өсуін болдырмау мақсатында сындарлы импортқа жататын 1 320 тауарға қатысты кедендік алымдар нөлге теңестірілді. Жеке тұлғалардың ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелген жеке пайдалануға арналған тауарларының құндық нормалары көбейтілді. Бүгінде шаралар жиынтығы қарқынды түрде жүзеге асырылуда», – дейді Сауда және интеграция министрлігінің өкілі Әлішер Өмірзақ.
Одан өзге үшінші елдерден келетін импорттық тауарларға да кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Осы жұмыстардың ішінде біздің елдің тарапынан ЕАЭО елдері нарығында қазақстандық тауарлардың алдынан шығатын кедергілерді жою шаралары да қарастырылуда. Айталық, серіктес елдердегі осындай 6 кедергінің алынып тасталуының өзі 1 млрд долларға бағаланып отыр. Оның алғашқысы Беларусь Республикасына қатысты. Бұл ел дүкендердегі тауарлардың 70 пайызы жергілікті өнім болуын талап етеді екен. Тағы бір шектеу – осы ел мүше мемлекеттерде тіркелген заңды тұлғалардың өкілдіктерін өздерінде ашуға тыйым салып қойған. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының отандық тауарларын бір көзден ғана сатып алатындығы осындай кедергіге жатады. Оның үстіне, олар жергілікті еңбек күшін пайдаланғаны үшін жергілікті жеткізіп берушілерге мемлекеттік сатып алу кезінде жеңілдік беріп отыр. Мұндай ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарына дискриминациялық талаптар автосақтандыруға қатысты Ресей Федерациясында да бар. Қазір бұл мәселелер бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияда мәселелер талқыланып жатыр. Қазақстан осы бөгеттер мен кедергілерді тану бойынша 12 рет хат жолдаған болатын. Бұл бағытта одан да басқа атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.
«Соңғы уақыттары қазақстандық өнім мен қызметке деген сұраныс артып келеді. 2016 жылдан бері KazakhExport желісі аясында қазақстанның шикізат емес экспортын қаржылай және сақтандыру бойынша қолдау көлемі 1,39 миллиард АҚШ долларынан асып отыр. Бұл ретте қолдаудың 30 пайызы Ресей Федерациясына экспортқа тиесілі екендігін атай кеткен жөн. Көрсетілген кезеңде барлығы 182 экспортқа бағдарланған қазақстандық кәсіпорын қолдауға ие болды. Аймақтағы қазіргі жағдай Ресей нарығында қолданылатын ең танымал қолдау құралдарына назар аудартып отыр. Біз осындай мәмілелер бойынша қолдау құралдарының барлық тізбесін қолдануға дайынбыз. Бүгінгі таңда аванстық төлемді сақтандыру, төлемді кейінге қалдыруды сақтандыру сияқты құралдар, оның ішінде Ресейдегі қазақстандық экспорттаушының сауда үйі үшін тауарларды РФ-да соңғы сатып алушыға сату кезінде танымалдылыққа ие болуда», – дейді «KazakhExport «ЭСК» АҚ Басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин.
ЖАҢА НАРЫҚ – МҮМКІНДІКТЕР АУМАҒЫ
Сауда және интеграция министрлігі бұған дейінгі қалыптасқан сауда аумағынан бөлек, отандық тауарларды жаңа нарыққа шығаруды жеңілдету бойынша да жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, биыл 14 наурызда Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран Ислам Республикасы арасында 2025 жылға дейін еркін сауда аймағын құру жөніндегі «Уақытша келісімнің уақытын созу» туралы Хаттамаға қол қойылды. Мәселен, биылғы алғашқы бес айда Қазақстан мен Иран елі арасындағы тауар айналымы 275,4 млн АҚШ долларын құраған екен. Бұл ұқсас кезеңмен салыстырғанда 26,9 пайызға жоғары. Дәл осындай уағдаластық Мысыр, Индонезия, Түркия, Сингапур және т.б. елдермен де жүруде.
«2022 жылдың 12-16 маусымы күндері Женева қаласында Қазақстанның төрағалық етуімен Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші Министрлік конференциясы (МК-12) өткен болатын. Оның қорытындысында халықаралық сауда тұрғысынан алғанда аса маңызды деп саналатын 10 құжат қабылданды. Біздің бұл жиында төрағалық етуіміз Қазақстанның жаһандық сауда желісіне өте терең интеграциялана түскендігін және әлемдік сауда-саттыққа қатысты маңызды мәселелерді шешуге араласа алатындығын көрсетті», – дейді Әлішер Өмірзақ.
Сонымен қатар Қазақстанның шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық тұрғыдағы мүддесін ілгерілету мақсатында министрлік сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша жұмыс топтарын құрып, Үкіметаралық комиссиялар өткізіп тұрады. Мәселен, осы уақытқа дейін Башқұртстан, Қырғызстан, Иран, Ресей, Еуропалық одақ, Үндістан, Беларусь және АҚШ мемлекеттерімен бірге барлығы 41 шара жүзеге асырылды. Сондай-ақ биыл Өзбекстан Премьер-министрінің ақпан айындағы және Иранның Мемлекет басшысының маусым айындағы ресми сапарлары шеңберінде 880 млн АҚШ долларына жуық сомаға 22 коммерциялық келісім шартқа қол қойылды.